Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстауда облыс активі жиналысында ұлағатты сөз сөйлеп, жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан жазықсыз жапа шеккен жаңаөзендіктермен кездесуі алдағы күндерге деген үміт отын жаққандай болды. Басбұзар топ біраз адамды әбігерге салды. Қаладағы негізгі нысандарды қиратып, от қойып, ойрандады. Дәл сондай сәтте Елбасы Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізуге Жарлық шығарды. Соның нәтижесінде адамдардың қауіпсіздігі сақталды. Қарақшылық қылықтарға тосқауыл қойылды. Құқық қорғау органдары мен әскерилер Жарлыққа сай жұмыс істеді. Санаулы күндерде біраз бүлінген нысандар қалпына келді. Елбасы тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия халықпен қоян-қолтық жұмыс жасады. Негізгі нысандар, әлеуметтік сала орындары бірінші кезекте назарда болып, тұрғындар азық-түлік тапшылығына ұшыраған жоқ.
Ал бейсенбі күні Елбасының сондай зардап шегіп, қиналып жатқан Жаңаөзен қаласы халқымен кездесуі көпшіліктің көңілінен шықты. Соның айғағы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтты. Оның ел халқының қамқоры болып аман-сау жүруіне тілектестіктерін білдірді. Біз көрсетілетін көмек, жасалудағы қамқорлықтың Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асуда екендігін жақсы білеміз. Оны аса жоғары бағалаймыз. Сондықтан да баршамыз да көп ұлтты халқымыз достықты ту етіп, еліміз тыныш болуы жолында күш-жігеріміз бен парасат пайымымызды жұмсайтын боламыз.
Мұқанжан КАМАЛОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі.
Маңғыстау облысы.