24 Желтоқсан, 2011

Президент парасаты

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚАНДАЙ ТҮЙІНДІ ДЕ ТАРҚАТАТЫНЫНА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАҒЫ ДА КӨЗ ЖЕТКІЗДІ

ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ – БІРЛІКТЕ

Алысты жақын, жатты ел ететін ата салтына халқымыз қашан­нан адал. Қандай қиын-қыс­тау­ларда да найзаның күшімен емес, тілдің ұшымен жол тапқан елміз. Ынтымақ пен бірлік – атадан ба­лаға аманат болған ең бір қымбат құндылықтарымыз, байлығымыз, бағымыз. Бүгінгі ұрпақтың кейінгіге осынау ынтымақ пен бірлік мұрасын тапсыруы – бабалар ал­дындағы қарызы, балалар алдын­дағы парызы болмақ. Елбасы Маңғыстау облысында болған кезінде осы мәселелерге баса назар аударды. Еліміздің мемлекеттігінің тірегі де, ұйытқысы да – қазақ халқы. Ендеше, алаш жұрты Қа­зақ­станды өз Отаным деп санай­тын жүзден астам ұлыстарға татулық үлгісін көрсетуі абзал. Құдайға шүкір, осынау ізгі биіктен қазақ халқы төмендеген емес. Әсіресе, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қастерлі бірлігіміз артпаса, кеміген жоқ. Жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын болғандықтан, мен және әріптес ұстаздарым сабақта да, сабақтан тыс уақытта да шәкірттердің бойына қазақ ұлтының, Қазақстан халықтарының және әлем елдерінің өзара достығын құрметтеу сезімін дарыту жо­лын­да аянбай еңбек етудеміз. Бұл – біздердің Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға қосар аса үлкен үлесіміз. Қазақстан Республикасының экономикалық, саяси-әлеуметтік тұрақты дамуын оқу үрдісінде, тәрбие жұмыста­рын­да негіз етіп ала­ты­нымызды мақтаныш­пен айта аламыз. Бұл орайда ұстаздарды ынтымақ пен бірлік жаршысы десек те болады және ол – ұстаздық мұрат. Ын­тымақ пен бірлік негізін мектеп қабырғасында қа­лыптастыру – біздердің патриот­тық борышымыз. Айналдырған 20 жылда қуат­ты мемлекетке айналған Тәуелсіз Қазақстанның даму аясында бұрынды-соңды тарих білмеген ұлы жетістіктерге жетіп отырмыз. Біздің көшіміздің дұрыс екеніне тарих – куә, уақыт – таразы. Біздің Қазақстанның өркендеу бағыты дұрыс екенін бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтады, оны көзінің қарашығындай қорғайды. Ұлы Тәуелсіздікке қол көтеруге ешқашан ешкімге де жол берілмейді. Аягүл МИРАЗОВА, Ы.Алтынсарин атындағы  №159 гимназияның директоры,  Қазақстанның Еңбек Ері. АЛМАТЫ.