Қазақстан • 23 Тамыз, 2018

Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы АҚШ елшісі Джордж Кролмен кездесу өткізді

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы Америка Құрама Штаттарының Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті.

Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы АҚШ елшісі Джордж Кролмен кездесу өткізді

Кездесу барысында экономика, сауда-саттық және инвестициялар, достық қарым-қатынасты нығайту салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, елші Дж. Кролдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының қорытындысы шығарылды.

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Вашингтонға жұмыс сапарынан кейін байланыс одан әрі нығая түсті. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар арқасында біздің өзара қарым-қатынасымыздың экономикалық құраушысы бұрынғыдан жоғары деңгейге жетті», — деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты. ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың өткен жылы сәуір айында Калифорния мен Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарыныңқорытындысы бойынша Сан-Францискода Бас консулдық ашылды. Онда цифрландыру бағыты бойынша «Зерде», «Астана хаб» компанияларының, «Алатау» технопаркінің біріккен өкілдіктері жұмыс істейді. Бас консулдық жұмысы аясында Қазақстанның АҚШ-тың оңтүстік-батысымен, соның ішінде Кремний алқабында орналасқан жетекші америкалық компаниялармен ынтымақтастығы дамуда.  

Бұдан өзге, кездесу барысында екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары талқыланды.

Өз кезегінде, Дж. Крол Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың барлық мемлекеттермен достық өзара қарым-қатынасты дамыту мен нығайту жолындағы стратегиясы мен ерекше рөлін атап өтті.

«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлі елеулі әсерге ие. Қазақстан – 26 жыл бұрын Кеңес Одағының құрамында болған ел, ал бүгінде аймақтағы және жалпы әлемдегі көш бастаушы елдердің бірі. Қазақстан Президентінің саясаты қарым-қатынасты тұрақтандыру үшін көрші мемлекеттерге өте маңызды», — деді ҚР-дағы АҚШ елшісі.

Дж. Крол Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының елшісі ретінде 2015 жылғы 8 қаңтардан бастап жұмыс істейді.