Аймақтар • 19 Тамыз, 2018

Өскеменде Құрбан айтта 300 адамға ет таратылады

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Тілеуханұлы мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамына орай баспасөз мәслихатын өткізді.

Өскеменде Құрбан айтта 300 адамға ет таратылады

«Өңірдегі барша мұсылманның есіне салар бір жайт, құрбан шалу тек айт намазы оқылған соң барып қана жүзеге асырылады. Бұдан ертерек шалынса, құрбандық шалған болып есептелмейді. Шығыс Қазақстан бойынша барлық жерде айт намазы таңғы сағат жетіде оқылады. Биыл облыстық мешіттің ауласына арнайы үш киіз үй тігіліп, бауырсақ тегін таратылады, түрлі ойын-сауықтық шаралар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізіледі. Биыл біз Құрбан айт мерекесін тойлауды қайырымдылық жасаудан бастадық. Ең алдымен мереке алдында «Көктаудағы» «Үміт» балалар үйіндегі 200-ден астам балаға қайырымдылық көрсетіп, дастархан жайдық, түрлі тәтті-дәмділерді сыйға тарттық», - деген Д.Тілеуханұлы мерекенің үшінші күнінде үш жүздей адамға құрбандық етін таратуды, «Мектепке жол» акциясы аясында 200 балаға көмек көрсетуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Құрбан шалу кезінде мейлінше тазалыққа мән берілмек. Үйде шалынса таза жерге шалып, басын құбылаға қарату керек, пышақ мейлінше қайралған өткір болғаны, малдың қиналмағаны дұрыс. Арнайы қасапшылар қызметі де болады. Құқық қорғау саласының өкілдері де ол жерде үш күн бойын кезекшілік жасайды. Оның үстіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай өңірдегі мал өсіретін шаруашылық иелеріне құрбандыққа сойылатын малдың бағасын тым қымбаттатпай, орташа бағада саудалауға үндеу тастаған. «Құрбандық шалудың мағынасы Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Алла тағалаға біздің малымыздың еті, қаны қажет емес, біздің шынайы ниетіміз қажет. Құрбандық құбылаға қаратып шалынады. Ең бастысы, ысырапшылдыққа жол берілмеу керек. Етін алып басын, сирағын терісін, ішек-қарнын тастап кетпеу керек. Терісін өткізіп, ақшасын қайырымдылыққа жұмсаса, ол да дұрыс болады. Сондай-ақ, қарызға мал алып шалған да дұрыс болмайды, одан да келесі жылы ақша жинап, өз ниетіңмен құрбандық шалған дұрыс. Құрбандыққа екі жастан асқан қой, ірі қара мал, бес жастан асқан түйе сойылады. Сиыр мен түйені жеті отбасыға дейін бірігіп шалады, еттің үштен бірін адамдарға таратқан дұрыс», – дейді наиб имам.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН