![20жыл](http://old.egemen.kz/2011img/20%D0%B6%D1%8B%D0%BB4.jpg)
* * *
Арқа төсі ақ ұлпаға оранды. Ырымы жақсы ағайын құт-береке деп қуанды. Ауық-ауық ақшұнақ аяз ойнақтап бет шымшылайды. Анда-санда тентектеу боран тепкілеп етек-жеңге жармасып қамшылайды. Еркелеп келіп, жорғалап келіп жонарқаны осқылайды. Кірпіктен түсіп ақмоншақ тамшылайды. Ылдидан ызғып жоғары соққан ызғырық ысқырып сабалайды. Дүние дүр сілкініп, тотыдайын таранып, жан-жағына қаранып шыңылтырдан шілтер тоқып, мұздан ою ойып, әшекей жапсырып жарқырайды. Қар жауып тұр толастамай. Нұр жауып тұр кіршіксіз пәк көңілді ыластамай. Айналаны ақ мамыққа бөлеп тастағандай. Той қуанышына табиғат тамсандырып тамаша бір таралғы сыйын тарту етіп жатқандай. Қар жауып тұр, жан-жағына аямай шашу шашқандай. Жер-Ана биыл ерекше еміреніп елжіреп игілігін иіп төкті. Дән егіп терлеген диқан мықты-ғой. Толағайдың шыңына шықты-ғой. Астық үйіп ерледі. Намысты қолдан бермеді. Дала әнмен тербеліп, күймен керілді. Қанжығамыз майланып, олжаға кенелдік. Қырқа қызырға, қырман қызылға, қамба қазынаға, қора қозыға толды. Бірде көлдететін, бірде шөлдететін тарпаң табиғаттың назары оң болып Ұлы күнге көтерген көрімдігі көз тартты. Той керуенге тең-тең етіп жүк артты. Елде болса ерінге тиеді. Қуанатын жөніміз бар. Қуанышқа жеткен күніміз бар. Жерұйықтай заман орнатып, толағай табысқа, жеңісті жарысқа жеткізген Көшбасшымыз бар. Түзу жолдан таймай, тартқанымыз керек тек алға. Орындалмақ сонда алға қойған мәңгілік мұраттар мен ұлы міндеттер. Бостандықты баянды етіп, шығармыз шырқау биікке. Шоғырланып қонсын ізгіліктер. Тауқыметті тартқанбыз, ата-баба аманатын артқанбыз. Артта қалмауды армандап алға қарай адымдаймыз. Адымдай берсек Тәуелсіздіктің тұғырын мызғымас етіп нығыздаймыз. Іргемізді тұтас етіп тығыздаймыз. Кешегі кер заманның бұғауынан бұлқынып шыққанымызды уағыздаймыз. Көк желкенді керіп шыр айналған дүние айдынында аман-есен адаспай жүзер темірқазық таңдаймыз. Таңдағанымыз жөн екен. Төрт құбыламыз тең екен. Қабырғалы қара орман қазақтың бар арманы сол екен. Арман әрине таусылмайды. Көк жүзіне Самұрықтай самғаймыз. Көп көрмесін. Іші күйсе тұз жаласын, сырты күйсе мұз жаласын. Тіл-көз тасқа. Бақыт берсін басқа. Айтарымыз жоқ одан басқа.* * *
Талайлы тарих қойнауына бойлаған сайын өткенімізді ойлаймыз. Өткеніміз жұмақ емес, тұмақ еді. Ендеше, Қазақ елі тарам-тарам тарих алдында қарыздар емес, керісінше тарих парыздар еді. Мың өліп, мың тіріліп бостандыққа бет алған. Тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы неге тозып, неге қиылып еді. Тозғаны – туған топырақты тулақ етпеу, қиылғаны – асылды аяқ етпеу еді. Тағдыршешті қилы кезден жығылмай-сүрінбей мамыражай мезгілге бейберекет келмеді. Қасиетті аты мен затын сақтап, бұрынғылардың сарқыты салынған ақ сандық пен көк сандықты бұлдыр-бұлдыр дәуірде уақыт көшіне артып, таулары бұлт өңгеріп самал ескен ұшы-қиырсыз Ұлы дала төсіне сәлеметтеген. Ғасырлар қойнауынан өршіл рухын, текті тұрқын тамырында тулатып ізбасар ұрпаққа ұдайы ұстатқан. Білектің білеудей күшімен, шашақты найзаның егеулі ұшымен еңку-еңку жер шалып, елінің өті мен шетін түгендеуді қалт жібремеген кім еді? Түгендеген қазақ еді. Тар жол, тайғақ кешіп, бірде жанып, бірде өшіп нұр сыйлар күнге сарыла көз тіккен сансыз жұрт сарыуайымға салынбады. Салынғаны не керек. Сандалып кетер ме еді, қайтер еді? Қайратқа мініп, жігер жанып қадалған қанжарға қасқайып қайсарлық танытты. Қайралған жүзі мұқалмады. Қынаптан суырылған қайқы қылыш жарқылдады. Қазақ не көрмеді. Бәрін көрді. Көре берді. Жүрекке тағдыр салған жазуды жібектей жіппен жаза берді. Қанатын қомдап, денесін сомдап ілгері ұмтылды. Елім деп еңіреп толарсақтан саз кешті, талай қыршын баз кетті. Суды да ішті, уды да ішті. Түн ұйқысын төрт бөліп шыңға өрмеледі. Іргеміз сөгілмеді, абыройымыз төгілмеді. Үркіншілікте үркіп тау асып, қыр басып жосыған ағайын-бауыр атажұртқа оралар күнді зарығып тосты. Қаратүнекті қақ жарып күлімдеп Күн шықты. Үркер туды жымыңдап, үміт оты жарқырап. Іркіт ішкен итөмір, запыран құсқан зарзаман жоқ болды. Тостаған толтырып үріп ішер бақ қонды. Қамшының сабындай қып-қысқа мерзімде ғасырға бергісіз іс тындырып, ажал төгер тажал қарудан соқа соқтырған ерлердің ерегі Еріңнен қайтып қана айналып кетпейсің. Самалы жұпар ескен Сарыарқа сауырында, еркелеген Есілдің жағалауында еңселі елорда тұрғызып, айшықты Ақорда орнатты. Дала мен қалаға, өңір мен өлкеге қан жүгірді. Қайда барсаң қайнаған қызу тірлік. Тілегендері тек береке-бірлік. Төртеу түгел болса төбедегі келеді. Берекеге кім жетеледі. Бұл – анық. Оған халық өте қанық. Қарап тұрып қиял ма екен деп қаласың. Қараған сайын мерейің өсіп, мейірің қанып, біздің ел осындай деп қанат байлап қаласың. Қуанышың қойныңа сыймай тұлпар мініп кең далада көсілткің, сұңқар болып көк жүзінде самғай бергің келеді. Мал қалғанша, тал қалсын. Аталы сөзге жүгініп, тақыр жерге шыбық шаншып, тал тігіп, ну орман аң-құсымен шулады. Тауды бұзып, тасты жарып, телегей толқын тулады. Бәрін айтта бірін айт, біткен істің бірегейін айт. Бұрнағы жылғы желтоқсанда елордада елеңдетіп Саммит өтті салтанатты. Салтанатқа сап түзеп саясаттың жілігін шағып, майын ішкен саңлақтар жиылды. Жел тимеген жүздерін Арқаның аязына аймалатып, алқалы отырысқа алақотан отырды. Ертегі айтуға емес, ертеңнің жайын кеңесуге келген ақжалдар мен көкжалдар кемел келешек турасында келелі ой толғады. Елбасының көрегендігі көз ұрып тұрды. Ақылымен арбап, қиығымен барлап, даналығымен даралап бірталай шаруаның басын бәтуалы етіп, бағамдады. Көсемдігі мен шешендігі басым болып, асығы алшысынан түсті. Жер жүзі алдында еңсемізді биіктетіп, мерейімізді үстемдетіп бәрекелді дегізді. Сөйтіп көк жүзіне, тарих төріне тағы бір мәрте көтерілдік. Өзгенің қаңсығын емес, өмірдің таңсығын таңдап алып, қайнаған іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызу кірістік. Жұмылғанымыз жақсы болды. Өмір орнында тапжылмай тұрмайды. Өзгереді, өрісі кеңейіп өркен жаяды. Зымыраған заман талабы міне осындай. Әлемде үдей түскен үдемелі үрдістен шаң қауып қалмау жолында шоқтығы биік шоғыр-шоғыр тың бастамаларға ден қойылды. Озу үшін әлбетте озық білім қажет. Білімі мен біліктілігі – оқу ошағының деңгейіне байланысты. Бәсекеге түсу бағытында оқу-білім түбегейлі өзгеріп мәртебесі артты. Талғам солай, талап күшті. Ендігісі уақыт еншісінде. Әлеуметтік-мәдени және басқа өмір де өршіл. Жағалай жаңалық көп. Өндірістің екпіні күшті. Өңірлерде ертелі-кеш өнеркәсіп көрігі гүрілдеп бір тынбайды. Ауыл ажарланып, тұрмыс базарланып келеді. Кешегі күні есіктен сығалап, босағада именіп тұрған тіліміз төрге шықты. Алайда, алақайлап бөркімізді аспанға ату әлі ертерек. Тілімізді әспеттеп, салт-дәстүріміздің шашбауын көркемдеп өріп жатсақ қанеки! Жеріміздің асты мен үсті тұнған байлық. Көл-көсір қазынаға сұқ көзін тігіп, сұғанақ қолын жүгірткісі келетіндер де табылып қалады. Табалап қарап, еріксіз таңдай қағатындары да табылады. Жаратқан содан сақтасын. Дүниежүзілік жағрапия картасына көз жіберсең Қазақстан аумағы бойлыққа да сұғынып, ендікке де еніп жатыр. Ал сол картаны түрткілеп қарасаң кейбір елдің ендігі мен бойлығы түгіл, аумағы да көрінбейді. Бар болғаны шартты белгі-санмен таңбалыныпты. Кең-байтақ туған жеріміздің түтіні де тым ыстық. Түтініміз түзу шығып, тыныш өмір сүру керек бізге. Шекара шебі бүтін, ел аман, жұрт тыныш. Әскер бар әрекет ететін әркезде. Тарыдай шашылып, таудай боп үйілдік. Ата Заң арқасында аңсаған арман орындалды. Ту желбіреп, Әнұран шырқалды. Тойды тойлау керек. Ертеңгі күнді онымен бірге және ойлау керек. Келешегіміз сонда кемел мығым болмақ.* * *
Алматыда Ниязқұлов Тұрлыбек дейтін көргені мен білгені, оқығаны мен тоқығаны көп жақсы азамат тұрады. Тұрлыбек ақсақал: «Тәуелсіздіктің арқасында айға да қол созып, жер-жаһанға ат шалдырдық. Кигеніміз бүлде, ішкеніміз бал күнде, мінгеніміз темір тұлпар, тұрған жеріміз көкорай көк тал, ұшқанымыз көк сұңқар», деп еді бір кезіккенінде тақпақтап. Тұқаң дұрыс айтады. Күннің өзі қимай батады. Таңның өзі тамылжып атады. Ырыс алды – ынтымақ. Ынтымағымыз жарасқан. Тереземіз тең, керегіміз кең. Белестерден белестерге көтеріліп келеміз. Отан – отбасынан басталады. Отымыз шоқтай жанады, түтініміз түп түзу шығады. Ошақтан ас, арғымақтан ер түспейді. Бағаналы ел, байтақ жер жақсылығымен жарылқасын. Тәуелсіздіктің дәмі таңдайымыздан кетпей, ақжарылқап нұр жаусын. Көңілдегі көрікті ой осындай еді. Көңіліміз қашанда көрікті болып, ортамыз ортаймасын. Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады. Жайқалған құраққа шала түспей, жазиралы өміріміз құт-берекеге молығады. Бізге енді не керек, бізге енді іргеміз сөгілмейтін тыныштық керек. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп атам қазақ айтқандай, берекелі бірлік болса, тамаша тірлік болады. Басымызға бақ, астымызға тақ қонады. Өміріміз мәнді, тұрмысымыз сәнді болу үшін тек ақтілеуді үкілеуіміз өте-мөте қажет болып тұр қазіргі уақытта. Атар таңымыз әрдайым ақ болуы күллі Алты Алаш баласына байланысты екендігі даусыз. Барды бағалап, әрнәрсені өз атымен атап айту парыз. Алдымен экономика, сосын саясат қағидатын ұстану ұстынында мемлекеттің тегеуріні артып тұғырына нық қонды. Шаңырақты шайқалтпай, іргені босатпай, берекені қашырмай алдағы күндер көкжиегіне сеніммен қарағанымыз мақұл. Астананың бойтұмарындай іспетті Бәйтеректің көкке бой созуы да тегіннен-тегін емес. Көктен түссе, жерден береді. Осы даналықты зердеге тоқып, түзу жолдан таймай жүргеніміз ғанибет емес пе. Марат АҚҚҰЛ.