Әлем • 23 Тамыз, 2018

Сауда соғысының салдары жаһанды шарпиды

52 реткөрсетілді

2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» кейін едәуір есеңгіреген әлемдік экономика енді ғана ес жиып, нақты даму баспалдақтарына қадам басты. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) соңғы деректеріне сәйкес 2018 жылы жаһандық ІЖӨ 3,9 процентке дейін өсіп, осы меже келесі жылы да сақталуға тиіс. Әлемдік көшбасшы саналатын АҚШ-тың экономикалық өсімі 2,9 проценттен асып түспек. ХВҚ сарапшыларының болжамы бо­йынша, Еуроаймақтағы биылғы экономикалық өсім 2,2 процентті құраса, Қытайдың қарқыны 6,6 проценттен асып жығылмақ. 

Әсіресе, АҚШ-тың экономикалық ахуалы ерекше қарқынды даму деңгейін көрсетуде. HIS Markit’s Macroeconomic Advisers компаниясы сарапшыларының айтуы бойынша, АҚШ экономикасы биылғы екінші тоқсанда 4,5 процент өсім межесіне қол жеткізіп, соңғы жылдардағы ең биік деңгейді бағындырған көрінеді. Бұл жетістік бірінші кезекте, АҚШ президенті Дональд Трамп жүргізген салық реформасының нәтижесі. АҚШ экономикасы әлемдегі барынша әртараптандырылған ұлттық экономиканың бірі де бірегейі. Жаһандық экономикалық даму үрдісінде Америка соңғы 100 жыл бойы көшбасшылық орнын жоғалтып көрген емес.

«Ұлы рецессиядан» кейін қалпына келіп, күрт көтеріле бастаған әлемдік экономика таяу болашақта тағы бір қатерге ұрынғалы тұр. Оның басты себебі батыстық экономикалық модельге деген сенімнің әлемдік аренада жоғала бастауы болып отыр. Соңғы уақытта дамыған елдерде жаһандану үрдісін жақтырмау көзқарасы белең алды. «Отқа май құйғандай», бұл көзқарастың қалыптасып, барған сайын өрши түсуіне тағы да әлемдік көшбасшы – АҚШ бастамашы болуда. Д.Трамптың бүгінде жаппай қолданыла бастаған протекционистік саясаты жаһандық экономиканы жоғары даму үрдісінен жаңылдыра бастады. АҚШ, Қытай және Еуроодақ арасында тұтанған сау­да соғысының әлемдік экономикаға тигізетін салдарының қаншалықты болатындығына әзірге бірде-бір сарапшы нақты болжам айта алмайды.

АҚШ билігі алдымен Қытай мен Ресейдің қола және болат экспортына тиісінше 10 және 25 проценттен баж салығын салса, көп кешікпей бұл қатарға Канада, Мексика және Еуроодақ мемлекеттерін де кіргізді. Әлемдік сауда сахнасындағы бұл әділетсіздікке жауап ретінде Еуроодақ америкалық тауарларға импорттық баж салығын енгізді. Одан кейін АҚШ Қытайдан импортталатын көптеген тауарларға баж салығын сала бастады. Бұл әлімжеттік қадамдарды Д.Трамп Қытайдың «әділетсіз сауда тәсілдеріне» және «америкалық интеллектуалдық меншік пен технологияларды ұрлағаны үшін» қарсы қолданылған жауап деп түсіндірді. Бейжің де қарап қалмады. Жалпы құны 50 миллиард доллардан асатын 659 америкалық тауарларға импорттық баж салығын салды. Тақыр жерден тұтанған бұл сауда соғысынан әлемдегі басқа да үлкенді-кішілі экономикалар сырт қалатын емес. АҚШ-тың әлемдік саудадағы әлімжеттік қадамдарынан Түркия және Үндістан экономикалары да зардап шегуде.

Өткен жылы Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда халықаралық спикерлер әлем экономикасының алдында тұрған аса қауіпті бірнеше қатерді атап көрсеткен еді. «Халықаралық сауданы бөлшектеп иелену пиғылының өсуі, әлемдік жетекші экономикаларда экономикалық протекционизмнің белең алуы, салық жүйесіндегі иліктіру (бағындыру) саясатының күшеюі әлем экономикасы үшін елеулі проблемалар туындатады»,  деген еді Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард. Ал жақында ХВҚ-ның атқарушы директоры «АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жаһандық экономикалық жүйенің «үзілуіне» тікелей қатер төндіріп тұр», деп атап көрсетті.

Сондай-ақ ХВҚ-ның экономикалық кеңесшісі Мори Обстфельд АҚШ президентінің саясаты жаһандану үрдісіне жасалған қауіпті соққы екендігін айта келіп, «Брексит Еуропалық Одақты өте үлкен жаһандық экономикалық қатерге жақындатып отыр» деген пікірді алға тартты. Қалай болғанда да, көптеген сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта жаһандану идеясына ірі мемлекеттердің сенімі жоғалып, «көрпеге қарай көсілетін» тұйықталу дәуірі басталған. Сондықтан бүгінде жаһандану үрдісіне жаппай бой алдырып, экономиканың барлық саласында осы идеяның салдарына сөзсіз жол беру қауіпті қатерлердің біріне айналып отыр. Бұл ең алдымен, «экономикамыз жаһандық үрдістерге берік кірікті» деп «бөркін аспанға лақтырып жүрген», табиғи ресурстарды көптеп экспорттайтын Қазақстан сияқты дамушы елдерге тікелей қатысты. Сондықтан жаһандану жәрмеңкесіндегі әрбір қадамымызды санап басып, дамыған державалар бастаған әлемдік сауда соғысының зардабына ұрынып қалмауды қатты қадағалау керек. Жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік экономика дағдарыстан кейінгі ең жоғары даму деңгейіне көтеріліп, мұнай бағасы 75 долларға жеткен бүгінгі жағдайда ұлттық теңгеміздің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамының 367 теңгеге дейін құнсыздануы осы жаһандану үрдісіндегі қаракеттің салдары.

Әлемдік нарықта белең алған сау­да соғысының салқыны Америкаға әсер етпейтін түрі бар. Дуалы ауыз сарапшылардың пікірінше, сауда соғысынан Қытай, Еуропа және басқа елдерге қарағанда АҚШ аз зардап шегеді. Өйткені бұл елдің экономикасы басқаларға қарағанда ішкі нарыққа барынша бейімделген. Мәселен, 2016 жылдың қорытындысы бойынша америкалық ІЖӨ-дегі экспорт көлемі 12 процентті құраған. Ал Бүкіләлемдік банк деректері бойынша, Қытайдың ІЖӨ-дегі экспорт үлесі 20 процент болса, Еуропа елдеріндегі бұл көрсеткіш 43 процентті құрайды.

ХВҚ сарапшыларының есептеуі бойынша, сауда соғысы әлемдік экономикаға жарты триллионға дейін зиян шектіреді. Ал бұл текетірес одан әрі өрістей берсе, оның тигізетін зардаптарын болжау мүлде мүмкін емес. Өкінішке қарай, әлемдік саясат сахнасында «әй дейтін әже, қой дейтін қожа көрмей» келе жатқан АҚШ-тың жуыр маңда айылын жиятын түрі көрінбейді. Күні кеше АҚШ билігі Қытайдың жалпы көлемі 200 миллиард доллар болатын тауарларына қатысты тарифті көтеріп, барлық автомобиль импортына 25 процент баж салығы салынатыны туралы шешімді алға тартты. Егер, АҚШ президенті бұл шешімге қол қойып, «қызыл сызықты» белден басатын болса, әлемдік экономиканың даму қарқынын талай жылдарға кейін шегеретін жаңа жаһандық дағдарыс басталуы мүмкін.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар