Қазақстан • 18 Тамыз, 2018

Астанада түркі тіл білімінің өзекті мәселелері талқылануда

248 реткөрсетілді

Назарбаев университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде ХІХ Халықаралық түркі тіл білімі конференциясы өз жұмысын бастады.

17-19 тамыз аралығында өтетін дәстүрлі ғылыми жиын тарихы 1982 жылы Берклиде Калифорния Университетінде басталған болатын, содан бері жетекші университеттерде Стамбулда, Лондонда, Анкарада, Майнцеде, Упсалада, Ізмірде, Сегеде, Оксфордта және басқа да академиялық орталықтарда өткізілген. Жиын екі жыл сайын бір рет, Түркия мен одан тыс жерлердегі университеттер арасында өтіп отырады. Бұл кездесу Орталық Азияда тұңғыш рет өтіп отыр. Упсала университетінің профессоры Эва Чато: «Бұл ғылыми конференция өз тарихында тұңғыш рет түркі әлемінің жүрегінде, алтын қазығында өтіп отыр. Түркі халықтары Еуразия кеңістігінде тарыдай шашылған. Қазақстан сол кеңістіктің тура ортасында орналасқан. Бұл жиын түркі тілдерде сөйлейтін ұлттардың бас қосқан орталығында өтуімен де құнды. Мен өзім, түркі әлемінің орталығына келгеніме аса қуаныштымын», деді.

Түркі академиясының қолдауымен өткен конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген академия басшысы Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы түркітану ғылымының жаңа кезеңін Халықаралық Түркі академиясының Астанада құрылуымен тікелей байланыстыруға болатынын атап өтіп, түркітану ғылымына еңбек сіңірген ғалымдарға арнайы марапаттар тапсырды.

«Түркі академиясы түркі лингвистикасына байланысты біршама жұмыс атқарды. Экспедицияларын ұйымдастырып, сөздіктер шығардық. Олардың арасында Әмір Нәжіптің ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы төрт томдық сөздігі, Көне түркі сөздігі, «Манас» сөздігі де бар. Сонымен қатар, жойылу қаупі бар түркі тілдеріне байланысты арнайы энциклопедиялық кітап шығарып, ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде үлкен халықаралық жиын өткізді. Биыл түркі лингвистикасы үшін айтулы жыл. Өйткені осыдан 125 жыл бұрын В.Томсен түркі жазуының кілтін тауып, оны дүние жүзіне паш еткен болатын. Содан бері түркология және түркі лингвистика саласында көптеген жұмыстар атқарылып, іргелі еңбектер жазылды. Соның ішінде осында отырған ғалымдардың да еңбектері бар. Біз Томсеннің осы жаңалығына орай жиын өткізіп, арнайы медаль шығарып, түркологияға еңбегі сіңген ғалымдарды марапаттаған болатынбыз. Бүгін де түркі лингвистикасына еңбек сіңіріп жүрген әріптестерімізді осы конференция аясында марапаттасақ деп отырмыз. Бұл біз үшін де – үлкен мәртебе», деді Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі академиясының В.Томсен медалімен Франкфурт университетінің профессоры, қазіргі түркі тілдері мен көне түркі тіліне байланысты іргелі зерттеулерімен түркітану ғылымына ерен еңбек сіңіргені үшін Ирина Невская, А.Мицкевич университетінің профессоры, қырым татарларының және қазақ тілдеріне байланысты зерттеулері үшін Генрик Янковский, ал Түркі академиясының арнайы алтын медалімен Упсала университетінің профессоры, салыстырмалы түркі тіл білімін зерттеуде жетістікке жеткені үшін Эва Чато марапатталды.

Түркі тілдерінің ортақ және жекелеген өзекті мәселелеріне арналған бұл конференция түркітанудағы маңызды ғылыми жиындардың қатарында. Түркі тіл білімінің көне және бүгінгі заңдылықтары ғалымдар үшін аса маңызды болып отыр.

Үш күнгі ғылыми жиын аясында «Сібірдің жойылып бара жатқан түркі тілдерінің құжаттамасы», «Түркі және басқа да трансеуразиялық тілдердегі әртүрлі мәнділік пен реттілік» тақырыптарында семинарлар өтіп жатыр.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Суреттерді түсірген Ерлан Омар

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Сырттанов туралы сыр

Руханият • Кеше

«Шаңырақтың» шапағаты

Руханият • Кеше

Тағылымы мол кездесу

Аймақтар • Кеше

Аграрлық банк құрылса...

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар