Аймақтар • 19 Тамыз, 2018

Теміржолда сыбайлас жемқорлықты болдырмау жайы айтылды

208 реткөрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жолаушылар пойыздарының басшылары және жолсеріктермен кездесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жасыратыны жоқ, қазір вокзалға барсаңыз сергелдеңге түскен жолаушылардан көз сүрінеді. Дені ақшасына билет таппай әлек. Жиынға қатысқан көліктік бақылау инспекциясы да, көлік полицейлері де тәртіп орнатуда қауқарсыз екендерін мойындағандай. Жолсеріктер мен пойыз басшыларына қанша жерден шара қолданып жатса да, «баяғы жартас – сол жартас». Кассаларда билет жоқ болғанымен, жолсерікпен келісуге болады, алайда билеттің бағасы аспандап тұр. Қажет десеңіз жолсерік өзінің жатын орны немесе үшінші қабатты да бере салады.

Жиында бұған дейін бірнеше рет «Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысы бойынша нақты деректер келтірілді. Ал теміржолшылар заң бұзушылықтар орын алып отырғандығын жоққа шығара алмады.

«Қазақстан Темір Жолы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы жүк тасымалдау бөлімшесінің басшысы Нәжмедин Ғұбашев қазіргі жағдайдан хабардар екендігін жасырмады. Тұрақты түрде тексерістер жүргізіліп, жолсеріктерге жолаушыларды билетсіз тасымалдамау жөнінде ұдайы ескертілетінін айтты және алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады деп сендірді. Сонымен қатар жолаушылар пойызы вагондарын жаңарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз деді.

Ал облыстық көліктік бақылау инспекциясының теміржол және су көлігіндегі бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуандық Аяповтың айтуынша, жыл басынан бері 38 жолаушылар пойызы тексеріліп, 70 жолаушыны билетсіз тасымалдаған 17 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  

Еліміздің 2015-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Маңғыстау облыстық арнайы мониторингтік топ төрайымы Рухия Алдоңғарова, жолаушылар пойызындағы санитарлық жағдайын сынға алып, вагондарды жаңарту қажеттігін айтып өтсе, оның орынбасары Әсет Манов құжатсыз, билетсіз және рәсімделмеген жүктерді тасымалдауға тосқауыл қою керектігін алға тартты. Себебі билетсіз жүргендердің арасында аса ауыр қылмыс жасап тергеуден немесе соттан бой тасалап, қару тасымалдап немесе террористік ұйымдардың мүшелерінің жүрмесіне кім кепіл бола алады деген мәселе көтерді. Бұл ретте жолсеріктер билетсіз жолаушылар және рәсімделмеген жүктер тасымалдауын доғармаса, бюджетке келтірілетін шығындар тағы бар.

Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы жолаушылар пойызының бригадирлері мен жолсеріктерді заңда көрсетілген талаптарды орындап, тәртіпке бағынуға шақырды.

"Біздің көздегеніміз сіздерді жазалау емес, керісінше өздеріңізді заңсыз әрекеттерге бармауға шақыру. Рас, қазіргі жағдай мәз емес, сіздердің үстілеріңізден шағым айтушылар көп. Ортада жүрген делдалдар да анықталады", деді департамент басшысы Нұргүл Жанназарова. 

Қорыта айтқанда жолсеріктер өздерінің қызметтік міндеттерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін өрескел бұзу фактілерін доғаратын емес. Сол себепті қоғам өкілдері билетсіз жолаушылармен күреске бағытталған шараларды әлі де күшейту керек деген ұстанымда.   

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Үйретері көп үйірме

Аймақтар • Бүгін, 08:59

Медицина музейі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:57

Корей асханасы елордада

Қоғам • Бүгін, 08:55

Омыртқа – бүкіл ағзаның ұстыны

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Ұлы есімдер ұлықталады

Руханият • Бүгін, 08:35

Тектілік феномені

Руханият • Бүгін, 08:27

Ұлық жырдың ұзаны

Руханият • Бүгін, 08:25

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

Руханият • Бүгін, 08:10

Ұқсас жаңалықтар