Таным • 23 Тамыз, 2018

Әділетшіл Әбекем

711 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өмірде шын дос табу оңай емес. Әсіресе, жасың ұлғайған шақта. Бұл аксиома болып кеткен ұғым. Алайда қазекем «Жақсыда жаттық жоқ» деген сөзді әсте бекер айтпаған екен. Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып жүрген екі жылдан астам уақыт ішінде халқымыздың маңдайлары жарқырай туған талай ардақты азаматтарымен танысып-бі­лісіп, жолдас болып кеттік. Солардың бірі һәм бірегейі – белгілі заңгер, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғанов

Әділетшіл Әбекем

«Кемедегінің жаны бір». Күнделікті тірлікте сыпайы сәлемдесіп қана жүретін кейбір әріптестерімізбен анда-санда іссапарға бірге шыққан кезде ғана жақын араласып, кімнің кім екендігін анық аңғарып жүрміз. Әбдіманап Елікбайұлы екеуміздің достығымызға дәнекер болған да сондай жол үсті. Тә­уел­сіз Мем­лекеттер Достастығы Пар­ла­мент­ара­лық Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысу үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына бірге барған сапарымызда алуан тақырыпта кеңінен пікір алысып, түсінісіп кеттік. «Адам – сөйлескенше» деген осы. 

Әбекеңді бұрын да Парламентте қаралып жатқан заң жобаларын талқылау барысында білікті заңгер, білім саласында жинақтаған тәжірибесі мол басшы ретінде танып, сырттай құрмет тұтып жүретінмін. Енді оның жан дүниесіне көз жіберіп, өмірлік ұстанымына қаныққан соң, Әбдіманап Елікбайұлының кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы көз алдымда асқақтап сала берді.

Орыс ағайындардың «Онымен бірге барлауға баруға болады» деген қанатты сөзі осындай аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл, пайымы кең, парасаты биік азаматтарға арнап айтылса керек деп түйдім. Содан бері бір-бірімізді селкеусіз сенім артар дос тұтып, сын сәтте сыр бөлісер сенімді серік көріп, әзіл-қалжыңымыз да жарасып, жұп жазбай, қатар келеміз.

Әбдіманаптың өзім ерекше қадір­лейтін бір қасиеті – «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші, бетің бар, жүзің бар демей, кімге болсын турасын айтып салатын турашылдығы һәм әділетшілдігі. Сондайда оның бі­реуге ұнап, біреуге ұнамай қалған бірбеткей қалпын көргенде ойымда: «Әділетшіл Әбекем-ай! Біздің бүгінгі Парламентіміз өзің сынды өршіл тұлға­ла­рмен мықты ғой...» деген сөз тұрады. 

Ол ұзақ жылдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факуль­­тетінің деканы, М.Х.Дулати атын­­дағы Тараз және І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік университет­те­рі­нің ректоры қызметтерін абыроймен атқарып, еліміздің білім саласы­ның өзекті мәселелерін бес саусағын­дай білетін маман әрі «Нұр Отан» партия­сының сайлауалды бағдарламасының білім беру бағыты бойынша тәлімгері болғандықтан, әсіресе, Білім және ғылым министрлігінің тарапынан орын алған кейбір кемшіліктерге төзбестік танытып, өткір сыни пікірлерін ашық айтып, дүркін-дүркін депутаттық сауалдар да жолдап, қатаң талап қойып жүр.

Онысы – әділеттілікті жақтау, заңды­лықты сақтау, ел ертеңі – жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру ісіне деген шынайы жанашырлық, ұстаздық парызына адалдық. Әйтпесе, оған: «Қайтып ашатын есігіңді қатты жаппа, түбінде өкінуің мүмкін...» – деп жандары ашығансып кеңес берушілер де табылып жатады. Бірақ, Әбекең ондай «ақылгөйлерді» тыңдаған емес. Себебі оған жалтақтық пен жағымпаздық жат. Ол үшін ел мүддесі, өскелең ұрпақ тағдыры – бәрінен биік. «Айтарымызды айтпай, сөздің атасын өлтіріп жатсақ, елдің бетіне қалай қараймыз?» дейді халық қалаулысы.

Қаймағы бұзылмаған қазақ ордасы – қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген Әбдіманаптың осындай мемлекетшіл мінез-бітімінің, айбынды азаматтық тұлғасының түп-тамыры тереңде екен, сұрастырып білсем. Бұл ретте, әуелі халқымыздың «Ба­лаға қандай ат қойылса, оның бола­шақ тағдыры соған байланысты болады» деген нанымына сенген ата-анасы Әбдіманап деген есімнің «өмір-бақи бекзат» деген мағына беретіндігін ескеріп, жақсы ырым еткендігін айта кеткен жөн шығар.

Ал «Әке көрген оқ жонар» десек, әкесі Елікбай да өмірде алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, бірбеткей, бірсөзді адам болған екен. Мақташылар бригадасының бригадирі болып көп жыл жемісті еңбек еткен ол «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы» атанып, дүниеден озған соң есімі Дихан баба ауылының орталық көшесіне берілген.

Ал бүгінде жасы сексеннен асқан анасы Хадиша құтты қоныс етіп отырған үйдегі аспалы шамның түбіне жылда көктемде қарлығаш ұя салады екен. Киелі құс иман нұрына бөленген қасиетті қарашаңырақты таңдағаны талассыз-ау... Осындай отбасыда өскен перзенттің бойына адами асыл қасиеттердің дарымауы мүмкін емес болар, сірә да.

«Әбекең бізге басшы болып келген кез – жағдайымыз нашарлау, айлық айлыққа жетпей қиналып, жұрттың қас-қабағына қарап сөйлейтін кез еді ғой. Жаңа ректорымыз университет оқытушыларын еш бөлмей, алаламай, оларды еш нәрседен кенде еткен жоқ. Ол, сонымен қатар, нарықтың экономикаға көшкен кезде талан-таражға түскен университет мүлкін қайтарып алуға барын салды.

Спорттық лагеріміз бар еді, бұрынғы ректор мүлдем құрып кетпесін деп, оны бір кәсіпкерге берген көрінеді. Ол кәсіпкер лагерьді жөндемек түгіл, жүнше түтіп жіберді. Студенттердің қолымен салынған лагерь құрып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Осыны естіген Әбекең әлгі кәсіпкермен соттасып жүріп, ақыры лагерімізді қайтарып алды. Кезінде бізде профилакторий да болған еді. Ол да қиыншылық кезінде небәрі бір жүз мың теңгеге сатылып, кейін қолдан-қолға өтіп, тозып кеткен-ді.

Оны да қайтарып алып, жөндетіп, сол жерге студенттердің жатақханасын да салдырды. Қазіргі студенттер тамақтанатын «Айша сұлу» кафесін де әлдебір кәсіпкерден қайтарып алып, университет меншігіне өткізген де Әбекең еді. Сол тұста мұндай іс-әрекетке кімнің батылы жетіп бара алушы еді?! Талайлар мемлекет мүлкін емес, жеке басының қамын күйттеп жүрген уақытта осындай азаматтыққа барған Әбекеңді қаншалықты мақтан етсек те, лайықты», – деп еске алған екен М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Лесхан Байсерке («Парасат жолы» 93-бет, Алматы, 2013 жыл).

«2006 жылы жұбайым жол апатына түсіп, аяғын кесетіндей жағдайға душар болды. Әлбетте, ағайындық танытып, жанашырлық білдірген, көмек қолын соз­ған туған-туыс, дос-жолдастар көп болды. Десе де, Әбдіманап Елікбайұлы күнде теле­фон шалып, жағдайын біліп тұрды. Бірде: «Мына дәрігерлерің дұрыс болмай тұр-ау. Сызғанов атындағы инс­титуттың бас дә­рігерімен сөйлестім, сол жерде білгір хирургтер бар екен, со­ларға барып қаралыңдар», деп жол көрсетті.

Құ­дайға шүкір, жолымыз болып, жұба­йым осы күні шауып жүр. Аяғы да орнында, денсаулығы да жақсы. Әри­не, бірін­шіден, Алланың көмегі болған шығар, екіншіден, Әбдіманап Елік­байұлы­ның биік адамгершілік қасие­­тінің ша­пағаты тигені анық. Осын­дай жылы көз­қарас, адамның жағдайы­на қарау кез-келген басшының қолы­нан келе бер­мейді десем, артық айтқан­дық болмас», – деп еске алады І.Жан­сү­гі­ров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінің бірінші проректоры, заң ғы­лым­дарының докторы Ләззат Еркінбаева.

Жуырда Астана қаласындағы рес­пуб­ликалық деңгейдегі беделді мекеме­лердің бірін басқаратын белгілі ғалым ағамыз менімен кездесіп қалып, сөз арасында: «Қарамағымда істеген бір қыз­мет­керім негізді себеппен қызметінен боса­тылған соң үстімнен арызды қарша боратты. Жоғарғы Сотқа дейін соттасып, ақыры жеңіліп тынды.

Оның бір арызы кезінде өзіммен бір кабинетте бірге отырып, қызметтес болған елге танымал азаматқа түсіпті. Ол менімен сөйлесіп, мән-жайды білместен, арызды бірден Бас прокуратураның қарауына жолдапты. Сонысы үшін оған қатты ренжідім. Ал дәл сондай арыз өзіммен ешқашан бірге қызмет атқармаған Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановқа да жолданған екен.

Ол кісі бірден менімен тікелей хабарласып, жағдайды егжей-тегжейлі сұрап білді де, қолындағы арызды біздің мекемеміз бағынатын уәкілетті органға тексеруге жіберетінін айтты. Заң бойынша осылай істеуге тиісті екендігін де жеткізді. Сол жолы Әбдіманап Елікбайұлының парасаттылығына қатты разы болып қалдым. Сендер де біле жүріңдер деп айтып отырмын», – деді.

Енді бірде Парламент Мәжілісі бас­па­сөз қызметінің маманы Жігіткер Бай­телесов: «Таяуда бір ыңғайсыз жа­ғ­дай бол­ды. Депутат Әбдіманап Бектұр­ғанов­тың мақаласын жариялаған бір респуб­ликалық газетте оның есімі қате жазылып, басқа адамның атынан жарияланып кетіпті. Сол үшін мақаланы дайындаған журналист қатаң жазаға тартылғалы жатыр екен. Мұны естіген Әбдіманап ағамыз газет редакциясының басшысына телефон шалып, кінәлі журналиске өзі араша түсті. Сол үшін Әбекеңе бәріміз қатты риза болдық», – деп, әріптесімнің адамгершілігін айқын аңғартатын тағы бір деректі паш еткені бар.

Мен білетін Әбдіманап Бектұрғанов, міне, осындай азамат. 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның құрметті журналисі