Спорт • 24 Тамыз, 2018

33 жыл бойы жаңармаған рекорд

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл осыдан жарты ғасыр бұрын түсірілген сурет. 1968 жылдың күзінде Мехикода өткен ХІХ жазғы Олимпия ойындарында АҚШ-тың жеңіл атлеті Боб Бимон 8 метр 90 сантиметрге секіріп, әлемдік рекорд орнатты.  

33 жыл бойы жаңармаған рекорд

Ұзындыққа секіруші Боб Бимон Мехико­ға басты фавориттердің бірі ретін­­де атанды. Себебі Олимпиада қар­саңында өзі қатысқан 23 жарыстың 22-сін­де ол жеңімпаз атанған еді. Тіптен, сол бәсекелердің бірінде әлемдік рекордты жаңартқанына дүйім жұрт куә. Алайда бұл қатардағы көп турнирлердің бірі болғандықтан Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы тарапынан бұл көрсеткіш ресми түрде тіркелген жоқ. 

Мехико Олимпиадасы Бимон үшін сәтсіз басталды. Әу баста екі рет жолақты басып кеткен ол жағдайын қиындатып алды.  Десек те үшінші мүмкіндігін сәтті пайдаланып, 8 метр 19 сантиметрлік көрсеткішпен финалға шықты. Ақтық сында АҚШ спортшысы айды аспанға шығарып, 8 метр 90 сантиметрге бір-ақ секірді. Стадион толы жанкүйерлер орындарынан тік тұрып, кедейшілік пен жоқшылықтың тауқыметін көп тартқан саңлаққа қошемет көрсетті. Ал көздері шарасынан шыққан төрешілер жаңа рекорд қойылғанын жариялауға асықпады. Бұл көрсеткішті есепке алмаудың жолын іздеген олар әр нәрсеге килікті. Бірақ ережеге қайшы келетін түк таппағаннан соң араға жарты сағат салып, америкалық Ральф Бостон мен КСРО-ның мықтысы Игорь Тер-Ованесянның әлемдік рекордын 22 жастағы Боб Бимон бақандай 55 сантиметрге жаңартқанын жалпақ жұртқа жария етті. Сол кезде чемпионның дәл қасында тұрған Тер-Ованесянның «Мына жігіттің нәтижесінің қасында біздікі көшеде жүрген бір баланың жай ермегі секілді болып қалды ғой» деп бас шайқағаны бар.   

Кейіннен Бимон талай байрақты бәсекелерге қатысқанымен Мехикодағы көрсеткішіне маңайлай да алған жоқ. Оған себеп, аяқ сіңірлерінің созылуы. Бұл рекорд мұрты бұзылмаған күйі 33 жыл бойы тұрды. Тек 1991 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында бұл көрсеткішті АҚШ-тың тағы бір атақты жеңіл атлеті Майкл Пауэлл жаңартты. Жапонияның астанасында ол 8 метр 95 сантиметрге секірген еді. Содан бері де ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Небір дүлдүлдер қанша жанталасып, әрекет еткенімен Пауэлдің осыдан 27 жыл бұрынғы рекордын жаңарта алмай жүр...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»