Тарих • 23 Тамыз, 2018

Көкқасқаның шатқалы

1170 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

..Жылқыны Қыземшекке қарай жосылта айдап, үйреншікті өрісіне апарып бір-ақ құлаттық. Таңғы жусаудан бері нәр сызбаған жылқы үйір-үйірімен бытырай, жайылысқа бірден бас қойды.

Көкқасқаның шатқалы

– Жылқыны осы тепсеңнен аударма, шәй-пәй ішуге түскі жусауы кезінде барып қайтарсың, – деді бас жылқышы Халел өзінің жас көмекшісі Бердешке. – Ал біз мына бала екеуміз «Көкқасқа ат шатқалына» кеттік...

«Көкқасқа ат шатқалы» немесе Көк­қас­қа тұлпардың басы қалған шатқалға барудың сәті аяқ астынан түскеніне іштей қатты қуандым. Көптен уәде беріп жүрсе де, Халекең, көңіл-күйі болмады ма, біл­мей­мін, маған бүгін бұл туралы ешбір емеурін танытпаған-ды.

Енді, міне, екеуіміз солай қарай сыдыртып келеміз. Ұзыны есік пен төрдей, жүріске алымды қара ат иесінің тізгінді сәл ғана шаужайлаған қимылынан оның көңіл-қошының қалт еткен өзгерісін аңғаратындай, басын шұлғып-шұлғып қойып тайпалады.

«Көкқасқа ат шатқалы» туралы аңыз­ды нағашым маған тағы да қайталап айтып берді. Шыршалы, қарағайлы баурайларды жағалай, сол киелі шатқалды бетке алып, жол үстінде бара жатқан кезде естіген бұл аңыздың әсері айрықша бол­ды. Көненің көзін көрген, Далашық өңірі­нің байырғы жылқышысы, алпысты алқым­дап қалған Халекең Көкқасқаның әңг­і­месін бипаздай, майын тамыза толғады.

– Ата-бабамыздан қалған бір мұра – көкқасқа ат туралы ауыздан-ауызға көшіп, бүгінге жеткен хикая ғой бұл...

Қызылбөрік елі осы Қарабастау мен Ақбастаулар өңірін қыс қыстап, жаз жайлап ғұмыр кешкен аталарымыз – осы далиған Далашық жайлауының ой-қырында мың-мыңдаған жылқысы шұрқыраған үш ағайынды жігіт екен. Ынтымағы, тату­лығы жарасқан ағайындылардың пейіліне дәулеті сай келіп, алыс-жақынға бірдей қадірлі болып ғұмыр кешіпті. Ал сол ерен жылқының ішінде әрқайсысының бір-бірден еншілеген көк қасқа, қызыл қасқа, жирен қасқа деген үш тұлпары болады.

Жас шамасына қарай көк қасқа тұлпар – үлкені, қызыл қасқа – ортаншысы, жирен касқа – кішісі екен. Үлкен ас, атақты жиын-тойлардағы бәйгені де бұлар осы ретпен бөлісіп алатын болса керек. Әрине, бұл жай бөліс емес, үш тұлпардың күш-шамасы да осы ыңғайдан шығып отырады. Шіркін, жылқы малының жалы шымыр, сүйегі жасымаған, тегі, азбаған кезі ме екен-ау сол! Әлде қасиетті жануарлардың бабын білді ме екен көненің адамдары, әйтеуір, сол қасқа маңдай тұлпарлардың даңқы тау асып, баурайға жетіп, одан өтіп, ата жұртымыздың кең жазира қолтығына түгел тарап, дүйім елді таңдандырып, тамсандырғаны ақиқат көрінеді.

Халекеңнің қара аты «осы айтқан­дарыңның бірде-бір өтірігі жоқ, шамыр­қанған шындықтың нақ өзі» дегендей басын шұлғып-шұлғып қояды.

– Иә, деймін-ау. Сөйтіп, уақыт жарық­тық өтіп жатады. Үш ағайынды жігіт үрім-бұтағымен бірге өсіп өнеді, олар­дың жылқысы да осынау аңғарды кернеп, дүбірлей береді. Үш тұлпардың атақ-даңқы да өрлеген үстіне өрлеп, шалқыған үстіне шалқи түседі. Ойхой, сонда көкқасқа аттың жиырманың сегі­зіне шығып, кекселеніп, тісі сарғайып, марқайған шағы екен деседі. Сол жылы жаз ортасы толыса ойдағы елдің, Сарысу бойын мекендеген әрі дәулетті, әрі би, тама Ерберен әкесінің жылына үлкен ас беретін болып, Атырау, Арқа, Сыр жағасы мен Алатау, Алтай жайлаған, етек-жеңі далиып жатқан ұлан-ғайыр өлкенің ел-жұртына хабар салады.

Күміс көмей, жез таңдай әншілерін, сылқым, сырбаз, төкпе күйшілерін, нарды иығымен көтеретін түйе палуанын, ша­ша­сына шаң жұқпас, сүйріктей небір тұл­парын сайыс-сынға салмаққа асығып, меже­лі жерге аттанғандардың қатарында жүйрі­гін жетекке алған біздің аталарымыз да бар екен.

Жазыққа түсе көп екпінге салмай таң сал­қыны, кеш сабатымен жол бойы әлсін-әлсін ащы терін алып, бар бабымен, шал­дық­тырмай, сүмектей сылаңдатып, түгін жылтыратып үш тұлпарды олар ас өтетін елдің шетіне дер кезінде іліктіреді.

Жұтынған жүйріктің саны мың қаралы болыпты да, ас иесі бас бәйгеге үш тоғыз және екіншіге де атаулы бәйге, үшіншіге үстеме бәйге атап, түстік мәре белгілейді...

Халел жылқышы әңгімесінің осы жері­­не келген кезде атының басын шалт тар­­тып, сол қапталдағы беткейге жалт қарады.

– Қап, антұрған-ай, тағы да бүкеңдеп суыр аңдып жүр екен ғой...

– Ол кім?

– Әлгі бір аңшысымақ та. Жалаңашта тұратын сағатшы ма, тігінші ме, әйтеуір, біреу. Суырдан құлақшын тігіп, сатып кәсіп ететін көрінеді өзі. Бізді көріп қорық­шы екен деді-ау шамасы, қарағай­дың арасына тасаланбақшы боп бүкеңдеп жүгіріп барады, байғұс-ай.

– Неге байғұс дейсіз оны?..

–Таудың тышқанын аңдып тентіреген нем­ені байғұс демегенде. Жә, қойшы соны, – дей салды ол атының тізгінін жеңіл ғана дел­белей қозғап. – Мына иіннен әрі ай­нал­ған жерде көкқасқа тұлпардың бас сүйе­гінен үш тармақ қарағай өсіп тұрған тоғай бар. «Көкқасқаның шатқалы» деген сол...

Сәл аялдадық та, ілгері тарттық. Өзі­не де, тыңдаушысы – маған да әбден жаттанды болған әңгімесін үзілген тұсынан әрі жалғауға ол енді асықпады.

Көздерін әлдеқандай бір ой кіреу­келеп, бір сәт үнсіз қалды. Жолымызды әжептәуір-ақ қысқартқан әсерлі әңгіменің одан әрі өрнектеле бергенін қанша қаласам да, оның осы бір үнсіздігін бұзуға батпадым. Ол өзінің ішкі әлемінің, бәлкім тебі­реніске, бәлкім қобалжуға, бәлкім аздаған мұңға, аздаған сағынышқа толы ойларымен алма-кезек сараптасып, үнсіз тілдесіп келе жатқандай көрінді.

Үрдіс жүріске сұранған жиренімнің тіз­гі­нін тежеңкірей ұстап, оны бір мойын алда келе жатқан қара аттан оздырмай, сәл ғана үзеңгі ілестіре қапталдастырып отырдым.

Қараша айының соңғы күндері Дала­шық өңірі үшін адам танығысыздай жайлы болып тұрған. Күн қабағы көп кірти­мей, желтоқсанның алдында соғатын ызғы­рық-бұрқағын ішке бүгіп, шаруа баққан жандарға қарашаның қарасқандай сыңайы бар еді.

Атақты шатқалға апаратын беткеймен қиялай төмен түсер жерде ол қара атының тізгінін сәл тартып, мүдіріс жасады.

– Көкқасқа аттың соңғы бәйгеден өзінің атағын соңғы рет әйгілеп, туған меке­н­іне жетіп құлаған жерін, үлкендер біз­дің бала кезімізде осы ара десетін, – деді ол қолына бүктей ұстаған қамшысымен осы аумақты түгел шола көрсетіп.

...Түстік жерден жіберілген, қолтығын жел кеулеген өңшең қанатты пырақтардың ұлан-көш қарасы жер-ғаламды тұяғымен дүбірлетіп, ойхой, бір ұлы сайысқа түседі ғой баяғы!

Ілкімде үш қасқаны айдаған қызыл­бөріктің шабандоз үш жасөспірімі аттары­н­ың өкпесін қалың шаңға қаптырып алмас үшін бәйге дүрмегінің жел жағын ұстай, ортан бел тұстан асырмай біркелкі шабыспен отырады. Ұлы сәскеге иек арта біртін-біртін тізгінді бір босатып, бір тартып, екпінді бірде өршітіп, бірде тежеп, үзіліп алға шыққан жиырма-отыз қаралы аттан озып та кетпей, кейіндеп қалып та қоймай, үш қасқа орта тұста келе жатты. Тізгінді ұстаған шабандоз балалар үш қасқаның мәреге таянарда екпін алар ырғын күшін іркіңкірей ұстады.

Тізгінді бос тастап нағыз қиқуға салар сағатта дүлдүл көкқасқа құнандай құлдыраңдап өзімен құйрық тістесіп, бірде үзеңгі қағысып келе жатқан екі інісінен даралана емініп бөліне береді.

Сайыс жолында, мәреге тура тартар жазықтың бір қапталындағы оқшау төбенің басында қай жүйріктің маңдайлап келе жатқанын біліп, сүйінші хабарын жет­кізуге дайын тұрған қарауыл жігі­ттер­дің бірі: «Көкқасқа! Көкқас-қа! Бас бәйге – Көкқасқанікі»! – деп атой сала шауып келе жатқанда, сайыстың қызығына ынтыққан, асқа жиылған жұрттың ешқайсысында да Көкқасқаның бірінші боларына шүбә қалмаған еді. Алайда қас-қағымда бәрінің басқаша өзгеріп сала бермесі бар ма?!.

Мәреге бір ыршып, енді ағып өтер жерде таралғыдан үзіліп түскен темір үзеңгі сарт етіп көкқасқаның артқы оң аяғының тұяғына тиеді де, сол аяқтың шашасына барып қағылады. Қатты, ғаламат екпін алып келе жатқанда оқыс тиген қатты заттан тіксіне үріккен ат артқы аяқтарын шалыс алуы мұң екен, танауынан пар-пар дем атқылап, құйындай аққан қызыл қасқа қас қағым мұрсада оның жанынан оқтай зулап өтіп, мәрені бірінші қияды. Бірақ «Көкқасқа! Көкқасқа!» деген үн бір сәт те толастамай төңіректі жаңғырықтырып, аспан астын желп-желп еткізіп жатты. Мәреге бар-жоғы он-ақ қадам жетпей артқы аяқтарын дір-дір еткізіп сілкілеп өр екпінінен жаңылған кәнігі тұлпардың ерлігіне асқа жиылған дүйім таңдай қағысты, бас бәйгені бәрібір соған ғана телуге бірауыздан лайық көрді. Шірік таралғыдан үзілген темір үзеңгі қас тұлпардың шын даңқына кіршік түсірсе әділетсіздік болар еді-ау. Жұрт тілегі қабыл алынып, төреші көкқасқаға жібек кілем жауып ортаға шығарды.

Қайраты қайтпаған, жігері жасымаған шағы болса, қошеметшіл бұл ортаға көкқасқа ойнақтап-ақ шығар еді. Бұл жолы кәрі тұлпар артқы аяқтарын сілкілей басып, айналасына үркектей қарап, осқы­ры­нып, әлденеден дір-дір етіп секем ала шықты. Көздерінде үрей оты талаурады.

Аяқтарын сілкілеткен сол үрей Ала­тауына, елінің шетіне жеткізгенше көкқас­қа тұл­парға маза бермей, бойына дерт шан­шуын қадап, ақыры осы беткейге әкеліп тұяқ серпітті.

Жылқы малын қасиеттеген ел емеспіз бе, әлгі атамыз, тұлпардың иесін айтамын да, көкқасқаның басын жападан-жалғыз жал­қы өсіп тұрған балаң қарағайдың үш­кі­ліне іліпті де, осы жерді «Көкқасқа ат шат­қалы» атапты деседі ғой. Содан әлгі жалқы қарағай көкқасқаның басын ит-кұсқа жем қылмай, аздырмай-тоздырмай дініне сіңіре, үшкілі түйін-шорға айна­лып, сол жерден үш тармақ жаңа бұта­ғын өрбітіп өсе берген, өсе берген. Үш тармақ­тан төгілген ұрық-жаңғақтардан қарағай­дың сыңсыған ну тоғайы өніп, бұл шатқа­лыңның қазір мәуелеп тұрған жайы бар. Көкқасқа тұлпар жасыл қарағайға айналып өзінің, мәңгілік ғұмырын кешіп жатыр міне!..

 Қарағайдың шетіне екі атты қосақтап тастадық та, нағашым екеуіміз ұшарынан жел суылдаған биік ағаштардың арасымен жаяу тарттық. Қарағайға айналған көкқасқа тұлпарды іздеп келеміз.

– Міне! – деді жылқышы бір қарағайдың қасына келгенімізде. Көкқасқаның басынан үш тармақ зәулім бұтақ өсіп шыққан қарағай осы!..

Діңінің қол созым жерінде ат басының сұлбасын елестеткендей буылтық шоры бар және сол шордан үш аша боп тармақ­та­лып кеткен білеу-білеу бұтақтары оны көкке шаншыла, тік өскен айналасындағы өзге қарағайлардан даралап тұр.

Халел жылқышы қарағайдың түбіне келіп, қос тізерлей отырды да, маған да тізе бүк дегендей ым жасады. Далашықтың сыңсыған қарағайлы баурайында аз-кем ғана үнсіз отырып, көкқасқа тұлпарға осылайша тағзым рәсімін жасадық.

... Көкқасқа аттың шатқалынан Қызем­шектегі жылқы ауылға оралған кезде кеш көлеңкесі айналаға көлбеп те қалған еді.

Мәди АЙЫМБЕТОВ,

жазушы