23 Желтоқсан, 2011

Ұйым өкілдерімен жүздесті

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдері мен «Руханият» партиясы мүше­лері­нің арасында кездесу болып, ресми отырысты «Руханият» пар­тия­сының төрағасы Серікжан Мәм­бетәлин жүргізді. Кездесу барысында тараптар өзара пікір алмасып, бүгінгі әлем­дік және елішілік саяси бағдар турасында көзқарастарымен бө­ліс­ті. Серікжан Мәмбетәлин сайлау кезектен тыс белгіленсе де, «Руханият» партиясы үгіт-на­си­хат науқанын қажырлы жүргізіп жатқанын айтып, сайлауалды шаралар жөнінде: «М.Шаханов – соңғы қырық жыл бойы ұлттық-патриоттық іс-шаралардың орта­сын­да жүрген азамат. Жинаған беделі біздің рейтингімізді күрт өсірді. Бұл басқа партиялардың ал­дындағы өзгешелігіміз», деп атап өтті. «Руханият» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутатты­ғы­нан үміткер Серікхан Жақыпов үгіт-насихат жұмысын жүргізуге уақыттың жеткіліксіздігін, сай­лау­алды науқаны бірнеше мейрамдармен сәйкес келіп, сайлау­шы­лармен кездесуге уақыттың тапшылығын және қаржының аз­дық етіп жатқандығын мәлімдеді. «Бұған дейінгі сайлауларда қаржы мемлекет тарапынан бөлінетін. Партиялық тізімдегі көптеген азаматтар үшін 240 мың теңге табу қиындық тудырды. Шет аймақ­тар­ға жасалған сапарларға жұм­са­латын қаржыны да әркім өз қал­та­сынан төлеп отыр», деді біраз мә­селелерге тоқталған С.Жақыпов. Серікжан Мәмбетәлин ЕҚЫҰ өкілдерінен сайлаудың әділ өтуін қадағалап, Ор­та­лық сайлау ко­мис­сиясы мен сайлаушылар арасында дәнекер болуын сұрады. Бұдан бөлек, «Руханият» пар­тия­сының негізгі электораты ауылды жерлерде, шалғай аймақтарда ор­наласқандықтан, үміткерлер мен жергілікті басқару қызметкерлері арасында кейбір келіспеушіліктер туындағанын да айтып өтті. Қанат ЕСКЕНДІР.