Кеше Болат Нұржанов атындағы Екібастұздың ГРЭС-1 стансасының №6 энергоблогында электр сүзгісі іске қосылды. Өндірістік жобаның іске қосылуына және энергетиктерді төл мерекелерімен құттықтау салтанатына кәсіпорын акционері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасының 50 пайыздық үлесіне ие «Қазақмыс» жеріміздегі мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу жөніндегі жетекші халықаралық компания болып табылады. Корпорация еліміздегі ірі мыс өндіруші әрі 17 кенішке, 10 тау-кен фабрикаларына және екі мыс балқытушы өндірістік кешенге ие болып отырған әлемдегі алда келе жатқан мыс өндіруші. Мырыш, күміс және алтын өндіреді. Өткен жылы 167 мың тонна мырыш концентратын өндірген. Корпорация әлемдегі он күміс өндірушінің бірі боп табылады. Лондон қор биржасында және Гонконг қор биржасында айналымға қабілетті FTSE-100 компания тізіміне кіреді, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында (KASE) да саудаланып келеді. Корпорация тобында 61 мың адам жұмыс істейді, көпшілігі қазақстандықтар. Ал, энергетикалық қауіпсіздік – ол ел қауіпсіздігі.
Бұған дейін шетелдік инвесторлардың қолында болып келген 30 жылдық тарихы бар станса бұл күндері мемлекет иелігінде екені белгілі. Былтыр ГРЭС-1 стансасына еліміздің және ТМД елдері электр энергетикасы саласының ардагері, кезінде кәсіпорынның аяққа нық тұрып, дамуына зор үлес қосқан Болат Нұржановтың есімі берілді. Өткен жылы стансаның мерейтойына орай №5 энергоблокта қоршаған ортаны ластанудан қорғайтын электрлі сүзгі іске қосылған болатын. Стансаның бас директоры Рысқан Сыбамбаевтың айтуынша, кәсіпорынның алдағы он жылдыққа арналған даму бағдарламасы талқыланып, бекітілген. Жоғарыда аталған №5 электрлі сүзгі осы инвестициялық бағдарламаның алғашқы бастамасы деуге болады. Жаңа құрылғы ауаға таралатын зиянды күлдің мөлшерін жылына 17,5 мың тоннаға дейін төмендете алады. Бұған дейін экологияға залал келтіретін қалдықтардың ауаға таралу мөлшері жылына 20,5 мың тоннаны құраса, енді ол көрсеткіш 3 мың тоннаға дейін азаяды. Бұл кәсіпорынның қаржы үнемдеуіне де әсер етеді. Мысалы, экологиялық зардаптар үшін жылына төленетін қаражат көлемі 70,6 миллион теңгеге қысқарады. Стансадағы № 2 және № 8 энергоблоктарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына құйылатын инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңге болады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2014 жыл. Иә, энергетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жатқан үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жобалары да энергетика саласымен тығыз байланысты. Бұл ретте, Екібастұздың ГРЭС-1 стансасының алар орны ерекше.
Жалпы, Екібастұздағы стансаларда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен, оның ішінде жаңадан іске қосылған электр сүзгінің маңызын Елбасы да жақсы біліп, назар аударып, жоғары бағалап отырған. Өйткені, еліміз үшін көмірлі қала, айнала өндірістері қаптаған Екібастұздың орны бөлек. Сол үшін де шетелдердегідей мұндай электрлі сүзгілерді еліміздегі барлық стансаларда орнату қажет екендігін айтып, қоршаған ортаны қорғаудағы бұл құрылғылардың маңызын ескере отырып, Үкіметке осындай құрылғыларды елімізде жасауға тапсырма бергені де белгілі. Осы отыз жылда стансаның дамуына өз ісіне адал көптеген мамандар үлес қосты. Жалындаған жастар энергетика саласының қыр-сырын осы станса басында жүріп меңгеріп шықты. Станса тек қазақстандық мамандардың ғана емес, кеңестік елдердің энергетиктерінің нағыз шыңдалу, шеберлік мекеніне айналды, дейді энергетиктер.
№6 энергоблокта орнатылған электр сүзгі одан шығатын күлдің деңгейін едәуір азайтатын болады. Жалпы, жаңа заманғы электр сүзгілерін орнату бағдарламасы үшін компания 12,5 миллиард теңге бөлді. 2013 жылы электр сүзгілері қолданыстағы 6 энергоблокта толық орнатылатын болады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауаға таралатын зиянды заттардың ауқымы анағұрлым кемиді. Стансада жұмыс істеп тұрған бес энергоблокты модернизациялаудың, №1, 2 және 8 – үш энергоблокты қалпына келтірудің және электр сүзгілерін бірте-бірте орнату есебінен қоршаған ортаға келтірілетін зиянды ықпалын барынша кемітудің бірнеше кезеңдерден тұратын көп жылдық инвестициялық бағдарламасы осылай жүзеге асуда. Жүргізілген жұмыстардың құны шамамен 1 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Биыл № 8 және №2 энергоблоктарды қалпына келтіру ісіне шамамен 19 млрд. теңге игерілді. № 8 энергоблокты іске қосу алдағы жылдың екінші жартысына белгіленіп отыр. № 2 энергоблокты қалпына келтіру жөніндегі жоба да аяқталды. Биыл жыл бойы инвестициялық бағдарламалар аясында № 6 энергоблогындағы электр сүзгілерді монтаждау және орнату жөніндегі жұмыстар орындалып, № 7, 4 және 5 энергоблоктардағы электр сүзгілерді монтаждау жұмыстары басталды. № 3 және № 6 энергоблоктарында жаңғырту жұмыстары мен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
– Екібастұз ГРЭС-1 стансасындағы жаңғырту жұмыстары, жалпы қазақстандықтар үшін маңызды. Бұл ретте, орнатылып жатқан электр сүзгілердің арқасында қоршаған ортаға деген зиян мөлшерін барынша төмендетуге қол жеткізе алатын болдық, – деп атап өтті «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Э.Огай.
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.