Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Бүгін – Семей ядролық сынақ алаңының жабылған күні

1273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзі тарихында тұңғыш рет халықтың қалауымен үні өшірілген тажалдың зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Әлем осы сәттен ядролық сынақтан өз еркімен бас тартқан жас мемлекет пен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегін жоғары бағалайды және бағалай да бермек. Президент Жарлығымен түпкілікті жабылған Семей ядролық сынақ алаңы орналасқан қара жер дүмпулерден тыныстады.

Бүгін – Семей ядролық сынақ алаңының жабылған күні

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың адамзатты ядролық қарудан азат ету және жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін кү­шей­туге бағытталған саясаты халық­аралық қоғамдастықтың мойын­дауына ие болды және Қазақ­станның қарусыздану, оны та­ратпау және ядролық қарусыз­да­ну саласындағы жаһандық көш­ба­сшылығын нығайтты. Арада он сегіз жыл өткеннен кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп бекітті.

Одан бергі уақытта да Қазақ­станның әлемдегі тыныштық пен бей­бітшілікті әспеттейтін баста­ма­лары дүниежүзілік ұйымдар­дың мінбелерінен, халықаралық жиындардың күн тәртібінен түс­кен жоқ. Өйткені әлем әлі де бол­са ядролық сынақ, ядролық соғыс­тардың үрейінің құрсауынан босап шыққан жоқ. Қа­зір­гі сұм­дық қарулар адамзатты жер беті­нен жойып жіберіп, өр­кениет­ті тып-типыл қылуға қау­қарлы. Тіпті, қазір көп айтыла бер­мей­тін 1953 жылғы Семейдегі ал­ғашқы сутегі бомбасының сы­нақ­­тан өткізілгендегі дерек­терін оқығанда төбе шашың тік тұ­ра­ды. Қуаты Хиросимаға таста­лып, әлемді зар еңіреткен бом­ба­дан 30 есе жоғары, ондаған кило­­метрдегі ғимараттарды жермен-жексен етіп, жақын жердегі әске­ри техникаларды күлге айнал­дырып, көкте үлкен қаланың көле­міндей қою бұлт қалдырған бом­ба бүгінде барынша жетіл­ді­ріл­меді дегенге сену қиын. Абай жерін­дегі бұл қасіретті же­те түсін­ген Қазақстанның, тәуел­сіз ел­дің Президентінің дабыл қаға­тын жөні бар. Оның үсті­не ядро­лық бомбалардың жары­лысы елі­міздің батысында ұйым­дасты­рылып, халқын айықпас ке­сел­­ге душар етті. Сынақ алаң­дары­на таяу маңдарда адам ағза­сын же­гі­дей жейтін қатерлі ісік­тің сан түрі, жарық дүние есігін мүгедек болып ашқан сәбилер көбейіп кет­ті. По­лигонның зардабы жан-жануар­лар әлеміне де әсер етіп, екі-үш бас­ты төлді көр­ген жұрт бір­­талай есеңгіреп қал­ды. Міне, те­ріс ба­ғыт­тағы ғы­лым мен адам­зат­тың қан­құмар, аш­көздігінің салдары осы.

Жалпы, еліміздің ау­ма­ғында бас-аяғы 468 жарылыс ұйымдастырылған. 1,5 миллиондай адам оның зардабын тартып, Еуропаның бірқатар мем­ле­кеттерінің жерінен де үлкен аумақ жарамсыз болып қалды.

Сондықтан да еліміздің қа­ру­сыздану және жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты ха­лықаралық қауіпсіздік­ті нығайту, мемлекеттер ара­сындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық мәселелер мен қақты­ғыс­тарды реттеудегі халықаралық ұйым­дардың рөлін арттыру жолын ұсынуы – сыртқы саясатымыздың ең басты бағыттарының біріне айналды.

1991 жылы Беларусь, Қа­зақ­стан, Ре­сей, Украина бас­шы­лары Стра­те­гиялық ядро­лық күштерге қатысты Алма­ты Декларациясында бұрын­ғы КСРО-ның ядролық арсена­лының қызметіне ортақ ба­қылау орнатудың, ядролық қа­уіпсіздіктің қажетті дең­гейін ұстауда қандай да бір іркі­лістерге жол бермеудің теті­гін айқындады және стра­те­гиялық шабуыл құралын қысқарту саласында Одақтың халықаралық міндеттемелерін ұстануды құптады.

Ал 1992 жылдың мамыр айын­да жо­ғарыда аталған ел­дер, АҚШ өкіл­дері төрт мем­ле­кеттің аумағында ор­на­­ласқан стратегиялық Ядро­лық күш­терге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу тура­лы шарттың ережелерін іске асы­руға олардың жауап­кер­шілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қой­ды. Лиссабон хаттамасын­да, сондай-ақ Беларусь, Украина жә­не Қазақстанның ядролық қа­руға ие емес елдер ретінде Яд­ролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу мін­дет­темелері тиянақталды.

Бұл жиындардың бар­лы­ғында әлі буыны бекіп үлгер­меген жас мемлекет – Қазақ­стан бейбітшілікке деген ұм­тылысымен дараланды.

1993 жылғы 13 желтоқ­санда Қа­зақ­стан Республи­ка­сы­ның Жоғарғы Кеңесі Ядро­лық қаруды таратпау шартын бекітті. Қазақстанның ЯҚТШ-ға қо­сылуы еліміздің сыртқы саяси бағы­тын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәй­кес ядро­сыз ел мәртебесіне бай­ланысты міндет­темелерін қатаң ұстанады.

Ал 1994 жылғы 5 желтоқ­санда ЕҚЫҰ-ның Будапешт сам­митінде ядро­лық қарусыз мемлекеттер ретінде ЯҚТШ-ға қосылуына байланысты Қа­зақ­стан, Беларусь және Украи­на­ға Қауіпсіздік кепіл­ді­гін беру туралы Меморан­думға Ресей, АҚШ және Ұлы­британия қол қойды. Бұл құжатқа қол қою Қазақ­стан­ның өз аумағынан яд­ро­лық қаруды шығару бойын­ша өз міндеттемелерін толы­ғы­мен және бұлжытпай орын­дағанын халықаралық қоғам­дастықтың танығанын көрсетті.

Еңбек еш кеткен жоқ. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Се­мей ядролық поли­го­нының ресми жабыл­ған күнін Ядролық сынақтарға қар­­сы іс-қимылдың халық­ара­лық күні деп жа­риялау тура­лы Қазақстан баста­ма­шы­­лық еткен консенсумды қабыл­данды.

Ерен еңбек пен жігерлілік көрсеткен Қазақстан «АТОМ» (Abolish testing. Our mission) жобасына бастамашылық жасады. Жобаның міндеті – Пе­тицияға қол қою жолымен ядролық қауіпке қарсы белсенді іс-қимыл жасау үшін әлемдік азаматтық қауым­дас­тықты нығайту болатын.

2015 жылы Хиросима және Нага­са­киді атом қаруы­мен бомбалаудың 70 жыл­дығына орай, Қазақстан Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында Яд­ро­­­лық қарудан азат әлем құ­ру­дың жалпыға ортақ Дек­лара­циясы туралы қарар қа­был­данды. Бұл бастама БҰҰ мүше мемлекеттерінің көпші­лі­гінен қолдау таба отырып, ол ядролық қаруға тыйым салу бойынша халық­аралық міндетті заңды құжат қабылдау бағытындағы маңызды қадам болды.

Бүгінде әлемде ядролық қаруға иелік етіп отырған мемлекеттер санаулы-ақ. Олардың қолындағы қару саяси-экономикалық саудаларда ашық айтылмаса да, өзгелерге үстемдік етуге, қоқан-лоқы көрсетуге қол­даны­лып отыр­ғаны жасырын емес. Әлем ел­дерінің бел­гілі сарапшылары барлық та­рап­­тар қаруларының саны мен мүмкін­дік­терін есептеп отыруы бекерден-бекер емес.

Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыс­тық топтар мен халық­аралық терроризм мен экстре­мизмді «кәсіп» еткен ұйым­дардың ядролық қару иеле­нуге ұмтылыстары жоғары. Алайда жаңа заманда яд­ролық соғыстарға жол беріл­месі анық. Ядролық зымыран­дардың саны бойынша көш бастап отырған АҚШ пен Ре­сей және басқа да мемлекеттер қаруды қолданбау, санын көбейтпеу, біртіндеп азай­туға байланысты келісімге кел­генімен, бірін-бірі аң­думенен күн кешуде.

Ал өзінің ядролық жойқын әлеуе­ті­нен бас тартқан Қазақ­станның бұрынғы қарулас әріп­тестеріне қарағанда, ұй­қы­сы тыныш, көңілі жай. Біз­дің еліміз әлемге де осы мамы­ра­-жай тіршіліктің үлгісін ұсынды.

Ядролық қарусыздану мен тажалды таратпауға байла­нысты біздің тарап үнсіз отыр­ған жоқ. Мақсат жалғыз – са­ңы­рауқұлақ пішіндес қанқы­зыл бұлтты келер ұрпақ­қа көрсетпеу.

Міне, еліміздің бастамасымен ха­лық­аралық мәнге ие болған 29 тамыз күні осы деректер жылма-жыл әлем назарын аударып келеді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024