Медицина • 20 Тамыз, 2018

Көп балалы аналар құқығы назардан тыс қалмауы тиіс

62 реткөрсетілді

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аза­мат­тардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз етудің бірқатар мәселелері бойынша Премьер-Министрге жүгінді. 

Негізгі мәселе – «Алтын алқамен» наград­талған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналардың мемле­кеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекті тәртіпте тұрғын үй алу құқығын іске асыруға қатысты болып отыр.

Қолданыстағы заңнамамен жоғарыда көрсетілген санаттағы аналар үшін нақты әлеуметтік кепілдіктер көзделген. Атап айтқанда, «Мемлекеттік наградалар туралы» 1995 жылғы 12 желтоқсандағы заңның 36-бабына сәйкес, аналар белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі заң бойынша аталған аналар «көп балалы отбасы» санатына қосылған, осыған байланысты  тұрғын үйге мұқтаж есебіне тұру туралы өтінішін аталған заң қабылданған күннен кейін бергендер, бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығынан айырылған.

Үкіметтің ұсынған жауабында Ом­будсменнің тиісті сұрау салу хаты бойынша Астана қалалық прокуратурасы растаған құқықтық қайшылықтар тудырған мәселені шешу бойынша негізделген ұстаным жоқ.  «Алтын алқамен» наградталған көп балалы аналардың құқықтық қайшылықтарға байланысты шағымдары олардың пайдасына оң шешіліп жатқан сот шешімдеріне ие еке­ні назар аудартады. Осындай шешімді Ас­тана қалалық сотының азаматтық істері жө­ніндегі сот алқасы қабылдап, Жоғарғы сот­тың ұқсас инстанциясында қолдау тапты.

Омбудсмен өз үндеу хатында «Алтын алқамен» наградталған көп балалы аналар уәкілетті мемлекеттік органдарда мәсе­ленің шешімін таба алмай, заңнамалық түр­де бекітілген тұрғын үйге құқығын қор­ғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр екені­не алаңдатушылығын білдіріп отыр. Бұл Мем­лекет басшысының халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мен сот органдарындағы жүктемені азайту туралы тапсырмаларына қарама-қайшы болып тұр.

Баяндалғанның мән-мәтінінде, ұлттық құқық қорғау мекемесі мемлекеттік тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйді бірінші кезекте беру кезінде біркелкі амалын заңнамалық деңгейде белгілеуді ұсынады. Бұл жерде әңгіме тұрып жатқан жайы белгіленген сани­тарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін азаматтарды есепке тұрғызу туралы болып отыр.

Бұрын хабарланғандай, аталған мәселе бойынша нақты заңнамалық норма бола тұрса да, ұзақ уақыт бойы тұрғын үйдің жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуін сәйкес келуін растайтын құжатты беру бойынша уәкілетті органның болмауына байланысты оны іске асырудың тетігі жұмыс істемеді. Омбудсмен меке­месі­нің бейінді ведомствомен жасаған жұмы­сы нәтижесінде 2017 жылғы 17 ақпан­да уәкілетті органдардың қажетті қоры­тын­дыларын берудің нақты тәртібін белгілейтін қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілді.

Үкіметтің берген жауабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға аталған өзгерістерді қолдану туралы нұсқаулар 2018 жылдың сәуірінде ғана жолданды.

Азаматтардан түсіп жатқан арыздар аталған салада жоғарыда көрсетілген ор­гандардың құқық қолданушы практикасында нақты нұсқаулардың жоқтығын растайды.

Астана қаласы Жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік қорғау басқармасының ақпа­ратына сәйкес, «қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны беру бойынша уәкілетті орган еш нормативтік  актімен белгіленбеген». Бұл жағдай басқа аумақтық уәкілетті органдардан сұрастыру кезінде расталды және азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретіндіктен, ол шұғыл шешімді қажет етіп отыр.

Қаралып отырған мәселелердің ма­ңыз­дылығын ескере отырып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Премьер-Министрге оларды қосымша қарауды тиісті орындарға тапсыру жөніндегі өтінішпен жүгінді.

 

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар