Білім • 23 Тамыз, 2018

Қараштан қалған мол мұра

736 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орал қаласында ақын әрі ағартушы, ұлттық бас­па­сөздің негізін қалау­шы­лар­дың бірі, Алаш қоз­ға­лы­сының қайраткері Ғұмар Қараштың шығарма­шылығы мен өмір жолына ар­налған үш томдық жинақ жарық көрді. Жинақ­­тың бірінші кітабы поэзиялық шығармаларға, екінші том – ой-толғамдар мен мақалаларына, ал үшінші кітап – Ғұмар Қараш­тың көзін көрген замандас­тарының естеліктері мен зерттеу еңбектерге арналған.

Қараштан қалған мол мұра

Оралда Батыс Қазақстан облыс­тық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің басын біріктірген «Жайық Пресс» атты медиахолдинг бар. Осы меке­ме жанынан 1912 жылы құрыл­ған «Баспасөз тарихын зерттеу орта­лығы» соңғы жылдары газет бастауында тұрған «Ұран», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» секілді басылымдардың тарихын зерттеп, жеке-жеке кітап етіп шығарған болатын.

«Қазақстан» газетінің тігіндісі елімізде сақталмаған еді. Газет­тің түпнұсқасымен танысып, көшірмесін алу үшін оралдық зерт­теушілер Мәскеу қаласына барды. Осы сапар барысында Ғұмар Қараштың немересі, Мәс­кеуде тұратын ғалым Нәдия Бұрханқызы Қарашевамен кездесудің сәті түсті. Сол жолы ақынның немересі өзі өмір бойы жинаған материалды зерттеуші Жантас Нә­биол­лаұлына аманаттап тапсыр­ған болатын. Ғұмар Қараштың барынша толық жинағын дайындау идеясы осылай туды.

Нәдия Бұрханқызының қолын­да сақталған бұл материал­дар­ды зерттеуші-ғалымдар Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтан­ғалиева тапсырған екен. Барлығы 17 папкаға жинақталған мол қазы­наның ішінде Ғұмар Қараштың түпнұсқа кітаптары, кітаптарының фотокөшірмелері, ақынның баспа бетін көрген барлық кітаптарының кирилл әрпінде терілген мәтіні, әртүрлі басылымдарда жария­лан­ған және ел ішінен жазып алын­ған шығармалары, Ғұмар заман­дас­тарының естеліктері, ғұмар­тану­шы ғалым Мұстафа Ысма­ғұлов­тың бұрын еш жерге жария­ланбаған кітабының қолжазбасы т.б. көптеген материалдар бар.

Сонымен бірге ақынның 1994 жылы «Ғылым» баспасы­нан жарық көрген «Замана» жи­на­­ғы Ғұмар Қараш туралы көп жыл­­­дан кейін тұңғыш қолға алын­ған тұңғыш толымды еңбек ретінде ерекше назарда болды. Ғалым Қабиболла Сыдиықовтың «Ағартушы, ойшыл, қайрат­кер ақын» атты алғысөзі Ғұмар Қараш­тың өмір жолы мен шығар­ма­­шылығына барынша шолу жасал­ған, баспа бетін көрген тұң­ғыш шығарма болатын.

Ақынның поэзиялық шығар­малары жинақ­тал­ған алғашқы том Ғұмар Қараш құрастыр­­ған «Шайыр» және «Көксілдер» жинағынан бас­талған. Өйткені бұл екі кітап 1910 жылы жарық көргеннен бері қайта басылған емес. Оның үстіне Ғұмардың бас­па­гер­лік шығармашылығы, яғни өз шығармаларын кітап етіп шығара бастауы осы екі жинақтан басталған. Әрі халық ауыз әдебиеті үлгілерінен бөлек, бұл жинақтарда Ғұмар Қараштың өз туындылары да енген болатын.

Зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов бұл жинақ­тарды «Ғұмар Қарашев пен Шәңгерей Бөкеев екеуі құрас­тырып жариялаған» деп көр­сетеді. Бұл ақылға қонымды. Тіпті бұл жырларды жинақтап, да­йын­дап, баспаға ұсынған – Ғұ­мар­дың өзі болған күнде де, жинақ­тың баспа шығынын Шәңге­рей көтерген сыңайлы. Екі жинақта да Шәңгерей Бөкеевтің суреті басылуы да осыған меңзейді.

Айта кетейік, «Шайыр» мен «Көксілдер» – тек ескі жырлар жинағы емес. Ғұмар Қараш «Шайыр­дың» алғысөзінде: «бар жыр­лардан жинастырып ескі, жаңа жырлар, бірен-саран қысқа­ша билік әңгімелерді жаздым» деп ескерткен. «Шайырдың» ішін­де «Сұлтан Шаһангерей Сейіт­герей ұғлы Бөкеевтің жырлары» арнайы бөлім болып берілсе, «Қазақтың осы күндегі жайына қарай айтылған» тақырыбымен «Ай, Алла-ай, бұ қазаққа не хал болды?!» деп басталған жыр топтамасы – құрастырушының өз шығармалары. «Шәкірттердің жиынында айтылған бір сөз» және «Жетпіс жасындағы бір қарт жастардың сауық мәжілісіне тұра келіп «Ал, қайырлы, құтты болсын жиындарың...» деп айтқан өлеңдерінің тарихы Ғұмардың шәкірті Ахмеди Есқалиевтің жазбаларында да қалған.

Құрастырушылар «Шайыр» мен «Көксіл­дер» жинағының электронды көшір­ме­сін Алматы қаласындағы «Ғылыми кітапхана» ақпа­раттық-талдамалық орта­лы­ғының қоры­нан алып, мәскеу­лік үл­гі­лермен салысты­ра дайын­даған. Бұл істе «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітап­тар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі­нің басты­ғы Гүлшат Абикова қолғабыс етіп, Ғұмар Қараштың мерзімді басы­лымдар­да жария­ланған мақала­ларын да табуға көмектесіпті.

«Шайыр» мен «Көксілдер» жинағындағы көне сөздерді түсін­діріп, кейбір жергілікті қолда­ныстағы сөздер мен ұғымдардың, жер-су атаулары және кісі есім­дерін нақтылауда «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Гүл­мару Мырзағалиева мен шығыс­танушы, тарих магистрі Сайпулла Моллақанағатұлының көмегі көп болған. Бұл мамандар аталған қос жинақты түпнұсқадан қайта­дан қарап шығып, Гүлмару Сами­ғоллақызы Ғұмар Қараштың өскен ортасы – Бөкейлікке тән жер-су атауларын, кісі есімдерін түзетіп, түсінуге көмектессе, Сай­пул­ла Моллақанағатұлы «Көксіл­дер» жинағында кездесе­тін көнерген сөздерге, діни ұғым­дарға түсіндірме жазған.

Ғұмар Қараштың көзі тірі­сінде жеке-жеке жинақ болып жарық көрген «Қарлығаш», «Бала тұлпар», «Тумыш», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» жыр жинақ­тары, «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Бәдел қажы» атты фи­­­ло­­софиялық ой-толғамдары жо­ға­­рыда айтылған «Замана» жи­на­ғында жарық көрген еді. Орал­дық зерттеушілер аталған кітаптардың түпнұсқасына қайта көз салып, тәржімада кеткен кейбір кемшіліктерді түзетуге тырысқан. Мәселен, «Замана» жина­ғы­ның 141-бетіндегі «...Алғы сүндет, гимназист Ұстаған ту бар қолында» деген жолдағы «алғы сүндет» – «ылғи с(т)удент, гимназист» болып түзетілді. Түпнұсқада «ылғи судент» деп жазылған, сөйлемнің мағынасы, «гимназист» сөзімен қатар келуі соңғы нұсқаның қонымдырақ екенін көрсетеді.

Ғұмардың 1918 жылы Үпі (Уфа) қаласы­нан шыққан «Тұрым­тай» жинағының соңғы бетінде: «Қырғи» атты Ғ.Қарашевтың жаңа жыр кітабы, топырақтан тыс болсақ, осы жазда басылып тарайды. Елдегі адресі: Савинка селосы. Самар губерниясы, Жаңа өзен уезі, А.Акшуринге, Ғ.Қарашевке тапсырылсын – деген жарнама берілген еді. Бірақ зерттеушілер бұл жинақ басылмай қалғанын айтады. Жинақ толық күйінде бізге жеткен жоқ. Бірақ Ғұмар мұрасын жинақтаушы Гүлжау Сұлтанғалиева материалдары арасынан «Қырғи» жинағына кірген бірнеше шығарма табылды. «Ғұмар Қарашевтың баспасөз бетіне шықпаған «Қырғи» деген шығармасын қолжазбасынан біреуден-біреу көшіріп жазып алып 1918-1920 жылдарда оқып жүрісті. Мен де оқыдым. Содан есімде қалған кейбір қысқа үзін­ділерін төменде жаздым. Көлем­ділеу тақырыптардың маз­мұны түгел тақырыптарын да ұмы­тып­пын...» деп жазады есте­лікті жеткізуші Иманбай Жұма­ға­лиев. Ақынның немересі Нәдия Қара­шеваның қолында сақ­­тал­ған Гүлжау Сұлтанғалиева жинақ­таған материалдар осы үш том­дықта толық пайдаланылып, оқырманға ұсынылды.

Ғұмар Қараш – мерзімді басылымдарда да өте жиі жарияланған қаламгер. Оның өлеңдері, пәл­са­палық ой-пікірлері және мақа­ла­лары сол кездегі «Шура», «Айқап», «Мұғалім» журналдарына, «Фікір», «Қазақстан», «Қазақ», «Ұран», «Дұрыстық жолы» т.б. газеттерге басылып тұрған. «Жайық Пресс» ЖШС Баспасөз тарихын зерттеу орталығының бастамасымен Қазақстанның батыс өңірінде шыққан «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Хабар-Известия» (1918), «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттері мен «Педагогика» (1919) журналын жеке-жеке зерттеп, әрқайсысын кітап етіп шығар­ған кезде Ғұмар Қараштың қала­мы­нан туған біраз мақала мен әдеби шығармалар қолға тиді. Олар­дың біразы Ғұмар қаламы­нан шық­қан­дығы күмәнсіз. Ал үш том­дық­та берілген кейбір мақа­ла­лар­­дың авторлығында күмән ту­ғы­­затын жағдайлар болуы да мүм­кін екендігін жинақты құрас­­тыру­­шылар ескертіп өтіпті. Жоғары­­да аталған газеттерді араб жазуы­нан қазіргі әліпбиге қота­ру­­да жер­гілікті мамандар Гүлмар­у Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов, Ерсайын Мергенбаев еңбек еткен.

Ғұмардың мерзімді басылым­дарға шыққан мақалаларын түген­деу кезінде белгілі ғалым, баспасөз зерттеушісі, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлованың ерекше көмегі болған екен. Ол осы жинаққа Ғұмар Қараштың «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланған бірқатар мақаласын қазіргі әліпбиге аударып қосқан.

Жинақты құрастырушылар ел ішінде сақталған көне қолжаз­балармен де жұмыс істеген. Мәсе­лен, Ғұмар Қараштың соңында қалған әдеби мұраны сақтауда оның ең талантты, ақын шәкірті Ахмади Есқалиевтің орны ерекше болған. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында да А.Есқалиев қалдырған Ғұмар шығармалары жетерлік. Одан бөлек, Ахмадидің кенже ұлы, Орал қаласында тұратын Болат Есқалиевтің қолында әкесінен қалған бірнеше дәптер сақталған екен. Осы жерден Ғұмар Қараш тура­лы естеліктер, бірнеше шы­ғар­ма табылып, араб жазуынан қа­зіргі әліпбиге көшіріліп, осы жи­нақ­та оқырман назарына ұсынылған.

Сонымен бірге ел ішіндегі көптеген көне әңгімелер мен өлең-жырды хатқа түсіріп кеткен Әйіп Бектасовтың (1903-1985) қолжаз­ба­ларының арасынан Ғұмардың он шақты шы­ғар­масы табылған. Оның бір­қатары бұрын-соңды жария­ланып жүрсе, кейбірі баспа бетін көрмеген. Оның ішінен «Ғұмар Қарашұлының сөзі», «Ғұмар Қарашұлының 1918-1919 жылдар аласапыран кездерде ел тонаушылықты көріп айтқаны», «Таразы туралы айтқаны», «Ізба­сарға айтқаны», т.б. алты шығармасы жинаққа қосылды.

Ғұмар Қараш шығармашылы­ғына арналған үш томдық жинақ­тың үшінші томы түгелдей ақын, ағартушы, ойшыл, қоғам қай­рат­кері болған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын зерт­теген еңбектерге арналған. Мұ­ның ішінде зерттеуші Мұс­тафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұл­тан­ғалиева еңбектерінің құн­ды­лығы – бұрын баспа бетін көрмегендігінде.

Осы кітапты қолына алатын ойлы оқыр­манға ескерте кететін бір мәселе – бұл жинақ­ты құ­рас­тырушылар кәсіби ғалым, әдебиет­тану­­шы маман, тарихшы ғалым емес. Бұл іске жүрек қал­ауымен ғана кіріскен, ақын немересі­нің аманатына бола ауыр жүкті арқалаған азаматтар еді. Олардың ішінде осы жолдардың авторы да бар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы