Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Даму үрдісіндегі тың серпін

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша елордамыздың экономикасына 519,9 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Елорданың негізгі капиталына құйылған осы инвестиция көлеміне қарап,  бас қаламыздың бүгінгі даму қарқынының қаншалықты күшейгенін болжау қиын емес.

Даму үрдісіндегі тың серпін

Астанада жүзеге асырылып жатқан жетістіктер әлемдік қауымдастық назарынан да тыс қалмады. Оған күні кеше елорданың 20 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өткен мереке барысында көзіміз анық жетті. Айтулы мерекеден кейінгі қала әкімдігінің алдында тұрған бүгінгі бас­ты міндет – шаһарды осынау жоғары қарқынды даму үрдісінен жаңылдырмай, әлемнің көшбасшы мегаполистерінің қатарына қосу. Қаланың қарқынды даму үрдісінде инвес­тиция тартуға бірінші кезекте басымдық беріліп отырғандығы да сондықтан.

Сөйтіп биылғы жылдың 7 айында бас қаламызға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 27,1 процентке өскен. Яғни 2017 жылдың қаңтар-шілде айындағы 342,4 миллиард теңгеден, 2018 жылдың қаңтар-шілде айында 461,3 миллиард теңгеге дейін артқан. Астанаға тартылған бұл мол инвестициялық игілік қала индустриясының базалық салаларының қарқынды дамуына игі ықпал етті. Мәселен, қала өнеркәсібінің өсімі 3,1 процентті (331,6 миллиард теңге) құраса, қайта өңдеу өнеркәсібі 3,5 процент өсімді көрсетті.

Инвестиция игілігінен бас қаланың орта және шағын бизнес (ШОБ) субъектілері де сырт қалмады. Биыл жеті айда елордада жұмыс істейтін ШОБ  субъектілерінің саны 10,5 процентке (107,9 мың бірлік) дейін көбейді. Тек бірінші тоқсанда ғана астаналық ШОБ субъектілері 908,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Осы мерзімде олардың елорда бюджетіне аударған салығының көлемі 214 миллиард теңге немесе сол уақытқа дейін түскен барлық бюджет түсімдерінің 46 процентін құрады. Есепті мерзім ішінде нақты экономикалық секторларда 12656  жаңа жұмыс орны ашылған болса, оның ішінде 10887 жаңа жұмыс орны (үлесі 86 процент)  елордалық шағын және орта бизнес құрылымдарына тиесілі.

Елордаға тартылған ауқымды инвестиция көлемі қаладағы құрылыс индустриясының дамуына да серпін берді. Өткен жеті айда Астанада 1 513 000 шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Тұрғын үй құрылысын салу көлемі бойынша биылғы белгіленген меже – 2 362 000 шаршы метр болатын.  Соңғы уақытта тұрғын үй құрылысының қарқыны ай сайын артып отыр. Мәселен, маусым айында қаламызда 205 мың шаршы метр үй тұрғызылса, шілде айында ол 14,8 процентке артып, 235 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген.

Бас қаланың даму динамикасын қамтамасыз ету үшін 2001 жылы «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Мұнда жеңілдетілген құқықтық режім жұмыс істейді. Инвесторлар корпоративтік табыс салығынан, мүлік салығынан, жер телімдерінің меншік иелері жер салығынан және 10 жылға дейін жерді пайдаланғаны жалға алу төлемін төлеуден босатылған. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында еркін кеден аймағы режімі қолданылады, яғни инвестор тауарларды, материалдар мен жабдықтарды импорттаған кезде кедендік баж төлеуден босатылған. Міне, осындай елеулі салық жеңілдіктері инвесторлар үшін «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына инвестиция салу тиімділігін еселеп арттырады.

Мамандардың айтуынша, Астана қаласының даму драйверіне айналып отырған инвестиция тасқыны екінші жартыжылдықта да жоғары болады. Оған үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асырылуға тиіс ірі инфрақұрылымдық инвестициялық жобалардың ықпалы мол болмақ. Бұл ірі жобалар қатарында LRT көлік құрылымының жүйесі, ағынды су кәріздерінің құрылысы, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және жаңа жолдар құрылысы және басқа ірі инвестициялық кешендерді атауға болады. Осы ретте жыл соңына дейін бас қаламызда жалпы көлемі 470,5 мил­лиард теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жос­парланып отыр.

Қаламызда соңғы кезде іс жүзіне асырылып жатқан озық технологияларға негізделген инновациялық жобалар шетел инвесторларының ерекше қызығушылығын туғызуда. Алдағы уақытта отандық және шетелдік инвесторлар бұл заманауи жобаларға қомақты қаржы салатындығына сенім зор.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»