Шараның мақсаты – бүгінде ұмыт болып, көптің көңілінен шыққан ұлттық құндылықтарды насихаттау. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған халық қазыналарының үлгісін көпке көрсету үшін аталған шараға Түркістан облысы Сарыағаш қаласының «Домалақ ана» әжелер тобы арнайы келіп қатысты. Шара барысында рухани мұраларымызды зерттеу, сақтау мен жаңғырту бойынша көрме, шеберлік сабақтары, «Ұмыт қалған әндер» концерттік бағдарламасы, «Дәстүріңді сақтай біл» сахналық қойылымы ұйымдастырылды.
Бүгінде күні ел арасында ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр, ырым-тыйым қағидалары мен қолөнер жұмыстарын таныстырған елорда қонақтары да барынша ашылып, көрермендермен сырласа кетті. Сарыағаш қаласындағы өлкелік мұражайдың меңгерушісі Гүлжаһан Шегебаева: «Біз өз өңіріміздегі қолөнер ісінің шеберлерін арнайы алып келдік. Сонымен қатар ауылда сақталып қалған салт-дәстүрлер біздің қазақы болмысымыздың өзегі. Біз одан айырылмауымыз керек. Қазақ қашанда салтымен, дәстүрімен қазақ болып қалады. Сол себепті игі тарихымызды насихаттау үшін Ұлттық музейдің шақыртуын қабыл алып келдік. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Осында келген әжелер ансамблі қазақтың ұмыт бола бастаған халық әндерін де орындайды. Өткенін ұлықтаған ұлт ұтылмайды», деп ақжарма сөзін айтты.
«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бұл игі бастамасы әлі де жалғасын таппақ. Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында елімізің әр тарапынан қазына кеуде үлкендерімізді шақырып, осындай кездесулер мен кештер жалғасын табады деп сенеміз.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»