Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2018

Алматыда Конституция күніне орай мерекелік кеш өтті

1084 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мейрам күндері еліміздің әр өңірінде Ата Заңымыздың айшықты мерекесіне арналған түрлі деңгейдегі іс-шаралар салтанат құрды. Ару қала Алматыда да Конституция күніне орай мерекелік кеш өтті. Республика сарайында шымылдығын түрген думанның басты ерекшелігі сол – тек қана ұлттық нақыштағы музыкалық шығармалар орындалып, мегаполистегі елеулі жетістіктер сараланды.

Алматыда Конституция күніне орай мерекелік кеш өтті

Кеш шымылдығын ашқан қала басшысы Бауыржан Байбек алғашқы конституция дәл осы Алматыда қабылданғанын атап өтті. Сондықтан бұл күннің Алматылықтар үшін ерекше мейрам екенін жеткізген әкім жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.

Республика сарайын лық толтырған көрермендер тамыры тереңде жатқан халық әндерімен сусындап, тіпті кейбірін өнерпаздармен қосыла шырқады. Домбыра шанағынан төгілген күмбірлеген күй әсем кештің ажарын арттыра түсті. Сондай-ақ, кеш барысында еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен сан қилы жолынан сыр шертетін арнайы бейнероликтер де көрермен назарына ұсынылды.

– Еліміздің ең үлкен мерекесі – Конституция күні. Санаулы жылдар ішінде жас мемлекетіміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ең бірінші, бұл үшін президентіміз бастаған атқа қонған азаматтарға рахмет. Мемлекет басшысының бастауымен бүгінгі жетістік елімізді дамыған 30 елдің қатарына әкеле жатыр. Барлық табыстар халқымыздың еңбегі, елімізге Тәңірдің берген сыйы, – дейді Алматы қалалық Қоғамдық Кеңес мүшесі Шмит Илясов.

Жиналған қауым алдында қаладағы бірқатар жетістіктерге тоқталған Мегаполис басшысы Елбасының бастамасымен іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд. теңгеге тұрғын үй несиесінің 36%-ы берілгенін атап өтті. Оның үстіне елімізде ұсынылған 1,5 мың пәтердің 40% -ы осы Алматыға тиесілі.
«Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша таяудағы үш жыл ішінде 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орынды 7 нысанның құрылысы басталды. Олардың төртеуі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ға дейін көтерді. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде 1 млн. шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді», деді ол.

Айта кетерлігі, «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда қала бюджетінен 3 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы 100-ден астам жас отбасы жеңілдетілген жағдайда пәтер алған болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаймақ.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ