Теннис • 16 Тамыз, 2018

Үстел теннисшілерінің әлемдік рейтингі жаңартылды

211 реткөрсетілді

Үстел теннисшілерінің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. «ТОП-50» ойыншының қатарында Қазақстанның жалғыз ғана өкілі бар. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасына қатысушы және бірқатар халықаралық турнирлерде жүлде алып жүрген 21 жастағы Кирилл Герасименко үздіктер тізімінде 40 орынды иеленуде. 

Әлемнің ең үздік ойыншылары көшін Қытайдың қос саңлағы – Фан Чженьдун мен Сюй Син бастап тұр. Бүгінгі таңда бұл спортшылардың даңқы дүркіреп тұр. Атап айтсақ, 21 жастағы Фан Чженьдун – әлемнің төрт дүркін чемпионы және сол жарыстың үш мәрте жүлдегері. Әлем кубогын үш мәрте олжалап, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында бір алтын мен қос күміс медальді иемденді. 28 жастағы Сюй Син болса, Рио Олимпиадасының командалық сайысының жеңімпазы, әлем чемпионатында тоғыз рет топ жарып, үш рет жүлгерлер қатарына қосылды. Әлем кубогында жеті мәрте теңдессіз деп танылып, Азия ойындарында бас жүлденің екеуін өз қанжығасына байлады.

Үшінші орынға табан тіреген германиялық Тимо Болльда өте мықты ойыншы ретінде өзін әлдеқашан мойындатқан. 37 жастағы ардагер теннисшісі соңғы үш Олимпия ойындарының командалық сайысында жүлде алды. Соңғы 16 жылда ұйымдастырылған әлем чемпионаттарына үздіксіз қатысып жүрген ол айтулы жарысты алты күміс және екі қоламен қорытындылады. Әлем кубогында екі рет алтын тұғырға көтеріліп, Еуропа біріншілігінде 17 мәрте дара шықты.

Сонымен қатар, үздік он ойыншының санатына қытайлық Линь Гаоюань, германиялық Дмитрий Овчаров, жапониялық Томакадзу Харимото, қытайлық Ма Лун, кореялық Ли Сан Су, бразиялиялық Хьюго Кальдерано және гонконгтық Вон Чун Тин сынды саңлақтар еніп отыр. Есімдері аталған осы жігіттердің барлығы да аса ірі халықаралық додаларда жүлде алып жүрген сақа спортшылар.  

Жалпы ерлердің ең озық 50 тениисшісі қатарында Жапонияның – 9, Германияның – 7, Қытайдың – 6, Оңтүстік Кореяның – 5, Тайпейдің – 4, Франция, Португалия, Швеция, Үндістанның – 2, Гонконг, Нигерия, Дания, Египет, Украина, Қазақстан, Хорватия, Испания, Англия, Бразилия және Австрияның –1 өкілі бар.   

Әйелдер рейтингінде де Қытай өзгелерден қара үзіп тұр. Аспанасты елінің үш аруы әлемдік рейтингте ағарып алда келеді. Олар – Жу Юлин, Лю Шивэнь және Чен Мен. Қытайдыңс тағы үш қызы – Ван Ман Ю (5 орын), Дин Нин (7 орын) және Чэн Син Тун (10 орын) үздік ондықтың санатына еркін еніп отыр. Сондай-ақ, бұл тізімде жапониялық Касуми Ишикава (4 орын), Мима Ито (6 орын), Миу Хирано (9 орын) және тайпейлік Чэн И-Чин (8 орын) сынды сұлулар бар.

Әйелдер арасындағы «ТОП-50» теннисшінің қатарына Жапонияның – 12, Қытайдың – 8, Оңтүстік Корея, Гонконг, Сингапурдың – 3, Тайпей, Румыния, Голландия, Германия, Австрияның – 2, Канада, Швеция, Польша Португалия, Венгрия, Пуэрто-Рико, Таиланд, Люксембург, Египет, Солтүстік Корея және Ресейдің –1 өкілі қосылып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы сапындағы қыздардың қарқыны өте баяу. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткіш Әлия Келменбетова мен Зәуреш Ақашеваға тиесілі. Олар әзірге 350 және 375 орындарды қанағат тұтуда.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Алматы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Бүгін, 09:14

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар