Бизнес • 17 Тамыз, 2018

Отандық балмұздақтардың 10 тоннасы Алматыдан Шанхайға жіберілді

48 реткөрсетілді

Шілденің соңғы күндерінде Қазақстан балмұздағы Қытайға экспорттала бастағаны туралы хабарлаған едік. Осылайша, отандық балмұздақтардың 10 тоннасы Алматыдан Шанхайға жіберілген-ді. 

Жаз айларында балмұздақ нарығы сатылым жағынан өзінің маусымдық шарықтау шегіне жетеді десек те, биыл бұл салада айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазір ел нарығында балмұздаққа деген сұраныс бұрынғыдан да артты. Жалпы алғанда, бұл нарық жылына орта есеппен 2-3 процентке өсіп отырады. Соңғы уақытта Қазақстандағы балмұздақ өндірісінің қуаты 7,5 процентке көтерілді, бұл шамамен 33 мың тонна. Нәтижесінде отандық өндірушілер табандылық көрсетіп, импорттық тауарларды ығыстыра бас­тады. Қазірдің өзінде қазақстандық және шетелдік өнімнің арақатынасы сәйкесінше 60 және 40 процентті құрайды. 

Жақында отандық балмұздақ өндірудің көшбасшысы болып табылатын «Шин-Лайн» компаниясы Алматыда БАҚ өкілдерінің басын қосып, тез еритін бизнестің бүге-шігесімен, шикізат сапасымен бөлісті.

Бүгінгі таңда елімізде 20-дан аса балмұздақ шығаратын компания бар. «Euromonitor International» ком­па­ниясының мәліметі бойынша, «Шин-Лайн» компаниясы 36 проценттік үлес­пен нарық көшбасшысы болып отыр. Бұл компания өндірілген бал­мұздақ көлемі, оның экспорты, дис­трибуциясы, бренд саны, сапа стан­дарттары, сондай-ақ құқықтық саладағы қызметі бойынша Қазақ­стан­дағы №1 кәсіпорын. Цехтары жы­лы­на 13 мың тоннадан астам балмұз­дақ шығарады. Қалған отандық өндіру­шілер көрсеткіштерін бірге қосқанда ғана осындай нәтижеге қол жеткізеді. 

Ағымдағы жылдың 7 айдағы қорытындысын былтырғы кезеңнің көр­сет­кішімен салыстырғанда, аталған компания өндірген балмұз­дақтың сатылу деңгейінің шамамен 30%-ке өскені байқалды. Жаз мезгілінде компания экспорт үлесін ұлғайтып, жаңа скупинг, яғни балмұздақ шарларын сату санатына шығып, қалыптасқан дәстүр бойынша тұтынушыларға өнімнің жаңа түрлерін ұсынды. 

– Біз сатылым көлемі өсетінін алдын ала болжаған едік. Бұл − балмұздақтың жаңа түрлерін нарыққа шығарудың ғана емес, экспорттық әлеуетті жүзеге асырудағы стратегиялық әдіс-тәсіліміздің нәтижесі. Сипаты бойынша шығыс елдерінің, ал жасау технологиясы бойынша еуропалық елдердің өнімі болатын, Bahroma жаңа инновациялық балмұздағының жасалуына салынған инвестиция елдегі тұтынушылардың ғана емес, экспорттық елдердің  де көңілінен шығуға көмектесті. Bahroma балмұздағын үлкен жетістікке жеткен халықаралық көрмелерге белсенді түрде қатыстырып, оның ілгері жылжуын күшейттік. Нәтижесінде, сату құрылымымыздағы экспорт үлесінің өсуі 10 проценттен асатын көрсеткішке жетті, – дейді кәсіпорын басшысы Андрей Шин. 

Қазір бұл компанияның өнімі Ре­сейде, Орталық Азия елдерінің Тәжік­стан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды мемлекеттерінде, Моңғолия мен Қы­тайда сатылуда. Ресейде сату экс­портты дамытуға негізгі үлесін қосты – өткен жылдың кезеңімен салыс­тырғанда 3 есе өсіп, компания экспор­тының шамамен 60 процентін құрады. Қырғызстанға жіберілген экспорт шамамен 25 проценттік өсім көрсетті. Қытайда, Моңғолия мен Өзбекстанда сатылуы жуырда ғана басталса да бұл нарықтардағы сатылу әлеуеті жоғары. 

– Ресей мен Қытай нарығында балмұздақ санатындағы өнімдер өте көп, бәсекелестік те жоғары. Сондықтан біздің компанияның алдында нарық талаптарына сай әрі ерекше тауар міндеті тұрды. Осындай өнімдердің қатарына Bahroma бал­мұз­дағын, сондай-ақ танымал «Бомба» бренді мен кілегей негізінде жасалған «Мишка на полюсе» шынайы плом­бирін жатқызуға болады. Бұл бас­тап­қы кезең ғана, компанияның көш­басшылық сипаты өнімдеріміздің бұдан әрі шетелдік нарықтарға шығуы мен сатылу деңгейінің кеңеюіне жол ашты. Осылайша, өнімді Украина мен Кавказға экспортқа шығару жоспарланып, бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал Беларусь нарығында әзірше сынақтан өтудеміз, – деді Андрей Шин. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар