Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Уикипедияның үйретері не?

660 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде адамдар қолдарына кітапты жиі ала бермейді. Оған себеп – интернет. Халық қажет деген мәліметтерді компью­терді ақтарып, уикипедиядан іздейді. Мұның өзі өскелең уақыттың талабы. Бі­­рақ сол ақпараттық технологияңыз уақыт­­тың талабымен үндескенімен, нақты ақпарат алып, тарихи шындыққа көз жет­кізгісі келген талғампаз адамдардың талабына сай келе бере ме? Міне, мәселенің осы жағына келгенде үлкен күмән туындай­тын тәрізді.

Туып-өскен өңір болғаннан кейін таяуда өзімді қызықтырған бір жағдайларға қанық болу ниетімен интернеттен Қостанай облысы туралы мәліметтер іздестірдім. Сөйтсем, обалы не керек, біраз деректер табылады екен. Әсіресе облыстың аумақтық-әкімшілік бөлінісі, тұрғындарының саны, географиялық орналасуы мен табиғи-климаттық жағдайына қатысты біршама мәліметтер бар болып шықты. Онысына да тәубе дедік. Бұл да болса өзіміз жетістікке жеттік деп жағалай жар салып жатқан цифрландырудың бір көрінісі ғой деп ойладық. Бірақ...

Бірақ осындағы «облыста дүниеге келгендер» деген бөлімге көз жүгірткен кезде марқайған көңіл су сепкендей басылды. Неге дейсіздер ғой? Айтайық. Сөйтсек, облыста дүниеге келген қазақ халқының зиялыларының ішінен Шоқан Уәлихановты, Ыбырай Алтын­саринді, Ахмет Байтұрсыновты, Мір­жақып Дулатовты, Бақытжан Байқадамов­ты, Манаш Қозыбаевты, Төлен Әбдіков пен Бейімбет Майлинді, мемлекет қайраткерлері арасынан Орал Мұхамеджанов пен Әділбек Жақсыбековті және Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваны келтіріпті. Ал осы өңірдің мақтанышы болып табылатын арғысы Шақшақ Жәнібек, бергісі қазақтың тұңғыш журналы «Айқапты» шығарған Мұхамеджан Сералин, қазақтың тұңғыш дәрігері Мұхамеджан Қарабаев, ағартушы ұстаздар Спандияр Көбеев пен Бекет Өтетілеуов, қазақтан шыққан тұң­ғыш әйел журналист Нәзипа Құлжанова, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Серке Қожамқұлов, КСРО халық әртісі Елу­бай Өмірзақов, КСРО халық әртісі Қапан Бадыров, атақты ақын-жазушыларымыз Сыр­бай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Мәриям Хакімжанова, Жайсаңбек Молдағалиев, академиктер Өмірзақ Сұлтанғазин, белгілі қоғам қайраткерлері Ілияс Омаров пен Шайсұлтан Шаяхметов сияқты тұлғалардың есімдері мүлде жоқ. Біз бұл жерде даңқты қостанайлықтардың тізімін толық келтіріп отырған жоқпыз, тек бүгінде арамызда жоқ және есімдері атауға әбден лайық жер­лестердің ғана аты-жөндерін атап көрсетіп отырмыз. Егер Қостанай топырағында туған танымал адамдардың бәрін жаза берсек газеттің бір бетіне де сыймай кетуі мүмкін.

Бүгінгідей құндылықтарға деген көзқарас құлдырап кеткен заманда тіпті осы жайтқа онша көңіл аудармай-ақ та қояр ма едік, кім біледі, бірақ олай жасамауымызға белгі­лі бір жағдай түрткі болды. Жоғарыда өзі­міз келтірген әйгілі қостанайлықтардың аты-жөндері енбей қалған тізімге Михаил Медян­ский (кеңес офицері, полковник), Павел Кашин (әнші), Роберт Дитрих (неміс хоккейшісі), Виктор Немков (аралас жекпе-жек балуаны), Андрей Ламанов (Ту-154 экипажының командирі, Ресей Федерациясының батыры) деген сияқты мүлде ешкім танымайтын адамдардың есімдері енгізіліпті. Қостанай облысында дүниеге келген атақты адамдардың қатарына қосатындай полковник Медянский деген кім? Әлде ол сол облыстан шыққан алғашқы және соңғы офицер ме? Сол сияқты аралас жекпе-жек сайыскері Немков дегеннің де кім екенін ешкім білмейтін болып шықты. Егер спортшы қажет болса, беймәлім біреуді әкеліп қыстырғанша, Қостанайдың тумасы әрі талай-талай халықаралық спорт жарыстарына қатысып жүлде алып жүрген, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Дычко сияқты танымал спортшылардың есімдерін неге енгізбеске? Бір қызығы, бұл мәліметтер қазақша уикипедияда атымен жоқ болып шықты.    

Сірә, интернетке көп сене беруге болмайды деген халық арасында жиі айтылатын сөз шындыққа жанасатын сияқты. Әсіресе, жұртшылыққа жалған ақпарат беруде ғаламторыңыздың алдына жан салмайтыны бұрыннан-ақ белгілі болған. Енді келіп тарихи тұлғалардың аттарына қиянат жасау деген тағы бір «жаңалық» пайда болыпты.

Түбінде ақпараттардың бәрі электронды форматқа көшіріледі деген жоспар бар. Ондай күн туар болса, жоғарыда біз кел­тіргендей «қателіктер» үшін кім жауап бермек? Электронды түрде таратылған ақпараттардың ерекшелігі сол, оны бір сәтте өзгерте салуға болады. Демек, айыптының кім екенін ажыратып алу мүмкін болмайтын «іс бітті, қу кеттінің» нағыз өзі болып шықпақ. Егер мыңдаған тиражбен қағазға басылған ақпарат болса, оны қолыңа ұстап алып өз сөзіңнің дұрыс екенін дәлелдеуіңе болады ғой. Оның сыртында, баспа материалдары редакцияланып, бірнеше сүзгіден өтеді. Ал мынадай жағдайда «е-е, бір қате кетіп қалған екен, түзеттік» дей салады емес пе? Алда-жалда ондай «қателіктер» көбейе беріп, оның соңы тарихи шындықты бұрмалауға, сол арқылы халықты шатастыруға апарып соқтыратын болса не істемекпіз? Демек, ойланатын мәселелер бар...

Әрине, біз баяғыша қағаз-қаламға қайта оралайық деп отырған жоқпыз. Ол енді мүмкін де бола қоймас. Біздікі бар болғаны интернетке материал дайындайтын адамдардың да бойында жауапкершілік сезімі болса екен деген тілек.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»