23 Желтоқсан, 2011

Елбасы Маңғыстау облысында болды

269 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұ­мыс сапарымен Маңғыстау облысына келді, деп ха­бар­ла­ды Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Ақтау қаласында Президент облыс активімен, көрнекті жұрт­­шылық, зиялы қауым өкіл­де­рі­мен, мұнай компаниялары еңбек ұжымдарының өкілдері­мен кездесіп, Жаңаөзен қала­сында орын алған қайғылы оқи­ғалар мәсе­лелері жөнінде кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру, қаланың тіршілігін қам­та­ма­сыз ететін нысандардың жұмыс істеуін жолға қою, сондай-ақ жұмыстан шығарылған еңбек­кер­лерді жұмысқа орналастыру жө­нінде барлық шараның қабыл­да­на­тынын атап өтті. Сонымен бірге, Президент Қазақстан заңна­ма­ларының барлық талаптарын бұл­жытпай орындау қажеттігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстырды. Маңғыстау облыстық мәслиха­ты­ның келісімімен өңір әкімі лауа­зымына Бауыржан Мұхаметжа­нов тағайындалды.

Президент Қырымбек Көшер­баевқа жемісті жұмысы үшін ри­зашылығын білдіріп, соңғы бір­неше жылда өңір үлкен эконо­ми­калық табысқа жеткенін атап өтті.

Президент өзінің тапсыр­ма­сы бойынша Премьер-Министр­дің бі­рінші орынбасары Өмір­зақ Шө­кеев бастаған арнайы Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында болып, тұрғын­дар­мен кездесу өт­кізгенін, жағ­дайды сол жерде жан-жақты тек­сергенін айтты. Үкімет Жа­ңаөзендегі тәртіп­сіз­дік­тердің салдарын жою және қаланы қалпына келтіру бой­ын­ша ар­найы шаралар жоспарын бекітті. Осы мақсатқа Үкімет тара­пы­нан 3 млрд. теңгеден астам сома бөлініп отыр. Жеке меншік иелерінің зардап шеккен ны­сандарын қалпына келтіру үшін бюджеттен тыс қаражат тарту қарастырылған.

Қазіргі кезде Жаңаөзен қала­сын­дағы жағдай тұрақтан­ды­рыл­ған. Басқару органдары қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.

Мемлекет басшысы атап көр­сеткендей, жаппай тәртіпсіз­дік­тер­дің туындауына бұзақы топ­тың іс-әрекеттері басты себеп бол­ған. Олар жұмыстан босатыл­ған қыз­меткерлер мен «Өзен­мұнайгаз» компаниясы бас­шы­лығы арасын­дағы ұзаққа созыл­ған еңбек жан­жалын пайда­ланған.

– Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» компания­сы менің еңбек дауын дер кезінде шешу жөніндегі тапсырмамды орын­дамады. Өкінішке қарай, олар бұл мәселені шешуде дәр­менсіздік та­нытты. Ұлттық компания мен оның еншілес құ­рылымдарының басшылығында көптеген кездей­соқ адамдар бол­ған. Осының бар­лығы менеджмент тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырды. Сон­дықтан мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сының жаңа бас­шылығына Ләззат Қиыновты, ал «Қаз­МұнайГаз» БӨ» компания­сы­ның басшылығына Алик Айдар­баев­ты тағайындаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке өкілетті үкіметтік құрылымдардың, «Қаз­МұнайГаз» компаниясының атал­ған жағдайдағы іс-қимылын жан-жақты тексеріп, кінәлілерді жазалау, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқару жүйесін реформалау бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бой­ын­ша Мемлекет басшысы өкілетті мемлекеттік органдардың ал­дын­да қысқа мерзімде Жаңаөзен қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бой­ын­ша барлық қажетті шараларды қа­был­дау міндеті тұрғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Жаңаөзен қаласында болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қирап-бүлінген нысан­дар­да болып, қала тұрғын­дары­мен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.

Содан кейін ел Президенті қала активімен, мұнай ұйымдары еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет бас­шысы Қазақстан қоғамының бас­ты құндылығы – тәуелсіздік, бей­бітшілік және келісім екенін атады.

– Жиырма жыл бұрын, хал­қымыздың тарихында біз тұңғыш рет тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз осы қасиетті құндылықты ба­ға­лай білуге тиістіміз. Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығындағы жаппай тәртіпсіздіктер біздің барлық хал­қымыздың жазғыруын туғыз­ды. Шахтерлер, металлургтер, ең­бек ұжымдары бүкіл еліміз бойынша тәртіпсіздіктерді жаз­ғыр­ды, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Л.Қиынов сөз сөйледі. Ол жұмыстан боса­тыл­­ған қызметкерлерді еңбекке ор­на­лас­тыруды қоса алғанда, барлық проблемалардың таяу уақыттарда шешілетініне сендірді. А.Айдарбаев Президенттің бар­лық тапсыр­ма­ларының ең қысқа мерзімде орын­далатынын атап көрсетті.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, тарихи Отанына оралған біздің отан­дастарымызға Сіз жеке қолдау көрсетіп келесіз. Біз Сізге, Сіздің ең­бегіңізге, осы сәтте қолдау көр­сетіп және проблемаларды шешу үшін келгеніңізге ризамыз, –  деп атап өтті «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген отандастардың қалалық бір­лес­тігінің төрағасы С.Мұқашев.

Мемлекет басшысы қоғам­да­ғы бейбітшілік пен  келісімнің қа­зақ­стан­дықтардың басты құн­ды­лық­тары екенін атап көрсетті. Маң­ғыстау – бұл ежелден қазақ­тарда тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің тірегі болып саналған ғасырлар бойғы дәстүрлер мекені.

– Егер бізде бейбітшілік пен бітім орнаса, онда біздің бала­лары­мыз да бақытты болады. Халық бірлігі – ол біздің ең басты құндылығымыз деген ұлы Абайдың сөзін ұмытпаңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке мейлінше қысқа мерзімде Жаңаөзен қа­ласындағы қираған нысандарды жедел қалпына келтіру үшін бар­лық ұйымдастыру, қаржы мәсе­ле­лерін шешуді және қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін нысан­дардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Мем­лекет басшысы елдің өзге өңірлерінің қаланың қираған ны­сандарын қалпына келтіру үшін көмек көрсетуге ұмтылыс білдіріп отырғанын атап өтті. Оның сыртында Н.Назарбаев отандық кәсіпкерлердің де қираған ны­сан­дарды қалпына келтіруге және қаланы көріктендіруге ықпал ететіндерін хабарлады.

Президент атап өткендей, Үкі­метке, «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорына «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компания­сы­ның құры­лым­дық бөлімшелеріне заңды тұл­ға мәртебесін беру жө­нінде ше­шім қабылдау керек. Бұл олар­дың еңбек ұжымдарының әлеу­мет­тік мәселелерін шұғыл түрде шешіп отырулары үшін қажет.

Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев басқаратын үкіметтік ко­миссияға екі апта ішінде «Өзен­мұнайгаз» компаниясының қыз­мет­­керлері мен Жаңаөзен қаласы тұрғындарының наразылығын ту­дырған барлық себептерді анық­тау­ды және ол себептерді жою жө­ні­нен ұсыныстар түсіруді тапсырды.

Президент әрбір жаңа­өзен­дік­тің үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы шең­­берінде ашылған  кәсіп­орын­дар­дың бірінде жұмысқа орна­ласуға мүмкіндігі бар екенін атап көр­сетті.

Нұрсұлтан Назарбаев Бас про­куратураға, Ішкі істер министрлігіне жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу жөнінен барлық қа­жетті шаралар қабылдауды тап­сырды. Барлық кінәлілер мен жап­пай тәртіпсіздік тудырушы­лар­ды анықтау және іздеу жө­ніндегі жұмыстарды кү­шей­ту қа­жет. Тергеу барысы, Маң­ғыстау облысы ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бас­таған қоғамдық комиссияны тарта отырып, ашық және жария түрде жүруге тиіс.

Президент атап көрсеткендей, сарапшылардың басым көпшілігі, оның ішінде шетелдік сарап­шы­лар да бұл арнайы ұйымдас­ты­рылған акция, Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер «нақты ұйым­дастырылуы мен өткізілу уақыты айғақтап отырғандай, арандату­шылық сипаттағы жоспарланған акция»  деген пікірді ұстанады. Бүтіндей алғанда, бұл оқиғаны, сол сияқты оны шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимылын  шетелдіктер объек­тивті тұрғыда түсініп отыр.

Жаңаөзендегі қайғылы жәйт елдің бүкіл азаматтары үшін ортақ қайғыға айналды, деп атап өтті Мемлекет басшысы сөзінің соңында. Бүкіл қазақстандықтар тәртіпсіздіктерді ұйымдасты­ру­шы­лардың іс-әрекеттерін бір­ауыздан айыптады. Жаңаөзендегі оқиға қазақстандық қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті ны­ғай­тудың маңыздылығын іс жүзінде көрсетіп берді. Бүгінде әлемде бірде-бір ел теңдесі жоқ жа­һан­дық экономикалық дағдарыстың зардабына айналып отырған жаппай тәртіпсіздіктерден қашып құтыла алған жоқ.

– Қазақстандықтардың бірлі­гі­нің, бірізді жүргізілген әлеу­мет­тік-экономикалық саясаттың ар­қа­сында бізде Жаңаөзендегі қа­лыпты өмірді қалпына келтіру жөніндегі бүкіл қажетті жұмыс­тар­ды барын­ша қысқа мерзімде атқарып шы­ғу­ға барлық мүм­кіндіктер бар. Осы­ған орай бар­лық мемлекеттік ор­ган­дарға бірлескен және өзара үй­лестірілген жұмыстарды ұйым­дас­ты­руды тап­сырамын. Барлық жұ­мыс шапшаң, барынша қысқа мерзімде  атқарылуға тиіс. Тергеу ба­ры­­сын мен жеке бақылауымда ұс­тай­тын боламын, деді Мемлекет басшысы.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.