Бокс • 23 Тамыз, 2018

Грозныйдағы турнирде қос боксшымыз финалда жұдырықтасады

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның танымал қос боксшысы Ерік Әлжанов пен Василий Левит Шешенстанның Грозный қаласында өтіп жатқан Ахмат Қадыровты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің финалдық сайысында күш сынасу құрметіне ие болды.

Грозныйдағы турнирде қос боксшымыз финалда жұдырықтасады

81 кило салмақта бақ сынап жүрген Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерік Әлжанов Грозныйдағы турнирдің ширек финалында үндістандық Брижеш Ядов пен жартылай финалда ресейлік Ризуан Мазиковты ұтты. Енді ақтық сында қандасымыз ринг қожайыны, студенттер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Ресей чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері  Иман Хатаевпен кездеседі.

91 кило салмақтағы Олимпия ойындарының күміс және әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левит қос бірдей жергілікті былғары қолғап шебері Назарбек Шамилов пен Саихан Бақаевқа сан соқтырды. Финалда әйгілі жерлесіміз Ресей біріншілігінің қола жүлдегері Шәміл Мансұровпен шеберлік байқасады. 

Сондай-ақ, бұл жарыста тағы үш боксшымыз өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Нұрбол Қалжанов (56 кило) пен Санатәлі Төлтаев (64 кило) ширек финалда сүрінді. Олар Өзбекстанның өрендері – Абырор Қадыров пен Әлияр Норәлиевке жол берді. Ал жартылай финалда ресейлік Шәміл Мальсаговқа есе жіберген Мәулен Өскенбек (69 кило) қола медальді мойнына ілді.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»