Үкімет • 22 Тамыз, 2018

Қала тұрғындары Астананың коммуналдық қызметтерінің нашар жұмыстарынан зардап шекпеуі тиіс — Б. Сағынтаев

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен күн тәртібінен тыс өзекті мәселе — Астанада болған жауын-шашын салдары қаралды.

Қала тұрғындары Астананың коммуналдық қызметтерінің нашар жұмыстарынан зардап шекпеуі тиіс — Б. Сағынтаев

Толассыз жауған жауынның кесірінен Астанадағы бірқатар көшелер көлкіген судың астында қалды. Соның салдарынан көшедегі қозғалыс қиындап, жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелері зардап шекті, қоғамдық көлік қозғалысы қиындады.

Бақытжан Сағынтаев осы мәселе жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескертулер айтылғанын атап өтті. Қаладағы кәріз жүйесін түпкілікті шешу туралы тиісті тапсырмалар да берілген. Әкімдік қаладағы жағдайға толығымен жауап береді яғни, табиғаттың осындай тосын мінезіне дайындық үшін және қала қызметтері жұмыстарының тиімділігі үшін де әкімдік жауапты.

«Қала тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтердің нашар жұмыстарынан зардап шекпеуі тиіс», — деп Б. Сағынтаев, жылда су басып кету жағдайлары бір көшелерде:  Б. Момышұлы даңғылында, Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшелерінің қилысында, «Бараев» және «Жастар» шағын аудандарында және т.б. көшелерде қайталанып орын алатынын айтты. Айта кету керек, метеорологиялық қызметтердің болжамы бойынша жаңбыр ұзаққа созылуы мүмкін.

Әкімдіктің осындай жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған шаралары туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев баяндады. Елорда әкімдігінің ақпаратына сәйкес, соңғы екі жылда қаланың жауын-шашындық кәріз жүйесіне қатысты ауқымды жұмыстар атқарылған.   

«Былтыр Тұран – Ұлы Дала, 31 көше, Көктал кенті, Мыңжылдық саяжолы, С. Сейфуллин көшелерінің тазарту құрылыстарын аяқтадық», — деді Астана әкімі.

Әкімдік мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр. Ә. Исекешев Астанада барлық жүйені теңгерімде ұстап, нөсерлік ағын қызметтерімен айналысатын, жауын-шашын кәріз жүйесін бұру жөніндегі кәсіпорынды құру жоспарда бар екенін айтты. Кәсіпорынды «Астана–Тазалық» негізінде құру көзделген.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп аталған мәселені пысықтауды тапсырды. Әкімдікке жақын арада осындай жағдайлардың алдын алу, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуге қатысты қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Б. Сағынтаев кәріз жүйесін, су жиналатын құдықтарды дер кезінде тазалау мәселелерін ерекше бақылауға алып, әр жауын жауған сайын су астында қалатын аумақтарда енді қайтып мұндай жағдайды болдырмау үшін кешенді іс-шаралар дайындауды тапсырды.

Елорданы дамытудың бесжылдық жоспарында Премьер-Министр жауын-шашындық кәріз жүйесіне басымдық беруді тапсырды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге ҚР Үкіметінің қарауына жіберілгенге дейін Бас жоспардың жобасын қайта қарау тапсырылды.