«ЖҰРТ МЕНІ ҚАТАЛ ДЕЙДІ...»
![241211-6](http://old.egemen.kz/2011img/241211-6.jpg)
«Мен қорықпаймын
Сұсты тұлғаларыңнан асқарларым,
жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.
Көңіл сұңқар емес пе, келеді ылғи
Асқарлардан да әрі асып, аспандағым.
Өршіп қайта жаныма от алмасам,
Мен әйтеуір құздардан жасқанбадым,»
– деген жыр жолдарын ойыма оралтқандай еді. Ұстаздарымыз бастап, студенттер қоштап, қос ақынды қарсы алу, төрге жайғастырып, кіріспе сөз сөйлеу сияқты рәсімдер өтіп жатқан тұста апаларыма алма кезек көз салған күйімде ол кісілердің жырларын іштей оқумен болдым.«Мен жастықпын.
От алғам
Қараңғы түнгі найзағай жарқылдарынан,
Қасиетті даламның бал құндағынан.
Ерлік пен өрлік дегенді қатал мезгілдің
Қасіреттерімен шыңдалған халқымнан ұғам.
Қайсарлық сіңген жаныма бабаларымның
Дұшпан алдында міз бақпас салқын қанынан,» – дейді «Жастық шақ жырлары» ой-санамда атойлап. Сәл ғана сәттен кейін жасайтын баяндамамда да тоқталмақ жырымның бірі осы болатын. Қошеметші қауымға бас изеп, жылы ұшырағанының өзінде керемет қайсарлық, өршіл рух тұрғандай көрінді маған. Өз сезім кешулеріммен өзім әуре болып, осылай отыра берсем керек. Бір кезде алғашқы баяндаманың тақырыбы аталып, төраға мені мінбеге шақырды. Шынын айтсам, ауада қалқып барғандай күйде, өң мен түстің арасында мінбеге көтерілдім. Бәлкім, ол кісінің жырларын бәйшешек кезімнен бастап жаттап өспеген болсам, бұлайша толқымас па едім, кім білсін! Абырой болғанда баяндамамның толық мәтіні қолымда еді. Соған бір қарап алып, анда-санда мәтіннен шығып кетіп, өзімше еркін сөйлеп қоям. Содан не керек, сөзімді тәмамдап, орныма кеп жайғастым. Бетім дуылдап барады. «Бітті. Бәрі де бітті. Баяндамам сәтсіз шықты. Нем бар еді қолымнан келмейтін іске ұмтылып. Осындай дара ақын туралы пікір айтатындай батылдық қайдан пайда болды маған? Әнеу күні «баяндаманы жоғарғы курс студенттері жасасын» дегенде келісуім керек еді. Фариза апай менің шатпақтарыма қатты ренжулі шығар. Енді не де болса, кездесу бітісімен көзге түспестен кетуім керек» деген шешімге келіп қойғанмын. Айтқандай-ақ, студенттер кездесу аяқталысымен қолтаңба алмаққа қос ақынды қоршады да алды. Дәл осы оңтайлы сәтті пайдаландым да, сыртқа беттедім. Сөйткенімше болған жоқ, бір курстасым соңымнан айғай салды. – Нұрлытай, сені Фариза апай шақырып жатыр. Тез кел! Жүрегім тоқтап қала жаздады. «Ұрсатын шығар» деген ой қылаң берді. Жай басып, қасына жақындадым. «Ой, айналайын!» деп қолымды алып, жылы пікірлерін білдіріп жатты. Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Апай сол жылдары республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болатын. «Бізге міндетті түрде кел!» дегені есімде. Содан ай артынан ай өтіп жатты. Бір күні филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла аға Қабдолов мені көре сала: – Ә-ә-ә, Нұрлытай, сен өзі поэзияны жақсы түсінеді дейді ғой. Кеше бір жиылыста көріп қалған едім. Фариза апаң сәлем айтты. Жұмыс жағына келсін деп жатыр. Сен жайлы едәуір жақсы пікірлер білдірді, – деді. Ыңғайсызданып, төмен қарадым. Оңаша ойға қалдым. «Ондай үлкен кісілердің мазасын алғаным қалай болмақ? Анандай жырлар жазып, жанымды байытқаны жасаған ең үлкен жақсылығы ғой. Сол да жетпей ме маған!? Мен сияқтылар тырпылдап бара беріп, уақытын ала берсе, не болғаны? Өлең жазатын уақытын ұрламайын. Әурелемейін ол кісіні». Іштей осы тоқтамыма одан әрі беки түстім. Тағы да арада ай артынан талай айлар өтті. Тағы да Зейнолла аға мені тоқтатып алып: – Қарағым-ау, сен әлі Фариза апаңа бармағансың ба? Мұның не сенің? Сондай үлкен кісі шақырғанда бәлсінгендей болғаның қалай? Енді міндетті түрде бар! – деп едәуір ренішін білдірді. Ол кезде аға бізге әдебиет теориясынан дәріс оқитын еді. Поэзиясын қатты құрметтегендіктен де ақын апама бара алмай жүруімнің сырын профессорыма ақыры айта алмадым. Содан бес жыл да сырғып өте шығып, қолыма дипломымды алдым. «Жұмыс табылып қалса жақсы. Табылмаса, елге кетер алдында қоштасып шығайын» деген ниетпен «Қазақстан пионері» газетіне, Фариза апайға бардым. «Шақырғанымда неге келмедің?» деп ренжімеді. Көңіл құшағын жая қарсы алды. – «Прописка» жасат. Алматыда қалуға тырыс. Газеттерге мақала жаз. Көрін. Елге барған соң қайтып шығуың қиын боп қалады. Университетте оқып жүріп бастағаның да жөн болар еді. Әлі де көр. Кеш емес, – деп, ақыл-кеңесін айтты. Соның өзіне марқайып қалдым. «Газетіңізге жұмысқа алыңызшы» деп әуре еткім келмеді. «Онсыз да бір басында мың шаруасы бар кісі ғой» деп үндемедім. Бірақ кеңесі ойымда қалды. Қалалық «Білім» қоғамына жұмысқа тұрдым да, республикалық «Лениншіл жас» газетіне мақалалар жаза бастадым. Кезінде университетте сын жанрынан сабақ берген ұстазым, сыншы Сағат аға Әшімбаев газетте бас редактордың бірінші орынбасары еді. Мақалаларыма біраз бас-көз болды. Редколлегия мүшелері «қалам қарымы белгілі болды» деді-ау деймін, жеті айдан кейін «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрдым. Содан бастап Фариза апаймен арамызда рухани бауырмалдық одан әрі беки түскендей көрінеді маған. Менің ойымша, рухани сыйластық деген адамдардың күнделікті, күйкі тірлікте жиі-жиі араласуы емес, сирек те болса жүздескен сәттерінде бір-біріне шуақ шашып, бірін-бірі рухани жағынан байытып, тілектестікте болулары. Өткен күндеріме шолу жасап қарасам, жалпы ешкімге де артық шаруа айтып, әурелемеуге тырысқан екенмін. Алланың берген нығметі ғой! Бір қызметтен екіншісіне шақыртулар, арнайы ұсыныстар арқылы ауысып отырыппын. Біраз басшылық қызметтерден бас тартып жүрдім дегендей... Естелік іспетті бұл дүниемде ақынның адами қырларына тоқталмаққа ниет етудемін. «Жұрт мені қатал дейді, найзағайдай мінезі шатырлаған...» – деп апайдың өзі айтқандай, айналасы солай қабылдар, мүмкін. Сондай сәттеріне куә болған жайларымыз да бар. Дегенмен, ақынның жайшылықта көзге ұрып тұрмайтын нәзік қырлары да жетерлік. Енді сол ойымызға дәлел ретінде жекелеген мысалдарға көшсек.АҚИҚАТТЫҢ АУЫЛЫН ІЗДЕП...
Бірлі-жарым шығармашылық дүниелеріме байланысты пікірлерін білдіріп, Фариза апай сөз көмегін де беріп жүрді. Шығармашылық демекші, бір жағдайдың ойыма оралып отырғаны... Басына қиын-қыстау күн туған шақта ғана адамдар болмысында шоқтығы биіктеп, айрықша көрінетін адамгершілік қасиеттері, ерліктері жайлы кеңес дәуірінде жазған бір топ эсселерімді Б.Бұлқышев атындағы республикалық жастар сыйлығына ұсынған едім. Бірнеше турдан тұратын сараптамалар барысында жазбаларым озық шықты. Орталық комитет арқылы хабардар болғандар «сыйлық құтты болсын» деп хабарласып та қойған. Себебі, өзім ешкімге айта қоймаған едім. Артынша: «сыйлық биыл ешкімге берілмейтін бопты» деген хабар жетті. Алғашқы боп таңғалғандардың, қиналғандардың қатарында қос апам болды. Бұл жағдай жөнінде ешкімге шағынып, реніш білдірмеген едім. Фариза апай: – Нұрлаш, бұл не жағдай? Себебі айтылды ма? – деді қинала. – Айтылған жоқ. Сұрамадым да. Бұйырмаған шығар, – дедім. Жаны тыншымастан апай комсомолдың Орталық комитетіне барып: «Бұл қалай?» – деп тиісті адамдардан сұраған ғой. Тіпті себебінің анық-қанығына да жетіпті десем, өмірде еш араласым жоқ, қолына қалам ұстаған, менен сәл ғана үлкен бір апайым шамасы жетіп, өзі кіре алатын емен есіктерді жағалап, менің жазбаларымды жамандай берген екен. «Кейіпкерлерінің тек рухани мықтылықтарын ғана ашқан, ал оларды емдеген дәрігерлердің салғырттықтары, қоғамдағы кедергілер жайлы айтпаған» деген айыптауларын көлденең тарта берген екен. – Бір объектіге шығармашылық жүз түрлі тұрғыдан, сан қырынан келуге болады ғой. Медицина жағынан келер болсам, ол онда мүлдем басқа мақалаға айналар еді. Адамдар болмысында жайшылықта жасырынып жататын, тек сын сағаттарда ғана көрініс беретін рухани жанартаулар жайлы айтқым келген еді, – деймін аңырып отырған апама қарап. – Адамдар кейде осындай қатал келеді, Нұрлаш, – деп Фариза апайдың қатты күйінген сәті де есте. Әрине, осындай үлкен кісінің, халық адамының, мен тіс жарып ешнәрсе демесем де, «бұлары әділетсіздік болды-ау» деп, әділ сөзді іздеп, намысымды қорғап, сөзімді сөйлегеніне іштей айрықша риза болғанымды несіне жасырайын.АС ҮЙДЕГІ ОҢҒАРСЫНОВА
Бас редактор Оңғарсынова басқаратын «Ақ желкен» журналы тоғыз қабатты газет-журнал ғимаратының үшінші қабатында. «Лениншіл жас» болса жетінші қабатта. Ұзақтау көрмей, сағына қалсам, сәлем беріп қоямын. Бір күні апай үйіне түскі асқа шақырды. Бұрындары бір топ қонақтармен бірге үйінде бірді-екілі рет болғанымда дастарқан мәзіріне келіндері мен қыздары жүгіріп жүрген еді. Бұл жолы үйде екеуміз ғана. Бір кезде апай алдын-ала жайылып қойылған қамырды орап алды да оны шаштай етіп кесе жөнелсін. Қолы қолына жұқпайды. Әп сәтте алдымда дәмі тіл үйірер қазақтың керемет кеспесі тұрды. «Жігіт монологын» жазған Оңғарсыновадан мұндай қылықты күтпеген байғұс басым тіл- аузым байланып қатыппын да қалыппын. Менің ұғымымда Фариза ақын тік жүріп, тік тұратын. Тек әзір асты ғана ішіп, үй-ішілік тірлікке араласпайтын, еркек мінезді жан болатын. Түс көргендей боп, өз-өзіме әлі де келе алмай отырдым. – Нұрлаш, кеспені ыстықтай ішсең ғана дәмді болады, – деген сөзден кейін ғана қасығыма қол создым. Дәмділігінде сөз жоқ... – Апай, осы кеспені басынан бастап өзіңіз істедіңіз бе? – Енді кім болсын!? Жалпы мен кешке жұмыстан келе сап, қазанның құлағына жаңадан жармасатындарды түсінбеймін. Өзім таңертең ерте тұрамын да, етті бабына келтіре пісіріп қоямын. Қамырды жайып, бүркеп кетем. Түсте келісімен басқа ұсақ-түйек мәзірлерін саламын. Балалар оқуларынан келгенде – тамақ дайын. – Шынын айтсам, сізден мұндайды күтпеп ем. – Ол кісі күлді де қойды. Тағы бір жолы түскі асқа барғанымызда еттің қамырын өзі салды. Нанның әрбір жапырағы бүктелген қағаздай еді. Бұл жолы таң қалмадым.«ҚЫЗ ЖОЛДАСТЫҢ» КӨРІМДІГІ
Айтпақшы, Азаматтардың хал актісін тіркеу құжатында менің «қыз жолдасым» ретінде қол қойған жан – Фариза Оңғарсынова! Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Оқиға былай болған еді. Жұбайым Қалдар Оспанмен некеміз елде қиылып, сонда тойымыз болғандықтан, сол кездің тілімен айтқанда «ЗАГС»-тен алынатын құжатқа «формальность» ретінде қарағанымыз рас. Алматы қаласының сол кездегі Совет ауданына қарасты АХАЖ-да жеңгем Тасбике Үшбайкелінінің құрбысы Ләззат Байдүйсенова жұмыс істейтін еді. – Неке куәлігін үйге әкеп берсеңіз жақсы болар еді. Айтпақшы, пәлен күні үйде ақын-жазушы аға-әпкелерім болатын еді. Сол дастарқаннан келіп дәм татыңыз, – дедім. Содан тонның ішкі бауындай сырласуға толы бір жылы отырыс жүріп жатты. Басында таныстырғаным болмаса, Ләззат Сүлейменқызының не үшін келгені де есімнен шығып кеткен екен. Бір кезде аяқ жазуға тұрған үзілісте Ләззаттың саңқ еткен үні келді құлаққа. – Маған жақынырақ жиналыңыздаршы, – деді де ол одан әрі өзінің ресми қызметін бастады да кетті. Сөйтті де некеге тұруға ризалығымызды растау үшін әуелі бізді қол қоюға шақырды. Біртүрлі қобалжып тұрып қол қойдық. Үдеріс әп-сәтте көңіл толқытарлық салтанатты шараға айналып жүре берді. «Қуаныштың иесі өзім болғандықтан, маған осылай әсер етіп жатқан шығар» деп ойладым. – Азаматша Фариза Оңғарсынова куә ретінде қолыңызды қоюыңызды сұраймыз! – дейді «ЗАГС» өкілі. Ақын апам тілалғыш оқушы сияқты абыржи барып, толқи тұра қолын қойды. Апайдың солай қобалжығанын бұрын ешқашан көрмеген едім. – Азамат Бақытжан Момышұлы, енді сіз... – деп ағаны шақырды қол қоюға. Ол кісінің толқығаны сонша, құдды бір бозбала сияқты алабұрта, қолы дірілдей тұрып, тиісті журналға жігіт жолдас ретінде қол қойды. Өзіміз байқамастан бәріміз де романтикалық бір күйге түскендейміз. – Айналайын Ләззатжан, талай неке қию рәсімдеріне қатысқан сияқты ек. Бірақ мынандай ерекше үдерісті көрмеппін. Бүгін сен бізді қатты толқыттың. Өзі түс көргендей боп қалдық. Айналайын, келген қадамың құтты боп, Қалекең, Нұрлаштар бақытты болсын. Мына тапсырып отырған неке куәлігінің көрімдігі болсын, қарағым! – дей келіп, Фариза апай Ләззатқа ақша ұсынды. Бақытжан аға болса, толқығанынан тіпті өзінің терлеп кеткенін де айтып жатыр. Айтпақшы, Ләззат Сүлейменқызы кейін бір жолыққанымызда: – Фариза апайдың сол көрімдікке берген ақшасын біразға дейін сақтап жүрдім де, кейіннен жұмсап жіберген едім. Оны естіп, менің туған әпкем: «Аштан қалып бара жатқан жоқ едің ғой. Фаризадай кісінің көрімдігін рамаға салып, үйіңе іліп қоймадың ба?» – деп ренжіді, – дегені бар.ОҚЫРМАН «ҚАРА ШАЛ»
Ақын апамыз кейде бала құсап, адамдарды оқыс қылықтарымен таңғалдырғанды да жақсы көруші еді. Түстен кейін жұмысыма үйдегілер хабарласты. Түскі автобуспен ауылдан келген әке-шешем ұлдарының үйіне келесі күні бармақшы боп, әуелі атбасын біздің үйге бұрған екен. Бір-екі сағат ертерек сұранып, үйге қарай асығып барам. Шығар есікте Фариза апай кезігіп қалды: – Иә, Нұрлаш, асығыссың ғой. – Жаңа ғана ауылдан әке-шешем келген екен, – деп себебін түсіндірдім. Содан отбасы мүшелеріміз жабылып жүріп, үлкен кісілердің бабын жасап, қазанға сыбағаларын салып, демімізді алып отырғанымыз сол еді. Есік шырылдады. «Көршілердің бірі болар» деп, қаперсіз барып ашып қалса-а-ам... Фариза апай тұр жымиып. Талып қала жаздадым. Арнайы әзірлікпен ғана шақырылуы тиіс осындай үлкен кісінің, халық адамының мына келісі мені қайран қалдырды, әрине. – Күтпедің бе, Нұрлаш!? – деп мені састырған қылығына өзі риза күйде мәз боп тұр. – Ағаға сәлем бергелі келдім! – Төрлетіңіз, апай. Шынын айтсам, сұлата жаздадыңыз, – деп жатырмын мен де ес жия күліп. Әкем төрде демалып жатқан еді. Апай қасына барды да: – Аға, амансыз ба? – деп қолын ұсынып амандасты. Әкем жалма-жан жастықтан басын көтерді де: – Бұл қай бала? – деді ол кісінің жүзіне бажайлай қарап. – Бұл кісі Фариза Оңғарсынова деген ақын қарындасыңыз болады. Сізге сәлем бергелі келіпті, – дедім әкеме басқа анықтауыш сөздерді қоспастан. Сол-ақ екен әкем Фариза апайдың қолын қос қолдап ұстап тұрып: – Ә-ә-ә, айналайын Фариза, өркенің өссін! Сенің бір кітабыңды қойын қалтама сап, оқып жүруші ем. Мынандай өлеңің бар емес пе, қалқам? – деді де ауылдың қара шалы ал кеп екі шумақ өлеңді мүдірместен, оңғарсыновалық мәнермен екпіндете оқып шықсын! – Мә-ә-әһ, ал керек болса! – деді апай маған қарап. Жүзінде таңданыс пен ризалық аралас жымиыс бар. – Енді 1:1 болдық-ау деймін, апай. Жаңа сіз мені таңғалдырып тастап едіңіз. Әкем сізді «нокаутқа» жеткізіп, қарымтамды қайтарды-ау деймін, – деп мен мәз боп жатырмын. Фариза апай тұрмақ, қара шалға өзімнің де қатты қайран қалғанымды несіне жасырайын. Себебі, екінші дүние жүзілік соғыс ардагері ретінде ол кісінің майданда алған жарақаттары жанына батып, соңғы жылдары есте сақтау қабілеті күрт төмендеп кеткен болатын. Өзге түгілі, туған немерелерінің аттарын ұмытып қалушы еді. Бүгін келіп сүйікті жырын жатқа соғып отыр. Әкем Үшбай Үркімбайұлы атқа мініп жүрген кезінде өлең жазған, сөзге шешен кісі еді. Сондықтан болар, өзара жырмен жалғасқан оқырман аға мен ақын қарындас арасындағы қазақы болмысты, ерекше жылылыққа толы шығармашылық әңгімеге сол кеште басқаларымыз да ортақтасып отырдық. Апайды қайдам, әйтеуір, әкем жарықтық сол кеште, өз сөзімен айтқанда «асқар таудың басына бір шыққандай боп» ерекше серпіліп қалды. Ел ішінде өткен талай айтулы тойларда байқағанымыз: қарапайым оқырман Оңғарсынованың жыр әлемін айрықша қадірлейді. Ол кісі отырған киіз үйді іздеп тауып: «Немеремнің тұсауын кесіп беріңізші. Сіздей ел адамы болар ма екен», деп қиылған әже-аналарды талай көрдік. Ел адамы болмақ әуелі бір Алладан, әрине. Бұл қылықтары – халықтың өз сүйіктісіне деген ықыластарын білдіруге тырысқаны да! Ондайда апай оңғарсыновалық сұсынан айрылып қалып, мәз болып, әлгі рәсімдерді ыждаһатпен орындап жатады. Негізі, барлық мақтау – тек бір Жаратушыға ғана лайық. Біз бар болғаны ақын апамызға қатысты, көзімізбен көріп, көңілімізбен түйсінген жәйттердің кейбірін ғана баяндауға тырыстық. «Адам өмірі осындай сәттер арқылы ұзара түсетін болар-ау!» деген ойыма бекіне түскендеймін. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.