Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы халықтың көп жылдардан бергі баспанаға деген қажетін қанағаттандырып, байыптылығын танытты. Қай елді мекенде болмасын жаңа салынған құрылыс көзге түседі.
Алматы мен Талдықорғанға сапар шеккендер Сарыөзектегі жол бойында қаз-қатар жаңа үлгіде, сапалы салынған жеке тұрғын үйлерді көреді әрі еріксіз қызығады. Соңғы екі жылда көше ұзарып, құрылыс жалғасып, қоныс тойлары көбейді.
Кербұлақтық 16 отбасы жаңа жылды әсем әрі жарық шаңырақта қарсы алады. Көше ел мерейтойы құрметіне «Тәуелсіздік» деп аталды. Үйлі болғандар негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері десек, Биғали Сүлейменов ауданның мал дәрігері болып қызмет атқарады. Бұған дейін пәтер жалдаған отбасы қуанышқа кенелді. Сондай-ақ Жанғазы Жексембаевтың отбасы да баспаналы болды.
Үй бөлу кезінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көп балалы аналарға, дәрігерлер мен мұғалімдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық берілген. Сарыөзек кентінің өзінде көп қабатты тұрғын үйдегі бірнеше пәтер күрделі жөндеуден өтті.
Жаңа жылда да ауданда коммуналдық тұрғын үй құрылысы жалғасады. Өйткені, үй кезегінде әлі де екі жүзден астам адам бар. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын жеделдету арқылы олардың сұранысын қанағаттандыру көзделіп, жоспар жасалған.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.