Футбол • 28 Тамыз, 2018

Күміске қол жеткіздік

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футзалдан Алматыда өткен студенттер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы күміс медальді иеленді. Соңғы сында Ресейден 2:4 есебімен ұтылған біздің жігіттер өз тарихында тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтерілді. 

Күміске қол жеткіздік

Топтық турнирде жерлес­теріміз бұған дейінгі әлем бірін­ші­лігінде жүлде алған Чехия және Беларусь құрамаларымен кездесті. Алғашқыларын ұттық (4:3), екіншісімен тең түстік (1:1). Соның арасында Жаңа Зеландияны жеңдік (2:0). Осылайша, «В» тобында көш бастап, плей-офф кезеңіне өттік. Ширек финалда Аргентинадан айламызды асырсақ (6:2), жартылай финалда Португалиядан басым түстік (3:2). Өкінішке қарай, финалда әлемнің төрт дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Ресей құрамасына әліміз жетпеді (2:4). Үшінші орынға Украина футзалшылары табан тіреді.

Осы ойыннан кейін, «Алматы Аренада» чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Оның барысында арнайы келген қонақтар осы чемпионаттың ұйымдастырушыларына керемет қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ФИСУ туын келесі әлем чемпиона­тын қабылдайтын Польша өкілі­не тапсырды. Сонымен қатар жүлде алған командалардың барлығы да кубок және медальмен марапатталып, үздік ойыншылар түрлі аталымдар бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында қазақстандық Біржан Оразов – үздік қорғаушы, ал Дәурен Тұрсағұлов үздік шаубылшы атанды.

Сөйтіп Алматыда өткен жарыста Қазақстанның студенттері өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Ресей болса, бесінші мәрте бас жүлдені олжалап отыр. Бұл көрсеткіш жағынан олар Бразилиямен теңесті. Оңтүстік Американың оғландары 1984, 1996, 2000, 2010, 2016 жылдары алдарына жан салмаса, ресейліктер 1994, 2002, 2006, 2014, 2018 жылдары қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ Украина үш мәрте (1998, 2004, 2012), ал Испания (1990), Италия (1992) және Португалия (2008) бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әйелдер арасында өткен жарыста да Ресей алтыннан алқа тағынды. Екінші және үшін­ші орындарда – Украина мен Пор­тугалия. Қазақстанның қыз­дары айтулы додада қалың топтың арасында қалып қойып, ел сенімін ақтай алмады. Естеріңізге сала кетейік, 2008-2016 жылдар ара­лығында ұйымдастырылған бес дүниежүзілік доданың бар­лығы да Бразилия ару­лары­ның айқын жеңісімен аяқтал­ған еді. Алайда Алматыға брази­лиялықтар келмеді. Сол сәтті ұтымды пайдаланған ресейлік­тер алғаш рет алтын тұғырдан қол бұлғады. Ал оған дейін олар әлем біріншілігінде бір алтын және қос қола медальді иеленген болатын.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ