Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Бағдарлама жоспарға сай орындалуда

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Бағдарлама жоспарға сай орындалуда

Жиында сөз алған Инвес­тициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Аман­гелді Беков Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәй­кес 2015 жылдан бастап ха­лықтың әл-ауқатын жақсар­туға, ел экономикасы мен инфра­құрылымын жаңа деңгейге кө­теруге бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарла­масының жүзеге асырылу бары­сын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2015-2017 жылдар ке­зеңінде «Нұрлы жол» аясын­да республикалық маңызы бар 1,8 мың шақырымға жуық автожол салынды және реконструкция­ланды. Ал биыл 4,2 мың шақы­рым жол жөнделіп, 23 авто­жол жобасында құрылыс жұмыс­тары жоғары қарқынмен жүргізі­луде. Оның ішінде 22 жоба өт­пелі, жалпы ұзақтығы 2900 ша­қы­рым болатын 10 жоба халық­аралық қаржы институт­тарының займдары есебінен іске асуда. Осының нәтижесінде жыл соңында 528 шақырымдық жол қолданысқа берілмек.

Жалпы «Нұрлы жол» жобаларын іске асыруға жергілікті желі автожолдарын қосқанда 100 мың адам жұмылдырылған. Бұған қоса, жол құрылыстарына толықтай отандық материалдар қолданылады.

Жиында белгілі болғандай, аталған бағдарлама бойынша 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 60 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген. Ал еліміздегі жолдарды 2025 жылға дейін 85 процентке жаңартып, тақтайдай тегістеп отыру үшін жыл сайын бюджеттен 150 млрд теңге бөлу көзделген.

Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде 1 859 жол бойында қызмет көрсету нысаны орналасқан. Оның 780-і, яғни 42 проценті ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Алдағы уақытта қолданыстағы нысандарды жақсартумен қатар, жаңа нысандар салу және ұлттық стандарт талаптарына сай келетін «KazWay» модульді павильондарын орнату жоспарланған.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»