Медицина • 23 Тамыз, 2018

Қазақстанның міндеті – ядролық қаруды таратпау

5738 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Семей ядролық сынақ полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республи­­касының Президенті Нұрсұлтан Назар­­баевтың тарихи Жарлығымен жабылды. Әлемдегі ең ірі полигон болып саналатын сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі көшбасшы ел атанып, атомды соғыс құралы емес, бейбіт өмірге бағыттай бастады. Осыған орай құрыл­ған Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта атом энергетика­сын дамытуға қатысты көптеген ғылы­ми-тәжі­рибелік жұмыстар қолға алын­ды. Атом ғылымы қазіргі таңда қалай және қай бағытта даму үстінде, міне, осы жайлы физика-математика ғылым­дарының докторы, Ұлттық жараты­лыс­тану академиясының академигі, Кур­чатов қаласындағы Ұлттық ядролық ор­та­лық­тың бас директоры Эрлан БА­ТЫР­БЕКОВПЕН әңгімелескен едік. 

Қазақстанның міндеті – ядролық қаруды таратпау

 Біздің қоғамда Қазақстанда АЭС салынса, ол қорша­ған ортаға зиянын тигізеді деген пікір қа­­лып­тасып отырғаны рас. Осы пікір қан­ша­лықты дұрыс және Қа­зақстанға бүгінгі таң­да не себептен атом электр стан­са­сы­ның салынуы қажет?

– Егер АЭС салынған кезде халық­­аралық тәжірибедегі озық технологияларды қолдан­са, мамандардың біліктілігі терең болса, ғалымдардың білімі, қабілеті жоғары деңгейде болса, онда Қазақстанда экологиялық қаупі бар АЭС салынады деп қауіптенудің еш себебі жоқ деп айтар едім. Керісінше, ха­лық­аралық деңгейдегі озық тәжірибемізді пай­далана отырып, ұлттық атом энергетика­сын жоғары дәрежеде дамытуға болады.

Бұл эко­номикалық жағынан тиімді. Атом ядро­сының қилы тағдыры бар, осы­ған орай, Ұлтық ядролық орталық ғалымда­ры­ның тәжі­рибесіне әлем назар аударып отыр­ған­­дығын да естен шығармау керек. Еліміз­де көміртекті отын көзі жеткілікті болған­дықтан, Қазақстанға жақын маңда атом электр­ стансасы салына қоймас. Десек те Қазақ­стан үшін біраз уақыттардан кейін электр ­энергиясының негізгі көздерін қалайда жаңар­ту қажеттігі туындайды. Бұл орайда АЭС өзінің күш-қуатына орай электр энергетикасымен қамтуда озық технология жетістігі болып табылатындығын ескерген жөн.

– Атом реакторларын конверсия­лау немесе айырбастау дегенді тү­сіндіріп бер­се­ңіз. Әрі оның маңыз­ды­лығы туралы айтып өтсеңіз?

– Атом реакторының конверсиясы дегені­міз – жоғары байытылған отыннан төмен байы­тылған түріне көшу. Бұрын­да­ры жасалған зерттеу реакторларында жоғары дең­гейде байытылған «Уран-235» изотобын­дағылар пайдаланылып келді. Осыған орай «Уран-235» әу бас­та 36 проценттен 90 процентке дейінгі аралықты қамтыды. Төмен байытылған «Уран-235»-те небәрі 20 процент изотоп бар. Не себептен төмен байытылған уран изотобына көшіп жатырмыз?

Себебі жоғары байытылған уран негізінен атом қаруын жасауға қолданылады. Жаппай қырып-жою қаруының қаупін азайту үшін бізге төмен байытылған уран көзі керек. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтар алдындағы міндет­теріне орай Қазақстанның Ұлттық ядро­лық орталығында 2010 жылдан бастап ИГР және ИВГ.1М. реакторларын айырбастау жұмыстары қолға алынған. ANL келісімшарты бойынша аналитикалық зерттеулермен қатар, тәжірибелік отын түрін төмен байытылған уранда сынау жұмыстары да жүргізілуде.

2017 жылы ИВГ.1М реакторын алғаш рет кешенді екі ВОТК-НОУ сынақ жүйесі­мен төмен байытылған уран бо­йынша іске қос­тық. Осы арқылы 20 про­центтік «Уран-235» реак­­торы жұмысын бастады. Бүгін­де осындай 9 жоба іске қосылды. Осы арқылы аса маңыз­ды, яғни радиациялық топы­рақ жа­бын­дарын сақтайтын «Байкал-1» кеше­ні­нің тех­ни­калық жағдайын жақсартып, инфрақұрылымын қалыпқа келтіріп жатырмыз. Тағы да бір ИГР реакторын конверсиялау туралы мәселені қазір талқылау үстіндеміз. Бір сөзбен айтқанда, соғыс құралы ретінде жасалған күрделі ғылыми-техниканы залалсыздандыру қажет. Атом тек бейбіт өмірге қызмет етуі тиіс.

– Ұлттық ядролық орталық қауіп­сіз атом энергиясы бағытында қандай шет­елдік әріптестермен, ғалымдармен бірлесе жұмыс атқаруда?

– Ұлттық ядролық орталық шетелдік ұйымдармен және ғылыми қорлармен ұзақ жылдар бойы әріптестік қарым-қатынас жүргізіп келеді. Атап айтсақ, Жапония, АҚШ, Ресей, Франция, Бельгия, Беларусь және тағы басқа атом энергетика саласына қызығушылық танытып отырған елдер Қазақстанмен әріптестік байланыстарын нығайтып отыр.

Жыл сайын біздің әріптестеріміздің қатары ұлғайып келеді. Мысалы, қазіргі уақытта Ресейдің Н.А.Доллежаль атындағы ғы­лыми-зерттеу және конструкторлық энер­готехникалық институтымен де бірлесіп жұмыс атқару үшін өзара келіссөздер басталды. Ал Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Франция елінің ИТЭР ұйымымен келісімшартқа қол қойдық.

– Ұлттық ядролық орталық Семей сы­нақ полигонының қауіпсіздігін нығайту, радиоэкологиялық жағда­йын жақсарту бағытында орасан зор жұмыстар атқарып жатқандығы белгілі. Десек те, жарылыстардан зар­дап шеккен жерді радиациядан тазарту жұ­мыстары толығымен қашан ше­шіледі? Осы бағытта қандай жұмыс­тар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

– Бұрынғы Семей ядролық сынақ полиго­нының хал-ахуалын зерттеп, радиациялық ластану деңгейін анықтау 1994 жылдан басталып, қазірге дейін жүргізіліп келеді. Алғашқыда бұл шаруаның тоқтап қалған кездері де болды. Қаржылай қиындықтар, мамандардың жетіспеушілігі, құрал-жабдықтардың жоқтығы да біраз қолбайлау еді.

Бертін келе бұл мәселелер шешімін тапты. 2004 жылдан бастап полигон жерлерін зерттеу жүйелі түрде жүргізіле бастады. «Семей сынақ полигоны жеріндегі қауіпсіздік шараларын қамту» бағдарламасы бекітіліп, әлі күнге дейін осы жоба жұмыс істеп тұр. По­­лигонның кешенді түрде 10410 шар­шы шақырымы (бұл жалпы полигон аума­ғы­ның 56,3%-і), сондай-ақ 770 шаршы шақырымдағы «Балапан» сынақ алаңының да жері зерттелді.

Дәл қазіргі уақытта полигон аумағын зерттеу мәселесінің деңгейіне келсек, 9970,45 км2 жер техногенді радионуклидпен ластанғаны анықталды. Бірақ бұл адамдарға, қоршаған ортаға қауіпті емес, сондықтан ауыл шаруашылығына пайдалана беруге болады. «Опытное поле» және «Дегелең» сынақ алаңда­рын­дағы ластанған тұстарды зерттеп, топы­рағын қопара алып, оларды «Байкал-1» қойма сақтағышына жет­кізу жұ­мыстары жүруде.

Осы маңда радиациялық қауіп деңгейінің азаюына бір себеп, 5,05 км2 аудандағы топырақты тереңінен жыртып, былғанған беткі қа­ба­тын алып тастауымыздан болып отыр. «Дегелеңнің» 0,065 км2 алаңында радиа­цияға былғанған жерлердің 40 ұңғы­масына таза топырақтар себілді. Осы «Дегелең» мен «Опытное поле» алаң­дарының «4» и «4А» деп аталатын тұс­­тарына баруға мүлде тыйым салынды.

Біздің жобалауымызша, 2021 жылы Семей полигонының жерін кешенді зерттеуді толық аяқтаймыз. Экологиялық тексеруден соң қанша мөлшерін ауыл шаруашылығына тапсырамыз, соны анықтаймыз. Біраз жерлерге тыйым салынады, біраз тұстары қорда тұратын болады. 2021 жылы Семей ядролық сынақ полигонындағы радиоэкологиялық жағдай туралы ақпарат толығымен алынатын болады. Сынақтың зардаптарын таратпау, ел мен жерді сауықтыру үшін «Бұрынғы Семей сынақ полигонының жерін сауықтыру» бағдарламасы да қолға алынып, онда белгіленген жерлерге мүлде тыйым салынып отыр.

Бірақ бір нәрсені түсінген жөн. «Полигон жерін толықтай тазартамыз» деген бір жақты бағыт алу бұл қателік. Аса қауіпті сынақ алаңдарының тұсына адам баруға болмайды деген белгі қойылып, бұл жерлер үнемі бақылауға алынатын болады. Радиациялық ластану деңгейіне үнемі мониторингілік бақылау жүргізілетін болады.

Полигон – Қазақстан ғалымда­рына ұзақ жылдар бойы қоршаған ор­таның радиа­циялық зерттелуіне ықпал ететін тәжірибе алаңы екендігін де ұмытпаған жөн.

– Болашақ физик-ядрошы мамандар Ұлттық ядролық орталықта қайта оқы­ту­дан өте ала ма? Атом саласына қандай жо­ғар­ы оқу орындары мамандар дайындайды?

– Атом саласына маманданушы студент жастар бізден тәжірибеден өте алады. Бүгінде Ұлттық ядролық орта­лықта Қазақстандағы түрлі жоғары оқу орындарының студенттері келіп, ғы­лыми-тәжірибелік жұмыстармен ай­на­лысуға мүмкіндік жасалған. Олар­дың ара­сында әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, «Назарбаев Универ­ситеті» АҚ және тағы басқаларын атауға болады.

Мен өзім «Техникалық физика» ма­­­ман­­дығы бойынша PhD қорғауында дис­серта­ция­лық кеңестің төрағасымын. Бұл жобамыз Се­мейдегі Шәкәрім уни­верситетімен бір­лесе атқарылуда, оны жақында ғана қолға алдық. Иә, қазақ­стандық жоғары оқу орындары атом саласына жас мамандар дайындайды. Бірақ ең алдымен түсініп алатын дүние, атом саласы дегеніміз – бұл уранды барлап, іздеп, табудан басталып, АЭС-терге қажетті отын түрлерін дайындай білу, ядролық құрыл­ғылардың қауіпсіздігін дұрыс атқара білу, экологиялық қауіпсіздік деңгейін жетілдіру сияқты көптеген маңызды дүниелерді тереңінен оқып, тәжірибеден өту деген сөз.

– Биыл Ұлттық ядролық орталық «Токамак» (КТМ) ғылыми-зерттеу жұмысына орай тағы да қандай кешенді жобаларды қолға алмақ?

– 2017 жылы 26 мамырда Ресейдің Қазан қаласында ТМД-ға мүше Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қыр­ғызстан, Тәжікстан елдерінің «Токамак» КТМ-ды бірлесіп пайдалану жөнінде өзара үкіметаралық келісімі болған еді. Осыған байланысты плазмалардың жануын омдық түрде қарастыру, жүйені басқару және автоматтандыру сияқты көптеген шаруалар қолға алынбақ және Халықаралық ИТЭР ұйымы мен ҚР ҰЯО-ның өзара ғылыми-техникалық әріптестігіне орай ИТЭР-дағы апатты жағдайлардың алдын алу, радиациялық жағдайға төзімді материалдарды зерттеу сияқты жұмыстарды бастап кеттік. Осылардың барлығы да бұрын-соңды әлемде болмаған тың жаңалықтар. Адамзат баласының термоядролық синтез технологиясын басқара білуінің тың көрсеткішін, қазақ ғылымының әлемге танылуы мен жетістігі деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

Шығыс Қазақстан облысы,

Курчатов қаласы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше