22 Тамыз, 2018

Ақтөбеде жолдар сапасының нашарлау себебін анықтау шаралары жүргізілуде

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы жолдарының жағдайына қатысты көптеген азаматтардың шағымдарына байланысты Ақтөбеде жолдар сапасының нашарлау себебін анықтау бойынша шаралар өткізілуде.

Ақтөбеде жолдар сапасының нашарлау себебін анықтау шаралары жүргізілуде

Осылайша, ағымдағы жылдың 16 тамызында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облыстық департаментінің өкілдері және Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен Самара-Шымкент автокөлік жолында жүргізушілердің жүк параметрлерін асыру фактілерін алдын-алуға бағытталған бірлескен іс-шара ұйымдастырды.

Бақылау Құршысай ауылы маңындағы жылжымалы көліктік бақылау бекетінде жүзеге асырылды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облыстық департаментінің бас мамаманы Нұрболат Махмудовтың айтуынша сыбайлас жемқорлықты алдын-алу мақсатында Мәртөк ауданының «Жайсан» өткізу бекетінің тұсында орналасқан автоматтандырылған арнайы өлшеу іске қосылды.

«Автоматтандырылған арнайы өлшеу жүйесінің маңызды функцияларының бірі автомобиль жолдарын жүк көліктері әсерінен болатын бұзылудан сақтау ғана емес, сонымен қатар оларды өлшеу кезінде пайда болатын «жеке байланыс» түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою болып табылады.

 Осылайша, жүк көліктерін автоматты түрде өлшеу Қазақстан Республикасы аумағына кіре беріс тұстағы көліктік инспекция қызметкерлерінің барлық маршруттар бойынша негізсіз тексерісін болдырмайды», - деді Н.Махмудов.

Алдағы жылы автоматтандырылған арнайы өлшеу жүйесін «Әлімбет» өткізу бекетінің тұсына орналастыру күтіліп отыр, бұл өз кезегінде жүк тасымалдаушылар мен көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері арасында туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермейді.

Сонымен қатар, шара барысында «Жолдағы қабылдау» акциясы өткізіліп, жүк тасымалдаушыларға сыбайлас жемқорлық тақырыбында ақпараттық жаднамалар таратылып, сыбайлас жемқорлықты алдын-алу сұрақтарына қатысты түсіндірме және консультациялар берілді.  

Темір Құсайын