– «Туған жерге тағзым» акциясымен Маңғыстау ауданы Шайыр мектебінің түлегі, кәсіпкер Самат Мұсабаев мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында 6 зейнеткерге 50 мың теңгеден, бүкіл мектеп ұжымындағы 100 адамға 25 мың теңгеден сыйақы тағайындады және тұрақты түрде мектептің республикалық сайыс жүлдегеріне 1 млн, облыстық деңгейге 500 мың, аудандық деңгейге 200 мың теңгеден сыйақы тағайындап келеді. Cонымен қатар Самат Мұсабаев бастаған облыс кәсіпкерлері Маңғыстау ауданындағы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне 80 миллион теңгеге қазақтың үш биінің ескерткішін орнатты. Ауыл азаматтары Түпқараған ауданы Баутин ауылында «Байділдә ата» қорымы жанына 10 миллион теңгеге түнеухана мен сыртқы қоршауын салса, Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия аудандарында жалпы сомасы 293 миллион теңгеге демалыс алаңдары мен саябақтарды тарту етті, – дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офис басшысы Г. Азан.
Туған жерге, алтын бесігіне қолғабыс жасаудан жас буын да қалыс қалар емес. Бейнеу ауданы Тұрыш ауылының мектеп түлектері туған ауылына құны 2 млн теңге тұратын «Демалыс паркін» тарту етсе, аудан орталығында кәсіпкерлер қаржысына «Жұбайлар бағы» салынды. Ал Түпқараған ауданы Таушық ауылы Шахта орта мектебінің 1997 жылғы түлектері ауылдан 1 млн теңгеге шағын саябақ салып қуантса, Маңғыстау ауданында адан тұрғындарының ұйымдастыруымен Жастар саябағы тұрғызылды.
Маңғыстау облысындағы қалалар мен аудандардағы 50 орта мектеп 208,6 млн теңгеге және 4 арнайы түзету мектебі 27 млн теңгеге қажетті инвентарлармен жабдықталды. Ақтау қаласында, Маңғыстау, Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған аудандарында жалпы 902 млн 600 мың теңгеге спорттық кешендер мен алаңдар салынды.
− Жоқтан бар жасауда, ауылды дамытуда халықтың белсенділігі жоғары. Оларға кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, ауызбіршіліктің арқасында біраз жұмыстар жолға қойылды. Өңірдегі ірі компаниялардың да үлесі зор. «Тенгиз Шевройл» ЖШС 46 млн теңгеге Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында 200 орындық спорт алаңын салып берсе, жеке кәсіпкер М.Жәуперов 1млн теңгеге мектепке спорттық жабдықтар алып берді. Сондай-ақ кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев 220 млн теңгеге Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында «Азамат» спорт кешенін, сауықтыру, жүзу бассейнін тұрғызып, халық игілігіне ұсынды. «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен 170 млн теңгеге Ақтау қаласында футбол, воркаут, баскетбол алаңдары мен көше тренажерлары орнатылды және И.Бисенғалиевтің қолдауымен 350 млн теңгеге «Батыр» спорт кешені тұрғызылды, − дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офис басшысы Гүлайым Бақытқызы.
Саламатты өмір салтын негізгі ұстанымға айналдырып, бұқаралық спортты дамытуды басты орынға қойған мемлекетіміздің саясатына сай Маңғыстау өңірінде тұрғындардың спортқа қызығушылығы жоғары. Ол өңірде спорттық кешендердің көптеп бой көтеруінен де аңғарылады. Бұл бағытта Мұнайлы ауданында кәсіпкер З.Исаеваның қолдауымен құны 100 млн теңгелік «Иса» спорт кешені салынса, Түпқараған ауданы Таушық ауылында НКОК ЖШС-нің демеуімен әмбебап спорт алаңы пайдалануға берілді, аталмыш алаңның құны 15 млн теңгеге бағаланған. Ақтау қаласында ұрпақтарының ұйымдастыруымен 5 млн теңгеге халық батырлары Шотан Назарұлы мен Шоғы Мұңалұлына арналған халықаралық спорттық турнирлер өткізілді.
Туған жерді түлету, оның дамуына, көркеюіне азаматтық, перзенттік үлес қосу спорт қана емес, барлық салада көрініс табуда. Ақтау қаласында, Қарақия ауданында 8 млрд 923 млн теңгеге жастар жатақханасы, Ақтау қаласында 6 млрд 148 млн 261 мың теңгеге «Достық үйі» тұрғызылды. Кеше ғана Бесінші Каспий саммиті өтіп, бес мемлекеттің президентін төріне жиған бұл көрікті орда – «Достық үйін» де халық кәдесіне ұсынған – НКОК ЖШС.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, мүмкіндігіне қарай қызметкерлерді, жастарды жатақханамен қамту жұмыстары қарқынды қолға алынды. Ақтау қаласында 562 млн теңгеге 100 орындық жастар үйі, НКОК ЖШС қолдауымен 1 млрд 313 млн теңгеге 500 орындық жастар үйі салынып, өз тұрғындарын қуанышқа бөледі. Сондай-ақ НКОК ЖШС демеушілігімен Қарақия ауданында 500 орындық жас мамандар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысына 900 млн теңге жұмсалды.
Туған жерді көркейту бағытындағы жұмыстардан денсаулық сақтау саласы да тыс қалып жатқан жоқ. Демеушілер тарапынан облыстық емханаларға жалпы сомасы 235 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар және медициналық аппараттар сатып әперілді, Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен денсаулық қызметкерлеріне 86,2 млн теңгеге жаңа автокөліктер табысталды. Халық көп шоғырланған Мұнайлы ауданында Т.Айтуғановтың көмегімен 130 млн теңгеге «Мұхамбет» медициналық орталығы тұрғызылса, НКОК ЖШС Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық ауруханасына 20 млн теңгеге электрокардиограф, жоғары жиілікті электрокоагуляторды, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы аудандық емханаға бағасы 16,7 млн теңге құрайтын ультрадыбыстық диагностикалық сканерді табыстады.
Қайырымдылық бағытындағы жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды. «ENKA İnşaat ve Sanayi A.Ş» мекемесі Түпқараған ауданы Баутин ауылында жалғызілікті тыл ардагері Б.Телбаевқа 15 млн теңгеге үй салып берсе, А.Аджибаев бастаған аудан тұрғындары Сайын ауылындағы ҰОС ардагері С.Мұржықовтың денсаулығын түзеуге 1 млн теңге бөлді, «СК Баутино» компаниясы Форт-Шевченко қаласында 16 пәтерлік тұрғын үйдің шатырын жабуды мойнына алса, ауыл тұрғындарының көмегімен Маңғыстау ауданы Өтес ауылында орталық көшелер жарықтандырылды. Ауыл тұрғындары Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында 2 пәтерлі тұрғын үй салып, әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасы үйлерінің құрылысын аяқтауға, жылу тартуға көмек ұйымдастырды. Қарақия ауданында кәсіптік колледж студенттері өз қолымен бұйымдар мен құралдар жасап, өз ауылдарына тарту етті.
Құзырлы орындардың мәліметіне сәйкес, облыстың қала-аудандарында мұқтаж жандарға, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге бағытталған қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, 61 млн теңгеге көмек көрсетілді. Жыл аяғында өңірдің дамуына қомақты көмек көрсеткен азаматтарды елге таныстыруға, алғыс айтуға бағытталған облыстық меценаттар форумы ұйымдастырылды.
Өңірлік жобалық офис басшысы бір жарым жылғы атқарылған жұмыстардың бұлармен шектелмейтінін, ағымдағы жылға да өңір демеушілері 17 млрд 386 млн 851 мың теңге қаржы бөліп, 86 іс-шара жоспарлап отырғанын және оның жыл соңына дейін толықтырыла беретінін айтты. Сонымен қатар тарихи сананы және патриоттықты дамыту, табиғи және мәдени мұраларды қорғау, халыққа таныту мақсатындағы «Рухани қазына», «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары бойынша жоспарланған ірі жобалардың қаржы қажеттілігіне байланысты кідіріп тұрғанын да мәлімдеп, меценаттар мен мекемелердің рухани бағыттағы жұмыстарға назар аударуын сұрайды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы