Үкімет • 04 Қыркүйек, 2018

Өңірдегі өрелі өзгерістер

435 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапары­мен болып, бірқатар кәсіп­орын мен әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. 

Өңірдегі өрелі өзгерістер

Үкімет басшысы сапар ба­ры­сында Елбасының «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» жол­даулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының», мемлекеттік және салалық бағ­дарламалардың өңірде жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ХV аймақаралық ынтымақтастық форумын өткі­зуге дайындық барысымен танысты. Ел Премьері білім беру сапасын арттыру бойынша қа­былданған шараларға назар ау­дарды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту тиіс екенін атап өткені мәлім. Үкімет жетекшісі Елбасының елі­міздің барлық өңірінде оқу­шылар сарайларының базасында компьютерлерді, зертханаларды, 3D-принтерлерді қоса алғанда барлық қажетті инфрақұрылым, бизнес-инкубаторлар мен балалар технопарктерінің желісін құру тапсырмасына орай Пет­ропавл қаласында жаңадан салы­нып жатқан Оқушылар сарайын аралап көрді. Мұнда қосым­ша білім берумен қа­тар ба­ла­лардың жобалық-зерт­теу, ғы­лыми-техникалық, шы­ғар­­ма­шылық әлеуетін өнер­кәсіптік-технологиялық ор­таға сәтті ықпалдастыруға жол аша­тын эксплораториумды ин­новациялық IT-орталығы мен «Mutliplace Coworking» ай­мағы жұмыс істейді. Алдыңғы қатарлы заманауи техникалармен жарақтандырылған нысанда АТ-индустриясының перспективалы бағыттары мен STEM-білім беру жүйесі негізінде жоғары технологиялы кабинеттер, зертхана кешендері орналас­тырылады.

Сондай-ақ Б.Сағынтаев жа­ңа­дан бой көтерген «Жас өр­кен» шағын ауданына барып, «Нұр­лы жер» бағдарламасы шең­берінде салынып жатқан құрылыс нысандарымен және «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағ­дар­ламасының атқарылу бары­сымен танысты. Осында орна­ласқан спорт сарайы, қазақ сазды-драма театры, 900 орын­ды мектеп, тағы басқа әлеу­меттік нысандар ерекше архи­тек­туралық келбетке ие. Онда келесі жылы 332 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылар ескеріледі. Әр шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Былтыр бір мың отбасы жаңа қонысқа көшсе, биыл 1500 пәтер қолданысқа беріледі. Екі жылдың ішінде 620 ескі үй сүріліп, орнына екі мыңнан астам баспана тұрғызылады. Үкімет басшысы елімізде жайлы баспана алуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын, Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасында жас отбасылар мен көп балалы жандар үшін тиімді әрі қолжетімді баспана алуға жан-жақты мүмкіндік туғанын, сапаға баса назар аудару қажеттігін атап көр­сетті.

Бұдан кейін әмбебап теннис орталығына барды. Жаңа әлеуметтік нысан 4 жабық, 3 ашық теннис алаңынан тұрады. Сонымен қатар екі жабық алаң баскетбол мен волейболға ар­нал­ған. Бір мыңнан астам адам бір мезетте осында өткізілетін спорттық шараларды тамашалай алады.

М. Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік универсиеті «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына белсене қатысып келеді. Бағдарлама қолға алынғаннан бері оңтүстік өңірлерден 1 мыңға жуық талапкер қабылданған. Демек, еңбек күші аз өңір білімді мамандармен толығып, кадр мәселесі оңтайлы шешіледі деген сөз. Қа­зір мұнда 5500 студент дәріс алады. Жыл өткен сайын инфра­құ­рылым жақсара түсуде. 9 оқу корпусы, 4 жатақхана, астро­физикалық обсерватория, жүзу бассейні жұмыс істейді. Бір­қатар жаңа мамандықтар ашылып, оған 1221 грант бөлінді. Бакалавриат бойынша 57, магистратурада 29, докторантурада 5 мамандық иелері даярланады. Жергілікті бюджет есебінен 75 грант бөлінген. Өңірде 250-ге жуық дәрігер же­тіс­пейді. Осы олқылықтың ор­нын толтыру мақсатымен биылдан бастап жоғары білімді медицина мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Мың орынды екі жатақхана бой көтереді. Алдағы уақытта студенттерге қызмет көрсету және IT-орталығы өз жұмысын бас­тайды. Студенттер жатақ­ханасын аралап көрген Премьер-Министрге университет ректоры Серік Өмірбаев жоғары білім берудің тиімділігі мен сапасын арттыру аясында атқарылып жатқан істерді баяндады. Жыл сайынғы қабылдау көлемі мен білім алушылар санының артуына байланысты жатақханаға деген қа­жеттілік 3150 орынды құрап отыр.

Бұдан кейін Премьер-Ми­нистр «РимҚазАгро» ЖШС-де болып, Индустрияландыру бағдарламасының орындалуы­мен танысты. Алғашқы жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тарапы­нан қолдау тауып, тәулігіне 10 тонна өнім әзірленсе, жылдам әзірленетін кеспе цехы іске қо­сыл­ғалы бір сағат ішінде конвейер­ден екі тонна кеспе өтеді. Кәсіп­орын басшыларының айтуын­ша, негізгі өнімдерге жергі­лікті сапалы ұн пайдаланылады. Инвестицияның жалпы көлемі – 1,1 миллиард теңге. Кәсіп­орында 60-қа жуық адам жұмыс­пен қамтылған. Жылына 708 мил­лион теңгенің өнімін өндіруге қауқарлы. Озық технологияларды қолдану арқылы «паста-мама» кеспесін, сорпа, картоп езбесін, сұлы жармасын жасап, Ресей нарығына да шығарады. Облыс орталығын айшықтай түсетін нысандардың бірі – «Hampton By Hilton» сауда-қонақ үй кешені. Жыл аяғына дейін іске қосылатын төрт жұлдызды кешен 7500 шаршы метр аумақта орналасқан, он қабаттан тұрады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың да қалыпты тынығуына жағдай жасалған. Төменгі қабаттарда супермаркет, шаштараз, хи­мия­лық тазалау пункті, фитнес залы, бассейн орналасқан. Үкі­мет басшысы облыстық ере­сек­тер ауруханасында болып, материалдық-техникалық база­ның нығайтылуына, білікті кадр­лармен қамтамасыз етілуіне назар аударды. Биыл бірқатар қондырғылар сатып алыныпты. 13 бөлімше 300 науқасқа қыз­мет көрсетеді. 100 дәрігер, 259 мейірбике еңбек етеді.

Үкімет басшысы аудан әкімдерінің, ведомство жетек­ші­лерінің қатысуымен облыс­тың 2018-2021 жылдарға арнал­ған кешенді әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму жоспарының жүзе­ге асырылуы жайлы кеңес өткі­зіп, онда облыс басшысы Құ­мар Ақсақаловтың есебі тың­далды. Құмар Іргебайұлы негіз­гі көрсеткшітер бойынша оң сер­пінге қол жеткізілгенін, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 9,9, бөлшек сауда 7,2, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру 3,2, өнеркәсіп өндірісі 0,3, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 9,1 процентке өскенін айта келіп, алдағы жоспарларымен таныстырды.

Сонымен қатар Ұлттық эко­номика министрі Тимур Сүлейменов кәсіпкерлікті дамыту және трансферттерді есептеу әдіс­темесі туралы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­­танов денсаулық сақтау  ны­сан­дарының құрылысы мен оларды жабдықтау жайы туралы, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру ны­сандарының құрылысы мен жөн­деу жұмыстары, сондай-ақ гранттарды көбейту және түлек­терді жұмыспен қамту мә­селелері туралы баяндады.

Премьер-Министр Б.Са­ғын­таев Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа облыс­тық басқармамен бірлесіп, жеке­­леген Кешенді жоспар қабыл­­дауды, ал Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке оқыту­­шы­лардың біліктілігін растау мә­­селесіне түбегейлі келу қажет­­­тігін айта отырып, аталған ве­дом­ствоға да ағарту нысандары­­мен бірлесіп, жеке Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы