Қазақстан • 17 Тамыз, 2018

Өзбекстанға Қазақстан арқылы өтетін автокөлік ағыны көбейді

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Қазақстанның көрші Өзбекстанмен қарым-қатынасы нығая түскен. Қай салада болсын, мәдени, сауда-саттық және басқа да мәселелермен барыс-келіс жиілеген. Яғни кеден бекеттерінің қызметі бұрынғыдан қызу. Бұл орайда кеден қызметкерлері қалыпты жұмыс істеп, міндеттерін мінсіз атқаруға тырысуда.

Өзбекстанға Қазақстан арқылы өтетін автокөлік ағыны көбейді

Жуырда әлеуметтік желілерде Қазақстан-Өзбекстан шекара бекетінен өту үшін жүк автокөліктерінің сағаттап кезекте тұратыны туралы ақпарат тарады. Алайда  Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Департамент өкілдерінің айтуынша, «Қапланбек» шекара бекетінен өтуге еш кедергі жоқ.

Облыстағы қазақ-өзбек шекара бекеттерінде азаматтарды өткізу тоқтатылмаған. Ал Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті: «Өзбекстанның жақын және алыс шет елдермен сыртқы сауданы дамытуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға қарай тауарлар ағыны едәуір ұлғайды. Осыған байланысты 2018 жылдың наурыз айынан бері «Б.Қонысбаев» өткізу бекеті алдында Қазақстан жағынан 50-ден 100-ге жуық жүк көліктерінің жиналып қалуы байқала бастады», деп хабарлады.

Комитет мәліметі бойынша, «Б.Қонысбаев» бекеті сөткесіне 150 автокөлікті өткізе алады. Дегенмен бүгінде «Б.Қонысбаев» кеден бекеті  күшейтілген режимде жұмыс істеп, сөткесіне 250-ге дейін автокөлік өткізуде екен.  «1 тамыз бен 7 тамыз аралығында Қазақстан жағынан Өзбекстанға көліктердің жиналып қалуы 200-ден 315-ке дейін көбейді. Бұл кезеңде өзбек жағы техникалық себептерге байланысты өткізуді сөткесіне 100 бірлікке дейін (бұрын сөткесіне 130-140 өткізетін) дейін төмендетті», деп түсіндірді министрлік.

Сондай-ақ, «көліктерді өткізуді жеделдету бойынша екі кеден бекеттері басшыларының кездесуі күн сайын өткізілетінін» хабарлады. Әзербайжан, Белоруссия, Ресей және Қырғызстанның кеден қызметтеріне жүк ағынын, Өзбекстанға «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Атамекен» өткізу бекеттері бойынша қайтаүлестіру жөнінде хат жолданған.

Сонымен бірге шетелдік автокөлік құралдарының Өзбекстан аумағы арқылы транзиттік өтуі Түркістан облысындағы «Яллама (Өзбекстан) – «Б.Қонысбаев» (Қазақстан) және Маңғыстау облысындағы «Қарақалпақ (Өзбекстан) – «Тажен» (Қазақстан) өткізу бекеттері арқылы рұқсат етілетіні түсіндірілген. «Соңғы аптада өзбек жағы автокөліктерді өткізуді сөткесіне 150-ге дейін ұлғайтты.

Мемлекеттік кірістер комитеті 16 тамызда Қазақстаннан Өзбекстанға автокөліктердің жиналып қалуы 190-ға дейін төмендегенін белгіледі. Сондай-ақ, бұл мәселені шешу үшін «Б.Қонысбаев» өткізу бекетін кеңейту жолымен қайта құру жоспарланған. Қайта құрудан соң автокөліктерді өткізу қабілеті сөткесіне бір мыңға жететін болады. Құрылыс мерзімі 19 ай», делінген министрлік хабарламасында.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы