Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

«Ұлы дала еліне саяхат» экспедициясы «Сарыарқа» бағыты бойынша басталды

747 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Ұлы дала еліне саяхат» жобасының Қазақстанның елордасы – Астананың 20 жылдығын атап өтуге арналған «Сарыарқа» бағыты бойынша төртінші экспедициясы басталды.

«Ұлы дала еліне саяхат» экспедициясы «Сарыарқа» бағыты бойынша басталды

«Сарыарқа» экспедиция бағыты 4 қыркүйекке дейін созылады. 16 күн ішінде экспедиция командасының мүшелері Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының ең қызықты жерлерімен 4595 шақырым жол жүріп өтеді. Экспедиция құрамында саяхатшылар, телевизия журналистері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер бар.

Қатысушылар Астанадан Ақмола облысындағы Ерейментау ауданы мен Қарағанды облысындағы Осакаров ауданы аумағында орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына жол тартады. Одан соң экспедиция тобы Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағына, Қарқаралы және Көкшетаудағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарына, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына барады.

QazaqGeography РҚБ халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов атап өткендей, экспедиция қорытындылары бойынша бірнеше жұмыс жасалады. Бірінші кезекте, «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасының қорытындысы бойынша туризмді дамыту тұрғысында күрделі мәселелер анықталып, оларды шешуге қатысты ұсыныстар дайындалады. Сонымен қатар, туристер үшін жаңа бағыттар жасалып, көрнекті жолнұсқалар мен фото-, бейне- деректер қоры құрылады.

«Біз ел аумағындағы бұл ауқымды жобаға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Барлығы жақсы өтеді деген ойдамыз, осы 16 күн ішінде біз Қазақстанның барлық әдемі жерлері туралы айтамыз. Әрбір қазақстандық пен шетелдік қонақтар біздің  көрікті жерлерімізге тамсануы үшін, әлеуметтік желілер мен телевидениені пайдаланамыз. Осы нысандардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас атмосферасы бар. Мысалы, Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлі 2000 жылы әлемдегі ең ерекше көлдер кіретін «Тірі көлдер» халықаралық желісіне енді», — деді Нұржан Алғашов.

Жалпы, жоба еліміздегі ең маңызды туристік кластерлерді, сондай-ақ Қазақстанның он бір облысы бойынша алты бағытты қамтиды: «Тянь-Шань маржандары», «Алтай – өркениет бесігі», «Жоңғар Алатауы», «Сарыарқа», «Теңізден теңізге дейін» және «Жаңа Жібек жолы». Бағыттар туризмді дамыту үшін қызықты табиғи және киелі нысандарды мейлінше көп қамту есебімен жоспарланған. Бесінші және алтыншы бағыттар Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының аумағымен жүретін «Теңізден теңізге дейін», сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары арқылы өтетін «Жаңа Жібек жолы» болады. Бұл бағыт бойынша қазақстандық қатысушыларға National Geographic Ресей телеарнасының тобы қосылады.

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы ҚР Үкіметінің қаулысымен 2017 жылы шілдеде құрылған. Компанияның негізгі міндеттері - еліміздің туристік әлеуетін шетелде дамыту, сонымен қатар Қазақстанның туристік саласына инвестициялар тарту.

«QazaqGeography» бес бағыт бойынша жұмыс істейді: география, климат; қоршаған орта, табиғи ресурстар; биоалуантүрлілік; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазір Қазақстан Республикасында 11 өкілдігі ашылған.

Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ҰК ұйымдастырушысы болып табылатын «Сарыарқа» бағытының экспедициясын Kazakh Tourism-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында QazaqGeography іске асырады.