Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Алматы облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

989 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып Ақан Әбдуәлиев тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші-жыршы Ақан Әбдуәлі Алматы облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды. Аймақ басшысы Амандық Баталов бүгін өңір активіне жаңа орынбасарын таныстырды.

Ақан  Жылқышыбайұлы Әбдуәлі – 1975 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Шиен ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясынан бастаған. Кейінірек Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада – цирк колледжінде, сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаздық қызметтер атқарған.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы музыка факультетінің «Дәстүрлі музыка орындаушылық» кафедрасының меңгерушісі болды.

2008-2009 жж. А.Жұбанов атындағы ҚОМММИ директорының музыка ісі жөніндегі орынбасары;

2009-2015 жж. А.Жұбанов атындағы РҚМММИ директоры;

2015-2016 жж. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметтерін атқарған.

Алматы облысы әкімінің өкімімен 2016 жылдың 1-ші маусымынан бастап облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Сондай-ақ Ақан Әбдуәлі бірнеше туындының авторы. Атап айтар болсақ, 2003 жылы «Ағама сыр» лирикалық өлеңдер жинағы, 2004 жылы «Ғасырлар үні», 2004 жылы «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» диск альбомы, 2008 жылы «Жетісу ақындарының жыр сарындары» атты ноталық үлгімен ғылыми зерттеулері жарық көрді.

Елбасының тапсырмасымен жүзеге асқан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «50 Батырлар дастаны» тағы басқа антологиялық жинақтардың редақция алқасының мүшесі,«Қазақтың 100 әні», «Телқоңыр» музыкалық-танымдық хабарларының жүргізушісі әрі идея авторы, сонымен қатар «Інжу маржан», «Мәңгілік сарын», «Астана арқау» дәстүрлі музыка фестивальдерінің ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі міндеттерін мінсіз атқарған.