Қазақстан • 23 Тамыз, 2018

Жобалау кезінде қателікке жол берілген

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі күн қатарынан толассыз жауған жаңбырдан елорданың бірқатар көшесі судың астында қалды. Бұл жағдай қала тұрғындарын біраз әбігерге салып, әлеуметтік желілерде де «әңгіме» көбейген еді. Жауынның «жыры» кеше Үкімет отырысында да күн тәртібінен тыс қаралып, Премьер-Министрдің назарында болды. Ал түстен кейін Астанадағы Орталық коммуникация­лар қызметі қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовті шақырып, арнайы баспасөз мәжілісін өткізді. Онда елорданың нөсер кәріздері жүйесін дамыту жайы талқыланды. 

Жобалау кезінде қателікке жол берілген

«Қазгидромет» РМК мәлі­ме­тіне сәйкес, 20 тамыз бен 21 тамыз аралығында Астананың оң жа­ғалауында 36 миллиметр, ал сол жағалауында 45 миллиметр жауын жауған. Бұл айлық нор­мадан 40 процентке артық. Мұн­шама көп мөлшердегі жауын сал­дарынан қаланың кәріз жүйесін­дегі ақаулар тағы да сыр берген­дей. Өйткені жаңбыр суын азай­туға 11 тазарту құрылғысы, 2 су сорғыш, 11-ге жуық сорғы стан­сасы, 110 ассенизаторлық маши­на және басқа да техника­лар жұмылдырылған. Айдап қота­рылған судың көлемі саға­тына 50 мың текше метрді құра­ған. Бірақ көшенің суағарлары әуелден дұрыс салынба­ған­дықтан мұншама әрекеттің көме­гі аз болғандай. Жауын суын қа­былдаушы техникалар үл­гермей, Нәжімеденов, Тәуелсіздік, Мо­мышұлы көшелерінің біраз бөлігін су алып кеткен. Тек таң­ғы 5-ке жуық аталмыш көше­лер­ден суды сорып, тазарту мүмкін болған.

«Мамандандырылған кәсіп­орын­дар мен коммуналдық кә­сіп­­орындар осы уақыт аралы­ғында тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеді», деген Астана қаласы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметов көшелерді су алып кету жағдайларына жол берілгені үшін халықтан кеші­рім де сұрады. «ОКҚ алаңын пайда­ла­нып, қала халқына алғыс ай­та отырып, кешірім сұрағы­мыз келеді. Су алып кету жағдай­ларына жол берілді. Екі сағаттың ішін­де мәселе ретке келгенімен, бәрі­бір жағдайдың орын алғанын жасыра алмаймыз», деді ол.

Әлсіз тұсы әшкереленді деген осы шығар, бас қаланың бас кө­ше­леріндегі нөсер кәріздері­нің жүйесі дұрыс есепке құ­рыл­ма­ған­дығы тағы да дәлелденді. Се­бе­бі елорда көшелерін су басу, өкі­ніш­ке қарай, бұл бірінші рет емес еді.

«Тұран» даңғылы мен «Ұлы Дала» көшелерінің қиылысын су алып кетуіне жобалау кезіндегі қателік себеп болып отыр. Су ір­куіштің аумағы дұрыс есептелмей, осы себепті қуаттылығы төмен су сорғылар орнатылып қойған», деді Қ.Айтмұхаметов. Әкімнің орынбасары ендігі кезекте аталмыш участокті жаңғырту жұмысы жүргізілгелі жатқанын атап өтті. «Тазарту құрылымдарын басқару – штатты басқару жүйесінде. Біз ол жерде қосымша ТЖК бөлімшелерінің қозғалмалы сорғылы стансаларын орнаттық. Сонымен қатар аталған нысан жаңғырту бойынша жоба басталды. Жұмыс 2019 жы­лы бас­талып, 2020 жылы аяқта­лады», деді әкімдік өкілі.

Мәліметке сүйенсек, бүгінде қа­ладағы нөсерлік кәріздер жү­йесі 13 тазалау құрылғысынан жә­не 3 сақтау тоғанынан, 18,9 мың бақылау және жаңбырсуы құдық­тарынан, 398,8 шақырымға тарта магистралды коллекторларынан және науа арықтар жүйесінен тұрады. Олар 12,93 мың гектар аумақта жиналған жайылма судың кетуін қамтамасыз етеді. Тазарту құрыл­ғыларының жиынтық қуаттылығы тәулігіне 215,46 мың текше метрді құрайды. Ал елордада 2016 жылға дейін тек 9 тазарту нысаны мен 3 тоған жинақтаушы болған.

Айтқандай, Астана көшелерін су басқандығы жөніндегі ақпа­рат­тар әдеттегідей әлеуметтік желі­лерде тез тарағаны мәлім. Соның ішінде айрықша танымал болғаны – елорда көшесінде суды белшесінен кешкен қоғамдық көлік – салоны жолаушыға толы автобус еді. Брифинг барысында сол автобустың жүргізушісі жұмыстан шеттетілгені айтылды. Бұл туралы журналистер сұраған соң Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов мәлімдеді.

«Автобус жүргізушісіне ол жақ­қа бармау керектігі ескер­тілген. Оның үстіне ол жағ­дай­ды жақсы білген. Адамдармен келе жат­қанын ескеруі керек еді. Біз кө­шені жауып тастап, патруль­дік көлікті, қоршауды қой­дық. Ал­маты ауданы әкімді­гі­нің қызмет­керлері оған кері бұрылуды сұраған еді. Бірақ ол тыңдамай әрі қарай жүре берген. Ол айналып өтуі керек еді. Момышұлы көшесіне Тоқ­па­новты айналып өте алар еді. Басқа жүргізушілер айналып өткен. Ал аталмыш автобустың жүргізушісі олай етпеген. Оның ендігі жұ­мыста қалу-қалмауын «Astana LRT» басшылығы шешеді», деді Қ.Айтмұхаметов.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»