Аймақтар • 19 Тамыз, 2018

Маңғыстауда мемлекеттік органдардағы кадр қызметінің сапасы қандай?

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл жайлы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінде өткен басқосуда айтылды. 

Маңғыстауда мемлекеттік органдардағы кадр қызметінің сапасы қандай?

Белгіленген құзыреттілік шегінде реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын орган аймақтағы мемлекеттік мекемелердің кадрлық жай-күйіне мониторинг жүргізіп, Ақтау қаласы әкімі аппараты, Маңғыстау ауданы әкімі аппараты, Қарақия ауданы әкімі аппараты, Маңғыстау облысының қаржы басқармасы және Маңғыстау облысының Ішкі Істер департаментінен бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Айтуларынша, кадр қызметтерінің жұмысы жауаптылықты талап еткендігіне қарамастан, кәсіби тәжірибе, білімі мен даярлығының тепе-теңдігінің болмауынан осындай мәселелер туындап отыр.

Алдымен анықталғаны - аумақтық департаменттер Мемлекеттік Органдардың Интернет Порталына (МОИП) уақытылы есептелікті жүктеу міндеттелгенінің өз деңгейінде орындалмайтыны. Олардың қатарында индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті және облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова барлық есептік ақпараттардың дәйектілігін, сапалылығын және мерзімінің сақталуын қадағалау қажеттігін еске салды. Әсіресе персоналды басқару қызметтері мамандарының өз міндеттеріне салғырт қарамай, есептіліктің маңыздылығын түсініп, жауапкершілікті сезінуге шақырды.

- Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанынан бастап статистикалық есепті «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде жолдау тапсырылған. Алайда уақытылы орындалмаған және енгізілмеген құжат айналымдар, сонымен бірге қате енгізілген құжаттар осы есептіліктің кезінде анықталатын. Бұдан басқа тексеріс барысында, мемлекеттік мекемелердің автоматтық жүйеде құжат айналымының көрсеткіші төмен болып шықты. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 тамызы бойынша таза ауысымдылық – 27 (2%) адам болса, өткен жылдың есептік кезеңінде бұл көрсеткіш  59 (4,4%) адамды құраған. Өткен жылмен салыстырмалы түрде таза ауысымдылықтың саны 2,2 есеге азайғандығын байқауға болады. Агенттіктің стратегиялық жоспарына енгізілген көрсеткіштер бойынша осы жылға таза ауысымдылық деңгейі – 7,5% аспауы қажет деп белгіленген болатын. Алайда, аудандар бөлінісінде қызметтен өз еркімен кету деректерінің көптігінен алғашқы орындарда Ақтау қаласы(4%), Жаңаөзен қаласы(4%) тұрса, басқармалар бөлінісінде қызметтен өз еркімен кету деректерінің көптігінен алғашқы үштікті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 33,3%, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы 15%, Денсаулық сақтау басқармасы 14,8% құрайды, дейді департамент басшысы.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайы бойынша бос орындар саны 159 бірлікті құрады. Қазіргі таңда жалпы штаттық бірліктің 93,3% (89,9%) қамтылған. Алайда, облыс бойынша өткен жылмен салыстырғанда 2018 жылда тестілеуге қатысып, мемлекеттік қызметке қызығушылық білдіріп жатырған үміткерлердің санының 2,1 есе артқандығына қарамастан, кейбір мемлекеттік мекемелердің бос орындары толықтырыла алмай келеді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 6 айының көрсеткіші бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау нәтижесінде 11 мемлекеттік қызметші әртүрлі дәрежеде тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал, 2017 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 14 адамды құраған. Сонда  өңірімізде мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жылдан жылға заң бұзушылыққа жол беру дерегі артуда ма деген сұрақ туындайды? Өңірдегі бір-жар басқармалар мен аудан аппаратының қызметкерлері «ескерту» алса, мемлекеттік департамент өкілі «қатаң сөгіс» арқалаған, ал тәртіптік жазаға тартылғандар қатарында Ақтау қаласы әкімі аппараты 2 қызметшісі, индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің облыстық департаментінің 3 қызметшісі бар.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментіне түскен арыздарға сай негізсіз  берілген сыйақыны бюджетке қайтару туралы 2 ұсыныс жолданып, 174 745 теңге мемлекет бюджетіне өндірілсе, 2018 жылдың 6 айында 6 қызметші арнайы қорға 10 заңсыз сыйлық тапсырған, бұл көрсеткіш өткен жылы 2 қызметші тарапынан 3 сыйлық тапсырылған болатын. Қатаң тыйым салынса да, заңсыз сыйлық алудың азаймай, керісінше, салыстырмалы түрде  көбейгені алаңдатады.

Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызмет кадрлары жай-күйінің мониторингі әлі де жүргізіледі. Бұл ретте персоналды басқару қызметтерінің жауапты мамандарына білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға кеңес беріліп, кадр мәселесінде кемшіліктерге жол бермес үшін,  басқосуларда пікір алмасып отыру қажет екендігі айтылды.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше