24 Желтоқсан, 2011

Электорат белсенділігі жоғары болатындай

810 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Демократиялық институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы қоғамдық бірлестігі 17-19 желтоқсан күндері Парламент Мәжілісі сайлауына арналған қоғамдық пікірге осымен екінші рет әлеуметтанулық зерттеу жүргізгендерін мәлім етті. Қоғамдық бірлестіктің жобалар директоры Юлия Кучинская­ның айтуынша, сауалдама үш күн бойы Астана мен Алматы қала­лары және еліміздің барлық об­лыстарында жүр­гі­зіліп, соның нәтижесінде ха­лықтың элект­орал­дық белсен­ділі­гінің деңгейі па­йыз­дық есеппен алғанда 67,7 па­йызды құраған. Осы сауалдама ке­зінде халықтың екі сұраққа ға­на жауап беруіне өтініш жасалды. Оның біріншісі – «Алдағы 2012 жылғы 15 қаңтарда болатын Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісі мен мәслихаттар депутат­тары­ның сайлауында дауыс беруге қатысасыз ба?» деген сұрақ болса, екіншісі – «Егер де сіз сайлау учаскесіне Парламент сайлауы күні бар­саңыз, онда дәлірегі қай партияға дауыс бересіз?» деген сұрақ болды. Сөйтіп, бірінші сұраққа жауап ретінде респонденттердің 57,5 па­йызы өздерінің дауыс беруге қа­тысатынын нық сеніммен айтқан болса, екінші сұраққа жауап берген адамдардың басым бөлігі «Нұр Отан» партиясына дауыс бе­ретін­дерін мәлімдеді. «Онда респон­дент­тердің 80,2 пайызы сай­лауға «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тия­лық партиясына дауыс беру үшін баратындарын айтса, ха­лықтың 7,1 пайызы «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық пар­тиясына дауыс беретіндерін жеткізген, дейді Ю.Кучинская.  Одан әрі Жалпыұлттық со­циал-демо­кратиялық партиясы рес­пон­дент­тердің 2,2 пайыз дауы­сын, Қазақ­станның Коммунистік халық­тық партиясы – 2,1 пайызын, «Әді­лет» демократиялық партиясы – 1,8 пайызын, Патриоттар партия­сы – 1,6 пайызын, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық пар­тиясы 1,5 пайызын жинаған болса, «Руханият» партиясы сұ­ралған адамдардың 0,1 пайыз дауысына ие болған». Осылайша, өткен мониторинг қорытындыларымен салыстыр­ған­да саяси партиялардың электо­рал­дық белсенділігі мен рейтинг­терінің өскендігі байқалады, дейді қоғамдық бірлестік өкілі.

Сауалдамалық сұраққа Қазақ­станның барлық өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан 1 500 респондент қатысса, оларға қоғам­дық бірлестіктің 50-80 өкілі сұрау салған. Сауалдама «Қазақ­станның Азаматтық альянсы» ұйымының тапсырысы бойынша жүргізіліпті.

Дастан КЕНЖАЛИН