Спорт • 23 Тамыз, 2018

Будапештегі жарысты жас боксшыларымыз жеңіспен бастады

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Венгрияның бас шаһары – Будапештегі «Дунай Арена» спорт кешенінде жалауы желбіреген бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің екінші күні артта қалды. 

Будапештегі жарысты жас боксшыларымыз жеңіспен бастады

Жарыс жолына шыққан біздің жігіттердің барлығы да өздерінің тұсаукесер бәсекелерінде жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті. Атап айтсақ, Кәрім Серкебаев (52 кило) эквадорлық Луис Дельгадо Вераны, Бейбарыс Жексен (56 кило) франциялық Билел Гурариді, Рахат Сейітжан (60 кило) ресейлік Нұрлан Сафаровты ұпай санымен ұтса, Ермахан Жақпеков (69 кило) Пуэрто-Риконың өкілі Мариомар Моралес Ниевесті екінші раундта нокаутқа жіберді. Сондай-ақ, алдағы күндері Махмуд Сабырхан (49 кило), Талғат Шәйкен (64 кило), Нұрбек Оралбай (75 кило), Сағындық Туғамбаев (81 кило), Айбек Оралбай (91 кило) және Дамир Тойбай (+ 91 кило) сынды өрендеріміз өнер көрсетеді.  

Ұлдармен қатар бұл жарыста қыздар да бақ сынауда. Кеше Әнел Құдайберген (48 кило) мен Айзада Еслямғали (54 кило) өз кездесулерін жеңіспен аяқтады. Италиялық Джорджия Россиді өту үшін Әнелге үш раунд жеткілікті болса, Украина боксшы Анастасия Лисинскаямен жұдырықтасқан Айзаданың да мықтылығы еш күмән туғызған жоқ.   

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»