Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облысына арнайы барып, Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның жай-жапсарымен кеңірек танысуын өте орынды деп есептеймін. Өйткені, майлы қиян атанған Маңғыстау облысындағы мұнайшылар мен жұмыс беруші компаниялар арасындағы еңбек дауы әбден шарықтау шегіне жетті. Бұл мәселені жұмыс берушілер өздігінен оңтайлы шешуге құлықты болмады, не қауқары жетпеді. Тіпті Үкімет басшысы бұл мәселенің себебі мен салдарын жете зерттеп, оң шешуге талпыныс жасағанда, бәлкім, Жаңаөзен оқиғасының алды алынар еді. Адамдардың қаза табуына, жарақат алуына жол берілмеген болар еді.
Өркениетті елдердің күнделікті тыныс-тіршілігіне жіті бақылау жасаған адамдар көптеген елдерде мұндай еңбек даулары мемлекет басшысының араласуынсыз шешімін тауып жататынын естіп те, оқып та жүрміз. Бізде де осындай үрдіс қалыптастыруға болатынын түсінетін кез жетті емес пе? Міндетті түрде Елбасының араласуын күтіп отыра беруге бола ма? Мемлекет басшысының арқалаған жүгі де ауыр, атқарар қызметінің ауқымы да кең. Алайда, елі сайлаған, елін сыйлаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұл тиісті үкіметтің, министрліктер мен компаниялардың айналысатын шаруасы деген жоқ. Бар жұмысын ысырып қойып, Маңғыстауға, одан әрі Жаңаөзенге өзі барды.
– Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» компаниясы еңбек дауын дер кезінде шешу жөніндегі менің тапсырмамды орындамаған. Өкінішке орай, олар бұл мәселені шешуге қабілетсіз болып шықты. Ұлттық компания мен оның еншілес құрылымдарының басшылары арасында кездейсоқ адамдар көп болып шықты. Мұның бәрі менеджмент тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқты. Қазақстандықтардың бірлігінің, бірізді жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясаттың арқасында, Жаңаөзенде қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін бізде барлық қажетті жұмыстарды барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірлескен және үйлестірілген жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырамын. Барлық іс жылдам және барынша қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс. Мен оның жүзеге асырылу барысын жеке бақылауымда ұстаймын. Жұмыстан босатылған 1800 қызметкердің проблемасын шешу және қысқа мерзімнің ішінде оларды жұмысқа орналастыру жөнінде қажетті шараларды қабылдау қажет. Бұл жағдайда олар бұрынғы жұмыс орнымен салыстырғанда еңбекақыдан ұтылмауы тиіс. Бұдан басқа «Өзенмұнайгаз» компаниясын «ҚазМұнайГаз» компаниясынан бөліп, оны толыққанды заңды тұлға жасау қажет. Тұрақтылық қазақстандық табыстың басты шарты екенін ешқашан естен шығаруға болмайды. Бұл республиканың игілігі, оны барлық қазақстандықтар сақтай білуі тиіс, деп мәселені төтесінен қойды Нұрсұлтан Әбішұлы.
Міне, Елбасының осы сөзінен Маңғыстаудағы еңбек дауының шығу себептерін ұғынғандаймыз. Мұндай еңбек даулары тек Маңғыстау облысында емес, өзге өңірлерде де болып тұрады. Мәселен, біздің Атырау облысында бір-екі жыл бұрын осындай даулар орын алды. Әсіресе, шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асып жатқан халықаралық жобаларға жұмысқа тартылған отандастарымыздың жанайқайына өңір басшылары дер кезінде көңіл аударды. Соның нәтижесінде шетелдіктер тарапынан қысастық көрген Қазақстан азаматтарының конституциялық құқы қорғалып, шетел инвесторларының желігі басылды. Маңғыстау өңіріндегі мұнайшылардың проблемасын шиеленіске апармай шешуге болатын еді.
Тегінде басшының бәрі бірдей «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді жадында ұстай бермейді. Ал біздің Тұңғыш Президентіміз осы қағиданы ұдайы ұстанатынын, Қазақ елі үшін, әр қазақ үшін жаны ауыратынын және бір рет байқатты. Елдік, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятынын танытты. Мұны адамгершілік тұрғысынан айтқанда, Елбасының азаматтығын Маңғыстауға, әсіресе, Жаңаөзенге сапарынан аңғара аламыз. Бұл сапар сол өңірдегі абдыраған тұрғындардың көңіліне сенім ұялатты. Елдің бірлігін, тұрақтылығын көздеген Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау мұнайшыларының еңбек дауын осылай оң шешіп берді. Ендігі мәселе –Елбасының тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуында.
Есен ТАСҚЫНБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы.
Атырау облысы.