Президент • 23 Тамыз, 2018

Елбасы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру аясында «ҚазТрансОйл» компаниясы Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты.

Елбасы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу барысында Елбасы үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ өз отаныңды сүюге негізделген қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.

Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру аясында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нүрпейісова атындағы алаңда белгілі отандасымыздың бюсті орнатылады, – деді Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев.

***

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-на 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті.

Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды.

2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.