
Тамыз айының соңғы жексенбісі қарағандылықтар үшін басты мереке күндерінің бірі. Кеншілер астанасы Шахтер күнін атап өтеді. Дәстүрлі мерекеге соңғы күндері жиілеген жауын-шашын бөгет бола алмады. Бұл жолы да негізгі думан Қарағандының Орталық саябағында басталып, шахтерлер көптеп тұратын қанаттас Саран, Абай, Шахтинск қалаларында да ерекше салтанатпен мерекеленді. Ал облыс орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында атаулы күнге орай жиын болып, шахтерлерді марапаттау рәсімі өтті.
– Сіздерге орасан еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығымен келісімге қол жеткізіп, ресми құжатқа сәйкес, компания өндіріс нысандарына үш жыл ішінде 305 млрд теңге инвестициялайтын болды. Бұл қаражат шахталарды дамытуға, еңбеккерлердің қауіпсіздігін арттыруға жұмсалмақ. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.
Шахтерлер мен еңбек ардагерлерін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың атқарушы директоры Вадим Басин де кәсіпорын басшылығының атынан арнайы құттықтады.
– Бүгінгі күн Қарағанды үшін ерекше, өйткені бұл осы өңірдің негізін қалаушы шахтер еңбегінің мерекесі, – деді ол. Осындағы мыңдаған адамдардың өмірі шахтердің үлкен құрметке лайық ауыр еңбегімен байланысты. Өңірдің игіліктері тікелей сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Әсіресе ардагер шахтерлерге алғысымыз шексіз, сіздердің арқаларыңызда қазір біздің қалыптасқан еңбек дәстүрлеріміз, жолдарыңызды қуған ізбасарлар бар.
Осыдан кейін бірқатар кеншілерге түрлі марапаттар табыс етілді. «Тентек» шахтасындағы конвейерлік көлік учаскесінің басшысы Р.Валеев, тазарту кенжарының жұмысшылары Г.Виговский (Ленин атындағы шахта), Л.Котов («Шахтинск» шахтасы), Б.Махамбетов («Абай» шахтасы), С.Чернышов (Т.Күзембаев атындағы шахта), проходчиктер О.Проскурнин (Костенко атындағы шахта) мен Қ.Мұрынбаев («Қазақстан» шахтасы), «Саран» шахтасының жерасты электрслесарі И.Свиридов І дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар ІІ дәрежелі «Шахтер» даңқы белгісімен 17 шахтер, ІІІ дәрежелі белгімен 25 шахтер наградталды.
Ал үш дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісінің әр дәрежесімен он екі адамнан, барлығы 36 шахтер марапатталды. Сондай-ақ ондаған кеншілердің еңбегі мереке үстінде Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен аталып өтті.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ