Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

Қостанайлық диқандардың биылғы кеусені 5 миллион тоннадан кем болмайды

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылдың егін орағына дайындық және астықты ұйымдасқан түрде жинап алуда агроөнеркәсіп кәсіпорындарының алдындағы міндеттер жөніндегі агромәжілісте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биылғы астық көлемі былтырғыдан кем болмайтынын айтты.

Қостанайлық диқандардың биылғы кеусені 5 миллион тоннадан кем болмайды

«Егіннің қазіргі жағдайы астықтың көлемі былтырғыдан кем түспейді деуге болады. Біз барлық күш-жігерді жұмсап, астықты төкпей-шашпай, барынша қысқа мерзімде жинап алуымыз қажет. Күзгі жиын-терінге дайындық жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Жанар-жағар май жеткілікті болады. Облысқа 1 литрі 172 теңгеден 76 мың тонна дизель отыны бөлінді», деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, биыл барлығы 4,7 млн алқапқа дәнді дақылдар егілген. Былтырға қарағанда биыл дәнді дақылдар алқабы 100 мың гектарға азайып, оның орнына 101 мың гектарға арпа, 21 мың гектарға бұршақ тұқымдастар, 78 мың гектарға майлы дақылдар себілген.

«Биыл егін үшін ауа райы аса қолайлы болмады. Солтүстік аудандарда ылғалдың тым көп түсуі мен күннің салқындығы, оңтүстік аудандардағы қуаңшылық егіннің жетілуіне кері әсер етті. Қазір 2,6 млн гектар жердің егіні өте жақсы, 1,3 млн гектардың егіні қанағаттанарлық күйде. Дегенмен астықтың түсімі жаман болмайды  деген үміттеміз», деді Ғауез Торсанұлы.

Облыс бойынша техника паркінің дайындығы да жақсы. Биыл  астық алқабына 9,6 мың комбайн шығады. Оның 3 мыңы жоғары өнімді жаңа техникалар болып саналады. 3 мың жатка, 8 мың астық таситын машиналар, тағы басқа да техникалар қатыспақ.

Мамандардың болжамынша, астық жинау науқаны 25-30 күнде, яғни қыркүйектің 25-не дейін толық аяқталады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай