24 Желтоқсан, 2011

Мерейтойлық отырыс елімізде өтеді

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Санкт-Петербург қаласындағы Таврия сарайында өткен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассам­блея­сының он үшінші отырысына қатысып, онда ЕурАзЭҚ ПАА-ның төрағалығына сайланды. Парламентарийлер алдында сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми ықпалдасудың жаңа міндеттерін жүзеге асыру мақсатында оны заңнамалық тұрғыдан қамта­ма­сыз ету мәселесіне назар аудару қажеттігіне тоқталды. «Қазіргі уақытта Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы Кеден одағы табысты жұмыс істеп тұр. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бір­тұтас экономикалық кеңістік, ал 2015 жылдан Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастайды», – деген Қ. Мәми осы ретте қай елдің де ұлттық заңнамаларын үйлестірудің және Еуразиялық одақтың құқықтық негізін қалыптастырудың маңыз­ды­лығын қаперге салды. Әрі қарай Төраға: «Біздің жұмы­сы­мыз бір-бірімізге деген сый­лас­тық пен өзара түсіністік аясында, тең құқықтылық пен тепе-теңдік қағидатын сақтай отырып жүр­гізілуі тиіс», – деді. Отырыста Еуразиялық эко­номикалық қоғамдастық Соты­ның судьялары тағайындалды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұ­мысын бастайтын жа­ңа сот орга­ны­на Қазақстан тара­пынан Мұса­бек Әлімбеков пен Жолымбет Бәйішев баратын болды. Сенат төрағасы ЕурАзЭҚ ПАА отырысына келген осы сапарында ТМД-ға қатысушы мемлекет­тер­дің Парламентаралық ассамблея­­лары Кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовпен кездесті. Оның бары­сында Қ.Мәми Ресей Федерация­сы Федералды Жина­лысы Мемлекеттік Думасына депутаттар сай­лауына мониторинг жүргізудегі ТМД ПАА байқау­шы­лар мис­сиясының жемісті жұ­мысын атап өтіп, енді осы мис­сияның алдағы жылдың қаң­тар айында біздің елімізде бола­тын Парламент Мәжілі­сі депутат­тарының сайлауында бай­қаушы­лық қызметке белсенді қа­ты­са­тынына сенім білдірді. «Ас­сам­б­лея­ның тәжірибесі және Дос­тас­тық елдеріндегі осындай шара­лар­ға Хатшылықтың қатысуы Пар­ламент Мәжілісі сайлауына ұйым­дасқан түрдегі мониторинг жүр­гізу­ге жәрдемдесетін бола­ды», – де­ген Төраға Қазақстан­дағы алда­ғы сайлау ашық, еркін және әді­лет­ті болатынына сенімді екенін білдірді. Кездесу барысында Михаил Кротов ТМД ПАА Кеңесінің Төр­айымы Валентина Матвиен­коның қолдауымен Ассамблея кеңесінің мерейтойлық отыры­сын біздің елімізде өткізу жос­парланып отыр­ға­нын жеткізді. «Ассамблеяның құ­рыл­ған жерін ескере отырып, фо­румды Қазақ­станда өткізудің ерекше мәні бар», – деді Бас хатшы М Кротов. Сонымен, ТМД-лық парламентарийлер мерейтойлық оты­рысқа катысу үшін алдағы 2012 жылдың наурыз айында елімізге келетін болады. Еліміздің заң шығару ор­ганының жоғарғы палатасының Төрағасы Қайрат Мәми сұхбат кезінде Достастыққа мүше мем­­­ле­кет­тердің қатынастарын одан әрі нығайту мәселе­лерін­де пар­ла­ментаралық байла­ныс­тардың рөлі­не ерекше мән бере сөйледі. Және де Төраға осы ретте тағы бір мәселеге назар аударды. Ол – ТМД елдеріндегі парламент­ші­лер­дің халықара­лық бірлестіктер аясында өзара белсенді іс-қимыл танытулары қажеттігі. «Біз парламенттік ұйым­дардағы комиссия құрам­дарының мүм­кін­ді­гін толық дәрежеде пайда­лануға тиіспіз», – деп атап өтті осы орайда Төраға. «Таврия» сарайында сондай-ақ ЕурАзЭҚ ПАА-ның Тұрақты ко­миссияларының бірлескен оты­­рыс­тары болды. Олардың күн тәр­тібі­не бірнеше мәселе қойыл­ды. Онда құқықтық, кедендік үйлестіру мен шекара­лық саясат, сауда және ха­лық­ара­лық ықпал­дастық, агро­өнер­кәсіптік саясат, табиғатты пай­далану, экология сынды қа­дау-қадау, қай елдің де дамуы­на әсер ететін, ақылдаса оты­рып, кеңесе­тін, ойларды ор­таға салатын мәс­лихаттар өтті.

Ал мұндағы айтылған ойлар мен жалпы сапар барысынан жа­зылған материалды алдағы нөмір­лердің бірінен оқитын боласыздар.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен.