Білім • 17 Тамыз, 2018

Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылын бірқатар жаңалықтармен бастағалы отыр

90 реткөрсетілді

Биыл Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылын бірқатар жаңалықтармен бастағалы отыр. 2018-2019 оқу жылында мектепте оқитын балалар саны шамамен 2 млн 990 мыңға жетпек. Әлбетте бұл мәлімет бірінші қыркүйекке дейін әлі толыға түсетінін ескергеніміз жөн. Оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданатын балдырғандардың саны 1 тамыздағы есеп бойынша – 329 346 оқушы. 

6 жасқа толмағандар да мектепке барады

Оқу жылының 1 қыркүйектен  басталатынына қарамастан, баланы мектепке беру шараларын алдын-ала ойластырған жөн. Биылдан бас­тап еліміздегі жалпы білім беретін ұйымдардың ұйғарымы бойынша бірінші сыныпқа жеті жасқа толған балалар және  ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалар да қабылданатын болады.  Яғни қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар бірінші сыныпқа бара алады. Себебі күнтізбелік жылдың соңына дейін олар толық алты жасқа толады және мектепке қабылдануға құқығы бар. Сондай-ақ типтік ережелерге сәйкес, білім алушылардың даярлық деңгейі және даму дәрежесі бойынша сыныптарды толықтыруға жол берілмейді, бір сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс.

Директорлар ортақ келісіммен тағайындалады

Ағымдағы жылы еліміздегі мек­теп­терді аккредиттеу және мектеп директорларын тағайындау мәсе­лесінде бірқатар өзгеріс болмақ. Вице-министр Асхат Аймағамбетовтің ай­туынша, ендігі уақытта білім бас­қар­малары мен бөлімдері мектеп дирек­торларын дербес тағайындай алмай­ды. Бұдан былай олар «Дарын» орталығымен ортақ келісімге келуге міндетті.

Ағылшын тілінде сабақ беріле бастайды

Жаңа оқу жылында кейбір мектептер 10 және 11 сыныптар үшін бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқытпақ. Ми­нистрліктің жоспарына сүйенсек, таяу уа­қытта қазақстандықтар пәндердің 80%-ін ағылшын тілінде оқып үйренуі керек. Бүгінгі таңда оларға дәріс беру үшін ағылшын тілін В2 деңгейінде бі­летін 7 мың педагог дайын. Аталған мұ­ға­лімдер химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытады. Сондықтан 2018-2019 оқу жылында жалпы білім бере­тін 2 мың мектеп немесе мектеп­тер санының 41 проценті төрт пәнді ағыл­шын тілінде оқытуды бастайды. Алайда бұл екі мың мектеп қыр­күйектен бастап ағылшын тілінде оқы­туға толық көшеді деген сөз емес. Минис­трліктің айтуынша, мұнда арна­йы әдістеме мен технология бар. Келесі жылы 12 мың педагог ағыл­шын тілінде сабақ беруге дайын болады деп күтілуде.

Жаңа пәндер енгізіледі

Сондай-ақ келесі 2019-2020 оқу жылынан бастап еліміздің барлық орта мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 10-11 сынып оқушыларына аптасына екі рет оқытылады. Биылғы оқу жылынан бастап осы пән бойынша бағдарлама және оқулық апробациядан өтпек. Апробация еліміздің барлық 17 өңірінде жүргізіліп, мектеп мұғалімдері тиісті курстарды аяқтады. Министрлік аталған пән оқулығының бірінші нұсқасы дайын екендігін жеткізді.

Ағымдағы жылдың қазан айынан бас­тап мектептерге жаңадан «Өлкетану» пәні енгізіледі. Интеграцияланған оқулықты 5-6-7 сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде оқитын болады. Кітаптың мазмұны Білім және ғылым министрлігі мен өңірлерде құрылған арнайы сарап­тамалық комиссияның тексерісінен өтіп мақұлданған. Құрастырушы 8 автор жиырма сағаттық бағдарламада бала өз бетінше ізденуге бейімделетіндігін айтады. Министрлік тапсырысы бойынша дайындалған оқулық Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алған. Кітапқа тарих, қазақ әдебиеті, география, музыка сияқты 4 пән кіріп отыр.  

Электронды жүйе жұмысты жеңілдетеді

Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектептің оқулықтармен 100 процент қамтылуы, оның ішінде жаңартылған білім беру мазмұны бар оқулықтар санының жеткілікті болуы министрлік тарапынан қатаң қадағалануда. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап мектептегі қағазбастылық мәселесін де қысқарту қолға алынбақ. Электронды күнделік пен электронды журналдар, ата-аналармен байланыс орнату үшін арнайы даярланған ұялы қосымша­сы қа­ғазбастылықты біршама азайтпақ. 1 сы­ныпқа электронды қабылдау жүйесі де ұстаздардың жұмысын жеңілдетеді. 

Ұстаздар қауымы үшін тағы бір жаңалық – биыл білім берудің жаңа бағдарламасына сәйкес, аттестациядан жалпы білім беретін орта мектептердің мұғалімдері ғана өтсе, енді қараша айынан бастап психологтар да өтетінін айта кеткеніміз жөн.

3 млн балаға көмек көрсетілді

Биыл он бірінші рет ұйым­дас­тырыл­ған «Мектепке жол» акция­сы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жал­ғасады. Министрліктің Бала­лар­дың құ­қығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбековтың мәлім­деуінше, осы уақыт аралығында акция бойынша 3 миллионға жуық балаға 17 миллиард теңгеден астам материал­дық көмек көрсетілді. «Өткен жылы аталған көмекке қол жеткізген бала саны 316 мың оқушыны құрап, қайы­рымдылық көмектің сомасы 3 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде көмекке мұқтаж балалардың саны шамамен 323 мың бала, бұл тізім әлі де толығады», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.

Мирас АСАН, 

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар