Абыройлы азамат өзінің өнегелі еңбек жолын ҚазКСР Есептеу орталығының жалпы экономикалық міндеттерін оңтайландыру бөлімінің аға инженері ретінде бастаған, кейін Бүкілодақтық Мемлекеттік технологиялық-жоспарлау институтында және ҚазКСР Қаржы министрлігінің ақпараттық-есептеу орталығында басшылық қызметтер атқарған.
Алтай Болтайханұлы елдің қаржы жүйесін дамытудың теориялық, әдіснамалық және практикалық мәселелеріне баса назар аударған, бұл оның Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанынан Қаржы-банк менеджменті ғылыми-зерттеу институтын құру идеясында көрініс тапты. Мұнда Алтай Болтайханұлының жетекшілігімен Үкімет үшін нарықтық жүйеге көшу, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша ауқымды зерттеулер жүргізілді. Оның ұлттық валютаны енгізу қажеттілігін негіздеуі де тарихи сәт болды.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатын іске асыру мақсатында, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін А.Зейнелғабдин белгілі экономист-ғалымдармен бірлесіп әлемдік ғылымның қазіргі жетістіктері негізінде нарықтық экономиканы және қаржы жүйесін тиімді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамаларды әзірлеуге қатысты.
Дарынды ғалым Қарағанды облысының Ақтоғай селосында дүниеге келген. Жастайынан атасының қолында тәрбиеленіп, оның ғибрат аларлық, тамаша тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздерін ойға түйіп, рухани құндылықтарды, әділдік пен адалдық қағидаттарын бойына сіңіріп өскен. 1969 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
1978 жылы білім беру жүйесін қаржыландыру мәселесі бойынша кандидаттық диссертацияны тамаша қорғап шықты. Бірақ білімге құштар ғалым мұнымен шектелмей, 1995 жылы «Қаржы жүйесі және оның Қазақстан Республикасында жұмыс істеу тетігі» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. Зерттеуде қаралған салық салу, шаруашылық субъектілерінің қаржы ресурстарын қалыптастыру мен пайдалану тетіктері, республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу мен пайдалану әдістері ғалымдардың мемлекеттік міндеттерді шешуінде әлденеше рет қолданыс тапты.
Сонау қиын-қыстау 90-жылдары Алтай Болтайханұлының көзқарастары Қаржы министрі А.С.Павловтың назарына ілінген. Александр Сергеевич практик-ғалымның республикалық бюджетке ұсынған сарапшылық қорытындысымен танысқан соң, оны Қаржы министрлігі Бас бюджеттік басқармасының директоры қызметіне шақырған, ал 1997 жылы Сырттан қарыз алу жөніндегі комитеттің төрағасы етіп тағайындайды.
Алтай Болтайханұлының ғылыми әзірленімдерінің арқасында елдің мемлекеттік қаржысын басқару жүйесіне елеулі реформа жүргізіліп, салық салу жүйесін жетілдіруге, бюджет шығыстарын оңтайландыруға, республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын бөлуге, мемлекеттік ішкі және сыртқы борышты тиімді басқару тетігін құруға бағытталған саясат жалғастырылды.
Ғалымның таланты мен белсенді азаматтық ұстанымына үлкен саясат та зәру болды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алтай Болтайханұлы Есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалды, мұнда оның практик-қаржыгер ретінде әлеуеті барынша ашылды. Алтай Болтайханұлы өзінің мол тәжірибесімен және креативті ойларымен Қазақстанның қаржылық бақылау жүйесінде реформалар жүргізу қажеттілігі туралы алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған болатын. Ол О.Өксікбаев, З.Загоскина, А.Нұрымов, Ш.Шардарбеков, К.Сейітқұл, А.Сұлтанғазин сияқты пікірлес-кәсіби тұлғалармен бір командада жұмыс істеді.
Команданың құзыреті мен кәсібилігінің арқасында Есеп комитетінің қызметі жетілдіріліп, республикалық бюджет шығыстарын, мемлекет активтерін сапалы бағалауды, салықтық және кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ететін бақылау және сарапшылық-талдамалы жұмыстың заманауи нысандары мен әдістері енгізілді.
Алтай Болтайханұлының жаңашыл идеялары отандық қаржылық бақылау жүйесін одан әрі реформалау кезінде де пайдаланылды. 2013 жылы олар Қазақстан Республикасында Мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын және 2015 жылы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеуге ықпал етті. Осы кезеңде ғалым халықаралық стандарттарға көшу жөніндегі жаңа әдіснамалық база құруға, сәйкестік аудиті, тиімділік аудиті және қаржылық есептілік аудиті саласындағы әдістемелік ұсыныстар дайындауға баса назар аударды.
Ғалымның ондаған жылдар бойы отандық жоғары мектептің айтулы дәстүрін дамытуға септігін тигізіп жүрген педагогикалық қызметі ерекше құрметке ие. Алматы халық шаруашылығы институты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында жұмыс істей отырып, Алтай Болтайханұлы көптеген жылдар бойы жас ұрпақты қаржы ғылымының қыр-сырымен таныстырып қана қоймай, олардың өмірлік жолын айқындап берді. Ол кәсіби білікті мамандардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеп өсірді, оның жетекшілігімен көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.
Ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттер өздерінің оған деген шексіз құрметі мен алғысын білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарып, квазимемлекеттік сектордың әртүрлі құрылымдарын басқарып отыр.
Бүгінде Есеп комитетінің Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталығы директорының орынбасары қызметін атқара отырып, Алтай Болтайханұлы тиімділік аудитін, қаржылық есептілік аудитін жүргізу әдіснамасының даму траекториясын айқындайды, мемлекеттік аудиттің әлемдік тәжірибесін Қазақстан Республикасының талаптарына бейімдейді. Соңғы 6 жыл ішінде оның басшылығымен мемлекеттік аудит саласындағы 20-дан астам ауқымды зерттеу жобалары жасалды.
Алтай Болтайханұлының қаржы жүйесін, мемлекеттік аудитті, қазақстандық экономикалық ой-пікірлер мектебінің ең үздік рухани дәстүрін дамыту, ғылыммен айналысатын жастардың жаңа ұрпағын және мемлекет көшбасшыларын тәрбиелеу бойынша қызметі еленіп, мемлекеттік наградалар табысталды. Алтай Болтайханұлы Президенттің Алғыс хатымен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Алтай Болтайханұлы барлық жағынан белсенді өмірлік ұстаным иесі, өз үлгісімен дене шынықтыру және салауатты өмір салты құндылықтарын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ Есеп комитетінің футболдан ардагерлер командасының негізін қалаушы және белді ойыншысы болып табылады.
Ол креативті, идеяға толы, демократияшыл басшы, әріптестеріне, студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына әрдайым қол ұшын созуға дайын, адамгершілігі мол, қайырымды жан. Сондай-ақ күрделі мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіру, стратегиялық даму бағыттарын айқындау қабілетімен ерекшеленеді.
Жетпістің биігіне көтерілген көрнекті ғалымның бойындағы адами асыл қасиеттер кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге болса нұр үстіне нұр.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»