Енді жыл сайын жазғы уақытта кішкентай екібастұздықтар мен олардың ата-аналары бассейнге барады. Қаладағы мәдени-спорттық іс-шаралар «Шахтер» саябағында өтеді. Концерттік бағдарламалар өтетін амфитеатры бар. Балаларға аттракцион алаңы да қызықты. Субұрқақ та көкке әуелейді. Кешке жарық шашып, музыкалық әуен ойнап тұрады. Астананың 20 жылдығына тарту ретінде саябақта 128 шырша отырғызылды.
Жаңадан ашылған бассейнге бір мезетте 100 адам шомыла алады. Келушілерге барлық жағдай жасалған. Әжетхана, демалатын, тұрмыстық бөлмелер, шешінетін орындар бар. Су әрдайым таза болу үшін арнайы сүзгілермен жабдықталған.
– Еуразиялық Топтың ERG кәсіпорындары орналасқан қалаларда тұрғындар өмірін барынша жайлы етуге бағытталған «Родные города» бағдарламасы басталды. Қалада табиғи су жоқ екендігін ескерсек, енді екібастұздықтарда тамаша демалыс орны пайда болды, дейді
«Еуразиаттық энергетикалық корпорация» АҚ «Восточный» кенішінің директоры Юрий Гончаров.
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ Екібастұзды көркейтуге үлес қосуда. Балабақшалар және спорт алаңдарын абаттандырып, қалалық саябақтар және гүлзарларға жасыл желектер егілді. Меморандум аясында ERG компаниясы облыстағы әлеуметтік жобалар саналатын Ақсудағы спорт сарайы, жабық хоккей корты, Екібастұздағы балалар музыка мектебі, облыс орталығындағы шомылу бассейнінің құрылысына, трамвай вагондарын сатып алу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ЕКІБАСТҰЗ