Әлем • 27 Тамыз, 2018

Цифрлы технология дәуірінің алыбы

1342 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Цифрлы технология дәуірінің алыбы

Кезінде «Washington Post» газеті Стив Джобс туралы Уол­тер Айзааксон жазған био­гра­фиялық туындыны әртүрлі тұрғыдан оқуға болатынын, атап айтқанда, компьютерлер заманындағы өнімдердің алдымен жеке адамның құ­рал-сайманына, ал келе-келе қосалқы бөлшектеріне ай­налған ғажап кезеңнің тарихы ретінде оқуға да, ия болмаса «Apple»-дің шарықтау шегі мен кері кеткен тұстарындағы адамдар арасындағы достық пен лауазымдық қарым-қатынас­тар­дың күйреген кезеңін сипаттай­тын оқулық ретінде де қарас­тыруға болатынын жеткізген еді. Ал әлгі туындыға өз мәде­ниетіміздің тұрғысынан қарай­тын болсақ, оның мәні халқы­мыз­дың «Талапты ерге нұр жауар» деген тағылымды нақылы­ның семантикалық аясын жан-жақты ашатынына көзіміз жетеді.

Айтса айтқандай-ақ, озық ойлы, ақыл мен парасаты кемел, қолынан келмейтіні жоқ шебер де іскер, икемді де ілкімді жандарды көре қалсақ, оларды сегіз қырлы, бір сырлы деп, өзімізге де, өзгелерге де үлгі етіп, дәріптеп жүретініміз жасырын емес. Сосын дәл сондай бесаспап тұлғалардың басқа өркениеттерде де баршылық екені дау туғызбайды. Мәселен, өз туындыларының өзегіне дәл сондай әйгілі алыптарды ар­қау еткен америкалық қа­лам­гер Уолтер Айзааксонның күл­лі әлемге танымал, атақтары жер жар­ған кейіп­керлерінің қата­рында ақпараттық-коммуни­кация технологиялар саласында ғажап идеяларды соншалықты жылдамдықпен іске асырып қана қоймай, олардың шексіз мүмкіндіктерін де шегіне жеткізе ұштап, нәтижелерін компьютерлер ғана емес, алақандай ғана заманауи айфондарға сыйғызған, оны күллі әлемге қолжетімді етіп кеткен, өкінішке қарай, 56 жасында өмірден озған Стив Джобс тұр.

Сондықтан бұл күнде заманауи ғылыми жаңалықтарды, оның ішінде цифрлық технологияларды экономиканың күллі саласына ендіруді жаппай қолға алып әрі рухани жаң­ғыру кезеңін бастан өткеріп жатқан егемен еліміз үшін де, ортамызда жүрген жасампаз жас­тарымыз үшін де Стив Джобс мұрасының алатын орны, іскерлік өмір тәжірибесі мен көз­деген мақсатына жетпей тын­байтын қайсарлығы – қайта­ланбас үлгі-өнеге әрі терең тағы­лымды құндылықтар.

Біздер сонымен қатар, Стив Джобста жұмыр басты пендеге тән кемшіліктер болмады деуден мүлде аулақпыз. Өйт­кені ондай кемшіліктер әр адам­ның бойынан табылады ғой. Алайда Стив Джобстың сәби кезінен бастап, өзгелермен араласпай, томаға-тұйық күй кешіп, өзімен-өзі оңаша болуды қалайтындығының басқа сырының бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ал Уолтер Айзааксон болса, мұның астарын тап басып, дәл тапқан. Ол Стивтің өзімен де, алыс-жақын туыстарымен де, жұмыстағы әріптес-серіктестерімен де сан мәрте сұхбат жүргізіп, соның нәти­жесінде оның мінез-құл­қын­дағы кейбір жұмбақ та бұ­лың­ғыр сырдың басты себебі оның асыранды бала бол­ған­­дығында жатқанын әрі бұл қа­сі­­ретті шындықты оның өзгелер­ден емес, өзін асырап алған өгей ата-анасы, Пол мен Клара Джобс­тардан тым ерте, тіпті сәби кезінде естігендігінде екен­дігін дөп басқан. Айзааксон өзі­нің ойлы туындысында Стив­тің санасын улап, шексіз мұңға батырған әлгі шындық пен «неге?» деген жауапсыз сұрақтың оның қыр соңынан қалмай, жүрегіне шер боп байланып, тіпті дүниеден озғанша бір сәт те толастамай, үздіксіз ой-санасын кеміріп келгенін өте дәйекті дәлелдеген.

 Ал әлгі шындықтың астарына одан да тереңірек бойласақ, Стив Джобстың биологиялық ата-анасы, сириялық ауқатты мұсылман отбасынан шыққан Абдулфаттах Жандали (Abdul­fattah Jandali) мен католиктер отбасынан шыққан америкалық бойжеткен Джоан Шиблдың (Joanne Shieble) тас­танды нәрестенің алдында титтей де күнәсі жоқ екенін байқаймыз. Себебі Джоанның әкесі өте қатыгез әрі католик дінін берік ұстанған адам болғандықтан, қызын мұсылман арабқа беруге үзілді-кесілді қарсы шығады әрі егер қызы тілін алмайтын болса, оны бір тиынсыз қалдыратынын ескертіп, шектен тыс қорқытып тастаған. Содан да болар, одан әрі еш амалы қалмаған Джоан әкесіне аяғының ауыр екенін білдірмес үшін, Висконсиндегі ата-анасының мекенінен аулақтап, Сан Франциско қаласына қоныс аударады да сол қалада босанып, нәрестесін сәбилер үйіне тапсыруға мәжбүр болады. Джоанның панасыз қалған ұлын алдымен бір ауқатты отбасы асырап алмақшы болады, бірақ олар артынан ұл емес қыз бала керек деген желеумен нәрестеден бас тартады. Енді оны орта білімі де жоқ, бірақ ескі көліктерді жөндеуден өткізіп, оларды қайта сатумен күнелтіп жүрген автомеханиктің отбасы асырап алмақшы болады. Бірақ Джоан оларға ұлын колледжде оқытса ғана рұхсат беретінін айтып, шарт қояды. Сөйтіп әлгі шарт толық заңдастырылғаннан кейін болашақ ғұламаны Пол мен Клара Джобстар асырап алады да, сәбиге Стивен Пол Джобс деген ат қойып, құжаттарын рәсімдейді.

Жасөспірім Стив есейе келе, өгей әкесінің кәсіп істейтін гаражын жиі жағалап, онда жөнделіп жатқан көліктердің электрондық жүйелерінің қыр-сырын ұға бастайды. Келе-келе әлгі гаражға Стивтің өзі­мен аттас әрі мүдделес досы әрі болашақ «Apple 1»-дің құ­рыл­тайшыларының бірі Стив Воз­няк та жиі төбе көрсетіп, олар әр­түрлі жобаларды ортаға салып, ұзақ ақылдасатын. Бұл кез­десулер бірте-бірте өз же­місін де бере бастайды. Қос ө­нер­тапқыштың өнімдері сатылымға шығып, олардың енді қолдары да ұзарып, қаржы мүмкіндіктері де молая түседі.

Заманауи технологиялар­дың бүгінгі даму динамикасы­ның биігінен қарасақ, қос Стив жина­с­тырған «Apple 1» ком­пью­те­рі­­нің алғашқы нұсқасы жо­ға­рыда аталған жұпыны ғана га­р­аж­да жасалып еді дегенге дәл қазір біреу сенсе, біреу сен­­бесі анық. Сонымен қатар, био­­граф У.Айзааксон келтір­­ген дәйекті деректерден көріп отыр­­ғанымыздай, Стив Джобс­тың университет тұр­мақ, кол­леджді де бітіре алмай, оқудан шығып қалғаны да адам сенгісіз оқиға. Бірақ тереңірек зер салсақ, ол әлгі оқу орнын дарынсыздығынан емес, ұнатпағандығынан тастап кеткен болатын. Сөйтіп креативті ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайтын дарын иесі Стив Джобстың заманауи технололгияларды ойлап тауып қана қоймай, оларды үздіксіз дамытуға деген шексіз құштарлығы, сонымен қатар өндірістен шығатын өнімдердің қолже­тім­ділігімен қатар олар­дың сыртқы сипатының тұтыну­­шының қалауынан шыға­тын эсте­тикалық дизайнмен көмкері­луін де тынымсыз қадаға­лап отыратын зеректігі де оның табысын еселей түседі. Оның үстіне, Стив Джобс пен Стив Воз­няк сол кездегі ақпарат­тық-ком­муникация технологиялар сала­сындағы әлемге әйгілі корпора­ция­ларымен тек қарым-қатынас орнатып қана қоймай, олардың инфрақұрылымдарымен де жете танысып, олардың зама­науи өнімдерін әлдеқайда жетілдіруге болатынына титтей де күмәндары болмаған.

«Ақыл ауысады, ырыс жұ­ғысады» демекші, Стив Джобс өзге өндіріс орындарынан көрген ұтымды идеяларды санасына бірден тоқып алатын және оларды бұрынғыдан бетер жетілдіре түсуге және соның нәтижесінде мүлде жаңа өнімдер шығаруға болатынына да өте сенімді еді. Ол ендігі жерде Стив Возняктан бөлініп, өзінің жеке компаниясын құруға бел байлайды да, «Apple»-ді уақытша тастап шығады. Өйткені онда жүре берсе, Стив Возняктің көлеңкесінде қалып қоятынын ол жақсы білді. Сосын Стив Джобсқа тыным бермеген қозғаушы күштің тағы бірі оның ойына қонақтаған «Біздің мақсат тек ақша жасау емес, керемет бұйымдар шығару» сияқты жасампаз идея болатын. Сонымен қатар, Стив Джобсқа терең ой тастаған ғұлама қылқалам иесі Пабло Пикассоның да ықпалы болғаны анық байқалады. Өйткені Пикассоның: «Жақсы суретшілер көшіреді, ал мықты суретшілер ұрлайды» деген өмір шындығынан алынған кекесінді юморына сілтеме жасай отырып, Стив Джобстың: «Біздер жақсы идеяларға кез болсақ, әрқашан іліп алатынбыз және мұны ұятқа санамайтынбыз» деген сөздерін биограф У. Айзааксон оқырмандарынан жасырмайды. Алайда Стив Джобс солай деген екен деп, оны ұры болды деуден мүлде аулақпыз. Өйткені Стив Джобс – жақсы идеяларды қабылдап қана қоймай, оларды әрі қарай дамытудың нақты тетіктері мен ұтымды жолдарын тапқандықтан, 1980 жылдары оның жалпы активі 1 триллион 79 миллиард долларды құраған-ды және 2008 жылы Стив Джобстың әріптестерінің ішінен шыққан миллионерлердің саны 300-ге жетеді.

Дей тұрғанмен, Пабло Пикас­соның жоғарыдағы қисынды пайымы шындықтан мүлде алыс емес еді, өйткені ондай құбы­лыс күнделікті өмірде өте жиі кез­деседі әрі заманауи технология­лар мен өмірдің сан-саласындағы озық идеяларды ұрлау тек жеке тұлғалардың арасында ға­на емес, трансұлттық іргелі компаниялар мен корпорациялар арасында да, тіпті әлемнің оза дамыған алпа­уыт мемлекеттерінің арасында да жиі ұшырасатын құбылыс екені өтірік емес.

Сонымен Стив Джобс өзінің стратегиялық жоспарларын өте қысқа мерзім ішінде іске асырып үлгерді. Мұны жер жүзі мойындайды. Ол бас-аяғы 40 жылдың ішінде жеке тұтынушыларға арналған компьютерлер, ани­ма­циялық фильмдер мен музы­калық өнімдер, сондай-ақ заманауи ұялы телефондар мен портативті компьютерлер мен цифрлық принтерлер шығару саласында алты индустриялық революция жасады. Ғұлама тұлға инновациялық, өнертапқыштық қабілет жағынан да, қолданбалы ойлау жүйесінің ауқымдылығы мен тереңдігі немесе креатив­ті ойлау жүйесін инженерлік шешіммен ұштастыра білуде де алдына жан салмаған еді. Оның үстіне кез келген бәсекеде Стив Джобстың технологиялық өнімдеріне тән басымдықтың ең бастысы Джобс туындыла­рында жұмсақ өнімдер (ком­пью­терлік база жиынтығы, компью­терлерді қалай пайдалану туралы нұсқау, т.с.с.) мен қатты өнімдер (компью­тердің физикалық бөлшек­тері, цифрлық электро­ника, электрондық ком­по­нент­тер, т.с.с.) үнемі бірін-бірі толықтырып, қосақталып жүреді. Сондықтан да оның фирмалары өндіретін заманауи туындылардың технологиялық басымдығы өзге компаниялар мен фирмалардың өнімдерінен оқ бойы озық тұрады әрі кез келген нарықта өтімді. Сонымен қатар Стив Джобстың рухани қуаты өзгелердің мысын басып тұратындықтан, кез келген нарықта оның заманауи өнімдері өзгелердің алдын орап кететін. Мұның басты себебі Стив Джобс қалыптастырған инженерлік-дизайнерлік топтар мен кәсіби мамандардың адами сапасының жоғарылығымен бай­­ланысты болғандықтан, бәсе­ке­лес тұлғалардың ешқай­сысы оның шаңына да ілесе алмайтын.

Сөз соңында У.Айзааксон ашқан С.Джобстың биографиясына байланысты тағы бір ащы сырға сілтеме жасаған артық болмас. Ол мынаған саяды. Стив Джобс 2004 жылдың жазында Айзааксонға телефон шалып, өзінің бір мәселемен келіп кететінін және мүмкін болса, үйде емес, сыртта әңгімелесуін өтінеді. Оның үстіне олар бірін-бірі 1984 жылдан бастап білетін, өйткені Стив оны өзінің жаңа өнімдерінің таныстырылымына шақырып тұратын. Бірақ бұл жолғы Стив Джобстың бұйымтайы жазушыға оғаштау көрінді, өйткені жазушыдан ол өзінің биографиясын жазып беруді өтінген болатын. Бұл кезде жазушы У.Айзааксон Бенджиамин Франклиннің биографиясын жарыққа шығарып, енді Альберт Эйнштейннің өмірбаянын жазуға кіріскен болатын. Оның үстіне сол жылы Стив Джобс бар болғаны 49 жас­та ғана болатын. Сондықтан Айзааксон оған биография жазу­ға әлі ертерек болар, бұл мәселеге Стивтің зейнетке шық­қан кезінде, яғни 10 немесе 20 жылдан кейін оралуға кеңес бе­реді. Бірақ арада бір жыл өткен кезде, 2009 жылы Айзааксонға Стив Джобстың әйелі Лорин Пауэлл телефон шалып: «Егер Стив туралы кітап жазатын болсаңыз, қазір бастамасаңыз тым кеш болады. Өйткені Джобс денсаулығына байланысты осымен екінші рет демалысқа шығып отыр. Ол маған бүгін обырына дәрігерлердің операция жасайтынын айтты. Сосын ол ракпен ауыратынын бүгінге дейін жасырып келіпті», дейді.

Джобстың науқасының мұн­шалықты асқынып кеткенін біл­ген соң, Айзааксон кітапты бірден бастап кетеді. Сонымен, келесі 3 жылды артқа тас­тап, көлемі 600 беттен асатын тағы­лымды ғұмыр туралы салиқалы туынды 2013 жылы Нью Йорк, Лондон, Торонто, Сидней және Нью Дели қалаларында қатар жарық көрген бойда көп тиражбен сатылымға шығып, күллі әлемге жаппай тарап кеткен болатын.

Мақаланы осымен аяқтай келе, бұл туындыны ағылшын тілді түпнұсқаcынан төртінші индустриялық революцияның бел ортасында жүрген еліміз­дің жастары тұтас оқып, тағы­л­ым­ды ғибрат алса жөн болар еді дегім келеді. Өйткені ақпараттық-коммуникация саласына қатысты толыққанды дереккөздерімен танысып қой­май, У.Айзааксонның туындысынан IT саласын меңгеруді мұрат етіп жүрген кез келген азамат аталған саланың ең соны терми­нологиясымен таныса алаты­нын, демек адамзат бола­шағының цифрлық техноло­гиямен сабақтас болатынын жете сезінер еді демекпін. Ендеше, іске сәт, қадірлі халайық!

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық Жоғары мектеп Ғылым 
академиясының академигі