Таң елең-алаңда Түйе асуын бетке алып, тау бөктерлеп келеміз. Кенет алдағы жолды жауып тұрған шлагбаумға кез болдық. Түйеқұстың үйшігі тәрізді сопақ, ұзынша дүңгіршектің ішінен шыққан бақылаушыға қарап қырғыз ақыны Қарбалас Бакиров:
– Оу, Тоқтағұлдың тойына, – деді айғайлап, қазақ делегациясы келе жатыр!
Шлагбаум ашылды. Автобус алға қарай қозғалды.
– Бұл өзі, асуға шығатын көліктерді тексеретін жер, – деді содан соң Қарбалас ағамыз әлгі шлагбаумның мәнісін түсіндіріп. – Себебі асу өте биік. Жол бұралаң.
Ұшар басын ақ қырау шалған қайсыбір қоңырқай шыңдар күн шуағына малынып, бусанып, жүзінен мейірім төгілген жомарт қарияға ұқсап қалыпты.
Түу, сонау төменде, терең шатқалдың қойнау-қойнауын қуалап аққан Қарабалта өзені сол қарияның байқаусызда түсіп қалған белбеуі секілді.
Япыр-ай, мынау сұп-сұр жартастарды кезінде адамдар қалай кесіп, қалай қашап жол салған десеңізші... Әнебір тұстағы биік діңгектер не үшін қойылды екен?!
– Е-е, бәсе, жазғытұрым қар көшкен уақта мына жолды басып қалмасын деп әдейі орнатқан бастырмалар болар, сірә.
Таудағы жолға таңдана қарап отырғанымызды байқаған қырғыз ағайындардың бірі:
– Алдыңғы жақта туннель бар. Оның ұзындығы тұп-тура үш шақырымға созылады, – деді.
– Керемет!..
– Иә-ә, – деп ол енді бір қызық әңгіме айтуға оқталғандай бізге қарап, сәл ұмсына түсті. – Ілгеріде Жаратушы иеміз мына дүниядағы барлық ұлттарға жер үлестіріп беріп жатқан кезде, біздің Қырғыз атамыз ұйықтап қап, кешігіп барыпты. «Оу, мұныңыз не? – дейді Жаратушы иеміз. – Мен жердің бәрін үлестіріп беріп қойдым ғой». Алайда біздің атамыз анша-мұншаға қыңбайтын кісі болса керек. Сол жерден кетпей, біраз жүріп алыпты... Содан «Апыр-ай, енді қайттім?.. – дейді Жаратушы иеміз қиналып. – Жә, жарайды. Өзіме бір саяжай салып алсам ба деп аз ғана жер алып қалып ем. Енді амал жоқ, соны саған берейін...»
Әне, сөйтіп біздің пешенемізге жазылған аз ғана, бірақ көрікті, сұлу жер еншімізге осылай тиген екен.
Бұған бәріміз күліп, бір серпіліп қалдық.
Мұндай әзіл, әрине, бізде де бар. Ілгеріде бір альбом кітаптан оқыған едім.
Онда жер бөлісіне біздің Қазақ атамыз кешігіп барады. Сірә, мал жайғап жүріп естімей қалса керек. Сол кезде Жаратушы иеміз: «Әттеген-ай, бұл әлемдегі мұхит, теңіз, тау, орман атаулының бәрін үлестіріп қойып ем. Енді не істесем екен? Өз обалың өзіңе, мына қоржынның түбінде не қалса, соны аласың да», деп қолындағы қоржынды қағып-қағып қалыпты.
Сөйтіп мынау кең-байтақ қазақ даласы пайда болыпты. Пешенемізге жазылған биік тау, шалқар көл, қара орман, асау өзен – бәрі-бәрі бар. Бірақ ұшы-қиырына көз жетпейтін шөліміз бен сортаң аймақтарымыз да көп...
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»